Құрамына Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» партиясының, «Атамекен» ҰКП және бұқаралық ақпарат құралдарының мүшелері кіретін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда сыбайлас жемқорлық пен қызметтік әдеп нормаларының талаптарын бұзған бірқатар ведомство қызметкерлерінің мәселелері қаралды.
Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың алдын алу жөнiнде шараларды әзiрлеу комиссияның негізгі функцияларының бірі болып табылады. Сондықтан да ашық есік жағдайында өткен уәкілетті органның кезекті отырысында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің, Әділет министрлігінің және Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің тендерлік комиссия мүшелеріне қатысты 3 тәртіптік іс қаралды.
Күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылау нәтижесінде комиссия Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Л.Құсайынованы лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану шешімін қабылдады. Десек те, агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың төрағалығымен өткен отырыста мұндай шешімді құптамаған комиссия мүшелері де болды. Себебі, өз ісінің білгірі әрі осы салаға қатысты кейбір заңдардың жазылу процесіне белсенді қатысқан Ләззат Құсайынованың бар кінәсі – кезекті еңбек демалысын пайдаланып Иранда өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатысып қайтуы болыпты.
Міне, бұл сапар енді өзіне бәле боп жабысқан сыңайлы. Өйткені, қолданыстағы заңдарымыз Ғылым комитеті төрағасының орынбасарына министрліктің жауапты хатшысы М.Рахымжановтың рұқсатынсыз шетелге сапарға шығуына тыйым салады екен. Алайда, сәуір айында бар шығынын өз мойындарына алатындығын хабарлап, Ираннан жеткен шақыртуды Л.Құсайынова басшылығына көрсеткенде, жауапты хатшы тарапынан бұл әрекет мақұлданбайды. Ал алқалы жиыннан шет қалғысы келмеген Л.Құсайынова кезекті еңбек демалысын алады да, Тегеранға тартып отырады.
Отырыста осы мәселеге орай үн қатқан Білім және ғылым министрлігі Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов төраға орынбасарының бұл әрекеті заңға қайшы екендігін айтты. «Бұл кісінің мемлекеттік құпия құжаттарға рұқсаты болмаса да, сондай деңгейдегі адамдармен байланысуға мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан да Құсайынова басшылықтың келісімінсіз шетелге шықпауы тиіс еді», – деді ол.
Комиссия мүшелерінің бірі кәмелетке толмаған екі баласының барын және 20 жылдық еңбек өтілінде бір рет те ескерту не сөгіс алмағанын ескеріп, Л.Құсайынованы бірден қызметтен қумай, лауазымын төмендету жолдарын қарастыруды ұсынған еді. Алайда, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы, 1-тармағы, 18-тармақшасына сәйкес, мұндай жағдайда түсіністік таныту арқылы түйінді тарқату заңға томпақ келетін болып шықты. Сондықтан да, Әдеп комиссиясы мүшелері дауысқа салу арқылы заң аясындағы тиісті жаза – қызметтен шеттету туралы шешім шығармасқа шарасы қалмады.
Одан өзге екі жағдайда қызметкерлердің кейбірі өздерінен кеткен қателіктерін бірден мойындап, қандай шара мен жаза тағайындалса да қарсы уәж айта алмайтындарын білдірді. Әсіресе, Әділет министрлігі Сот актілерін орындау департаментінің біліктілік комиссия мүшелеріне қатысты сұраққа алынғандар арасында білдей жеті қызметкердің кемшілігі үшін жалғыз өзін жазалауды өтінген азаматтар да болды.
Ал Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитетіндегі тендерлік комиссия мүшелеріне қатысты мәселеде Әдеп комиссиясының мүшелері кейбір қызметкерлерді тиесілі лауазымдарынан төмендету туралы шешім қабылдады. Ендігі жерде оларға қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылатын болды.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң бұзушылықтардың алдын алу мен мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыру жуырда ғана қайта құрылымдаудан өткен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Сондықтан да осы тақылеттес отырыстарды ашық есік жағдайында жиі ұйымдастыру дағдыға айналып келеді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»