Бір аумақта тұрып ортақ мәдениетке ие әрі өздерін біртұтас бірлестік санайтын адамдар толыққанды қоғамды құрайды. Қоғамның рухани, әлеуметтік, өркениетті дамуына серпін беретінбіл – білім екендігі мәлім.
Адамзат тарихында білім беру жүйесінің түрлері көп болған. Ал қазіргі білім алу үрдісінде қолданылатын оқу-жазу машықтары ежелден көбіне діни институттардың қалыптасуымен дамып келгендігі белгілі. Дегенмен, бүгінде Ата Заңын зайырлы қағидаттарға негіздеп құрылған демократиялық тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі зайырлы және діни сипатта екі бөлек жүйеде қарастырылады. Осы ретте білім беру жүйесін дамыту стратегиясының басты мақсаты − ұлттық білім моделін жасау. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруға тиіспіз» − деп, қоғам мен діннің өзара ықпалдастығының тиімді моделін табу қажеттігіне назар аудара отырып, еліміздің тарихи таңдауы зайырлы білім мен зайырлы мемлекет болып саналатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. Осындағы «зайырлы» ұғымы діннің мемлекеттік саясаттан бөлінгендігін білдіреді. Сондай-ақ, «зайырлы» ұғымы мемлекет ұстанымының дінге деген демократиялық сипатын танытады. Аталмыш заңның зайырлылық туралы нормасы елдегі діни қатынастарды реттеудің конституциялық негізін құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласындағы «Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын құрметтеп, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде сүнниттік ханафи мәзһабі мен православтық христиан дінінің тарихи рөлін мойындайтындығы» деген сөздер Қазақстанның преференциялық (бір немесе бірнеше дінге мемлекет тұрғысынан қолдау көрсететін) сипаттағы зайырлы мемлекет екендігін дәйектейді.
Өкінішке орай, бүгінде кең жайылған діни сауатсыздық проблемасы қоғамдағы радикалды идеялар мен шетін көзқарастардың таралуына жол беретін басты себепке айналып отыр. Азаматтардың санасында радикалды идеяларға қарсы иммунитет қалыптастырып, оларға мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын дұрыс жеткізе білу әрі халықтың дәстүрлі құндылықтарына қызығушылығын арттыру үшін діни және дінтанулық білімнің барлық деңгейлерін жете дамыту заман талабына айналған аса маңызды мәселелердің бірі саналады. Ал зайырлы қоғам дамуының басты талабы – зайырлы білімнің дамуына көңіл бөлу.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылдың 22 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарында 2009-2010 оқу жылынан басталуы туралы» №353 бұйрығына сәйкес «Дінтану негіздері» пәні мектеп бағдарламасына енгізілді. Аталмыш оқулық зайырлы сипаттағы орта мектепте дін және діни-рухани мұралар жайында мағлұматтарды қамтыған дінтанулық оқу құралы болып табылады. Бұл орайда, әсіресе жастар діни білімді өз еркімен ата-анасының келісіміне сәйкес арнайы діни оқу орындарынан немесе діни бірлестіктер жанындағы сауат ашу курстарынан ала алады.
Дін – ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі болғандықтан, ел азаматтарының дін туралы түсінігінің дұрыс қалыптасуы үшін орта мектептен басталуы тиіс. Сондықтан, дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы мен қоғам өміріндегі орны туралы дінтанулық ақпараттар орта мектептен бастап, жоғары оқу орындарында қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді.
2004 жылдан бастап Қазақстандағы орта мектептердің 10-сыныбында «Дінтану негіздері» пәні таңдамалы арнайы курс ретінде оқытыла бастағаны белгілі. 2009 жылдан бастап аталмыш пән 9-сыныпта оқытылатын факультатив пән ретінде бекітілді. Пән аясында оқушыларға діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары туралы мол мәлімет берілді. Сонымен қатар, бұл оқулықта ислам дінінің қазақ жерінде таралуы, ислам мәдениетінің туындылары, Қазақстан мұсылмандарының діни танымындағы ханафи мәзһабының орны секілді өзекті дінтанулық мәселелер де ғылыми негізде оқытылды.
ҚР Білім және ғылым Министрінің 2009 жылғы 14 қыркүйектегі №430 бұйрығымен бекітілген «Дінтану негіздері» курсының бағдарламасы мен 2010 жылы жарық көрген оқулықта зайырлылық мәселелері, теріс діни ағымдардың зияны, халықаралық террористік және экстремистік ұйымдардың жағымсыз қызметі туралы мәліметтердің толықтырылу қажеттігі байқалды.
Осыған орай, аталмыш пәннің оқу бағдарламасы мен оқулығы толығымен қайта әзірленіп, оқулықтың мазмұнына бүгінде өзектілігі күн тәртібінде тұрған мағлұматтармен толықтырылды. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап 9-сынып оқушыларына ол «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні атауымен оқытыла басталды.
«Зайырлы мемлекет» ұғымының мектеп қабырғасынан бастап балалар мен жасөспірімдер санасына орнығуын қамтамасыз ету заман талабы. Зайырлылықтың дінсіздік еместігін, зайырлы мемлекеттің жоғары рухани құндылықтарды негізге алатындығын, дәстүрлі діндердің де рухани-өнегелі құндылықтарға негізделгендігін ұғыну жастардың қоғам өмірінен оқшаулануы мен оларды дін туралы тар түсініктен сақтап қана қоймай, діннің формасына емес, мазмұнына баса мән беруіне өз септігін тигізері анық. Білім беру жүйесінің зайырлы сипатына сәйкес дінтанулық білім − азаматтық, отаншылдық, адамгершілік пен демократия принциптерін ұстануға, діни мәдениет пен мәңгілік құндылықтарды құрметтеуге баулып, өмірлік жағдайлар мен әр түрлі ағымдағы діни мәліметтерге, конфессияларға байланысты шынайы ақпаратты қабылдауға негіз болатын міндетті пән ретінде үлкен маңызға ие.
«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ
Исламды зерттеу бөлімінің
ғылыми қызметкері
Жуманов Д.Д.
Ұлт порталы