Киевтің Лесники ауылы жанында Владимир Зеленскийдің бірінші көмекшісі Сергей Шефирге қастандық жасалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" korrespondent.net сайтына сілтеме жасап.
Белгісіз біреулер оның көлігіне оқ жаудырған. Салдарынан Шефирдің жүргізушісіне үш жерден оқ тиіп, жарақат алған. Қазір ол жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Кеңесшінің өзі зардап шекпеген.
"Бүгін сағат 10.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 13.00-де) Лесники ауылының маңында президенттің бірінші көмекшісі Сергей Шефирдің көлігі атылды. Көлікке 10-нан аса оқ тиді. Жүргізуші жарақат алды", - делінген Украина Ішкі істер министрлігінің Facebook-тегі хабарламасында.
Оқиға орнында полицияның жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр, қастандық жасағандарды іздеу бойынша арнайы операция жүргізілу үстінде. Сондай-ақ, ІІМ оқиға туралы кез келген ақпараты бар адамдардан полицияға хабарлауды сұрайды.
