24 там, 2021 сағат 18:48

Зейнолла Самашев: Тәуелсіздік тарихымызды түгендеуге жол ашты


Белгілі археолог Зейнолла Самашев «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстелде археология саласының жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ халқының тарихы тереңде жатыр. Өкінішке қарай, еліміз егемендік алғанға дейін өзіміздің өткенімізді зерттей алмай келдік. Ал тәуелсіздік тарихымызды түгендеуге жол ашты. 2015 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен әр түрлі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жатқан ғалымдар Шығыс Қазақстанға шақыртылған. Археологияны дамытудың 5 жылға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленіп, қазба жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде, 6 жыл ішінде әлем назарын бұрған ауқымды ғылыми жаңалықтар ашылды. Тарбағатай ауданында тоналмаған екінші Алтын адам табылды», - дейді ол. 

Зейнолла Самашевтың сөзінше, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан білікті мамандар да тартылған. Қазба жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

«Мұндағы мақсат – ғылыми жаңалық ашу ғана емес, жаңа айтқанымдай осы уақытқа дейін дұрыс жазылмаған еліміздің көне тарихын жаңғырту. Сондай-ақ биылдан бастап «Шығыс Қазақстанның орта ғасырдағы тарихының очерктері және көне ескерткіштері» атты тақырыпта ғылыми жинақ әзірлеуге кірістік. Бұл жұмысқа шетелдік ғалымдар да атсалысып жатыр. Келесі жылы жинақтың бірінші нұсқасы жарыққа шығады деп жоспарланған», - дейді археолог. 

Оның айтуынша, ежелгі сақ қорымдарынан табылған 300 алтын артефакт осы жылдың қыркүйек айында алғаш рет Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан Фицуильям музейіне қойылмақ.