Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел өміріндегі айтулы оқиға – Тәуелсіздік күнін мерекелеудің аса маңызды кезеңге сәйкес келіп отырғандығына баса тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, мерейтойлық дата ел өміріндегі кезекті меже емес, ал бұл қорытынды жасау, қарапайым ақиқатты еске алу және мемлекетіміздің одан әрі даму жолын көрсету мүмкіндігі, дейді ҚР ҰҒА академигі, ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова.
«Шынында да, өткенге көз жүгіртсек, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикалық өсу, саяси тұрақтылық пен әлеуметтік әл-ауқат жолында үлкен күш-жігер көрсетті деп сеніммен айтуға болады. Өзінің модернизациялау жолын өткен ғасырдың соңында, тұрлаусыздық пен турбуленттілік кезеңінде бастаған Қазақстан Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттің қазіргі әлеуметтік саясатының негізі болып табылатын экономикалық өсудің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізе алды».
Сондай-ақ ғалымның пікірінше, халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі дәйекті саясатты жалғастыра отырып, Қ.К. Тоқаев өз сөзінде болашақ Тәуелсіз Қазақстанның архитектурасын құрайтын елді одан әрі дамытудың бірнеше басым бағыттарын атап өтті.
Бірінші кезекте, Қазақстан халықты әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі ұзақ мерзімді басымдықтарда қалыптастырылған әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын жетілдіру жолымен жүретінін атап өту қажет. Бұған зейнетақымен қамсыздандырудың, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтудің, жұмыс орындарын құрудың және т.б. жаңа тәсілдерін жатқызуға болады.
Сонымен қатар, Қазақстанның одан әрі дамуының негізі – адами капитал болады, оған Қ.К. Тоқаев «Тәуелсіздік құрдастары» Ұлттық жобасын әзірлеуді және жалпы жастар саясатын іске асыру тәсілдерін қайта қарауды жария ете отырып, ерекше назар аударды. Жастар Қазақстанның бүгіні мен болашағының шешуші факторы болып табылады, оның ашықтығы мен бейімделуі өзгерістер мен жаңа жаһандық трендтерге дайын болуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, экологиялық қағидаты қазіргі заманғы қоғамның маңызды постулатына айналады, ол мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ғана емес, әрбір қазақстандықтың күнделікті өміріне енуі тиіс. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа траекториясы – бұл өзіне, қоршаған ортаға және туған жердің бастапқы табиғатына ұқыпты қарау. Дәл осы экологиялық құндылықтар болашақ Қазақстанның отансүйгіштігінің негізіне айналады.
«Әрине, тарихсыз бірде-бір мемлекеттің, қоғамның болашағы жоқ. Тәуелсіздік жылдарында халқымыз еліміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен өркендеуінің іргетасы ретінде бірлік пен келісімді сақтап, нығайтты. Тәуелсіз Қазақстанға апаратын жолдың өзі халқымыздың көпғасырлық тарихымен ұштасқан, ол жаңа уақыт тұрғысынан қайта ойластыру мен қайта бағалауды талап етеді. Тиісінше, Қазақстан тарихы жөніндегі жаңа академиялық басылым біздің еліміз тап болып отырған өзекті мәселелер мен сын-тегеуріндерге сапалы зияткерлік жауап беруге шақырады.
Тәуелсіздік – бұл жаңа жаһандық нақты ахуалда прогрессивті даму жолымен жүруді өз бетінше таңдау мүмкіндігін қамтитын біздің басты құндылығымыз», деп түйіндейді ҚСЗИ директоры.