06 қар, 2017 сағат 14:25

Хиджаб мәселесі. Оқушылар ортақ үлгідегі киім киюі керек

Қазақстан өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы бекітіп, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенетінін айқындады.

Конституция мен ұлттық заңнамалар республика азаматтарына барынша кең құқықтар берумен қатар, бір мезгілде олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап беретіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары қоғамда зайырлылық пен жалпыға ортақ тәртіпке, заңға қатысты біршама түсініспеушіліктер де орын алып отырғаны жасырын емес. Соның бірі – мектептегі, яғни оқушылар арасындағы хиджаб мәселесі.

Айта кетерлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі бұйрығы шыққан болатын. Мұнда мектеп формасына қандай да бір дінге қатыстылықты айқындайтын киім үлгілерін қосуға жол берілмейтіндігі нақты айтылған. Осыдан кейін қоғам арасында түрлі пікірлер айтыла бастады. Алайда, осы төңіректегі әңгімеге бармас бұрын, ұлттық заңнаманың нормаларына да мән бергенді жөн санаған едік. Еліміздегібілім ошақтарындағы білім беру жүйесі де зайырлы және оның діни білім беру жүйесінен бөлек екенін айта кету керек. Яғни, зайырлылық ұғымы – білім беру мекемелерінде жастар бойында белгілі бір діни көзқарасты қалыптастыруға қарсы екенін білдіреді. Зайырлылық – Ата Заңмен бекітілген мемлекет тұрпаты, сондықтан Конституция негізінде жасақталған ҚР «Білім туралы» заңы да зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. ҚР «Білім туралы» заңына сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады.

Аталған заңнама білім беру ұйымдарында діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, діни ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады. Бұдан бөлек, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 4-тармағында «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп атап көрсетілген.

Яғни, зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Осылайша мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты.

Осы тұста айта кететін жайт, егер мемлекет қандай да бір діннің мүддесіне басымдық беретін болса, мұндай жағдай басқа конфессия өкілдері тарапынан да сынға ұшырап, қоғамда одан бетер әділетсіздік орнаған болар еді. Ал Білім және ғылым министрлігінің бекіткен талаптарына келсек, онда мектеп формасына қатысты ережелер тек қана «хиджаб киюді» емес, өзге де діндердің элементтерін пайдалануды шектейді. Себебі кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.

Сондықтан да барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы Қазақстандағы ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі болып табылады. Дінаралық қақтығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі, оған заң талаптарын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс.

Түйіндей айтқанда, мектепте әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасылар мен әртүрлі көзқарастағы ортадан шыққан оқушылар ортақ үлгідегі киім киюі керек. Қазақстан Республикасында азаматтардың діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Барлық дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтары да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені абзал.

Тышхан Кеншилик, 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық  университетінің

Дінтану кафедрасының оқытушысы,  доцент

Ұлт порталы