Жуалы ауданы аграрлық өңір болғандықтан ауыл шаруашылығы өндірісіне басымдық берудеміз. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 өндірістік кооператив, 9 ауылдық тұтынушылар кооперативі, 2151 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Диқандар биылғы жылдың өнімі үшін барлығы 12 030 гектар күздік, 21 168 гектар жаздық арпа, 272 гектар жаздық бидай, 240 гектар дәндік жүгері сеуіп, одан түскен өнімді дер кезінде жинап алды. Орташа өнімділік ақ егістен орташа есеппен гектарынан 17,5 центнер құрады. Одан басқа 22 037 гектар майлы дақылдан, 639 гектардан көкөніс, 1 846 гектардан көпжылдық шөп, 10 гектардан қант қызылшасы жинап алынды.
Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындылары бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1 337,1 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 112,8 млн теңге салық төленді. Жалпы, ауданда бюджет бойынша болжам сома барлық түрінен асыра орындалды. Аудан аумағында бүгінде 3 738 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде, оның ішінде 2 орта, 122 шағын кәсіпорын, 1 463 жеке кәсіпкер бар. Бұл шаруашылық субъектілерінде барлығы 8 530 адам еңбек етеді.
Ауыл шаруашылығы техникалары жыл өткен сайын жаңара түсіп отыр. Оның басым бөлігі лизинг арқылы алынуда. Мәселен, соңғы бес жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 51 дана МТЗ-82 тракторы, 14 комбайн және 15 трактор тіркемесі алынды. Міне, осылайша жылда техникаларды жаңартып отырсақ, бірнеше жылда ауыл шаруашылығы техникаларының жаңарып шыға келетіні сөзсіз.
Шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануға барынша тырысуда. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде ауданда 197,1 мың қой-ешкі, 41,2 мың ірі қара, 8,7 мың жылқы, 113,3 мың құс бар. 2010-2014 жылдар аралығында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 51 шаруашылық 483,9 млн теңге несие алып, 2 787 бас ірі қара мал сатып алса, өткен жылы ғана 18 шаруа қожалығы осы бағдарлама аясында 171,3 млн теңге несие алып, 1008 сиыр, 52 бұқа сатып алды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 7 шаруашылық 45,7 млн. теңге несие алып, 1 849 саулық, 80 қошқар сатып алды. «Құлан» бағдарламасымен 12 шаруашылық 123,3 млн теңге несие алып, 438 бие, 54 айғыр сатып алды. Биыл жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудан шаруашылықтары 40,1 млн теңгеге 243 ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 6,0 млн теңгеге 248 жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 34,6 млн теңгеге 1 348 қой сатып алды.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шарасының бірі – «Ырыс» бағдарламасын да аудан шаруашылықтары белсене пайдалануда. Осы бағдарлама бойынша «Ахмет» шаруа қожалығы биыл 56 асыл тұқымды сиыр сатып алды. Бағдарлама негізінен сүт өнімдерін өндіру және өңдеу бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға бағытталған. Соның арқасында кейінгі кезде ауданда сүт өңдеумен шұғылданатын шағын кәсіпорындар қатары көбейіп келеді. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «СМТС» ЖШС және «Зағира Мешелова» жеке кәсіпорны жергілікті тұрғындардан сүт қабылдап, одан алуан өнімдер шығаруда.
«Гамбург» ЖШС сүттен кілегей өндіруді дұрыс жолға қойды. «СМТС» ЖШС сүт өнімдерімен қатар, алкогольсіз сусындардың алуан түрлерін және шұжық шығарады. Кезінде дәмі тіл үйіретін сары майымен, кезінде кілегейімен бүкіл Одаққа танылған Бурный ірімшік зауыты біраз жыл өндірісті қайта жабдықтауға жабылып қалған еді, енді міне, инвестиция тартудың арқасында өндіріс қарқынын арттыра бастады. Өткен жылы 4-5 тоннамен шектелген кәсіпорын бүгінде өндіріс қуатын 10 есеге дейін арттырып, тұрғындардан күнделікті 40-50 тоннаға дейін сүт қабылдап, өңдеуде. «Гамбург» ЖШС инфрақұрылым жобасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие алып, 800 ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасын салып, сүт өңдейтін цех ашуды жоспарлап отыр.
Су үнемдеу технологиясы бойынша Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС мен «Зылиха» ШҚ егістік және картоп алқаптарын суару үшін заманауи үлгідегі жаңбырлатып суару қондырғысын пайдалануда. Жуалының бір кезде даңқын аспандатқан картоп дақылын өсіру бірнеше жылдан бері қайта қолға алынуда. Соның нәтижесінде картоп алқаптары жылдан-жылға артып келеді. Былтыр ол 2 100-ден астам гектарға жетсе, ал биыл егілгені – 2 150 гектар. Одан алынған орташа өнім гектарынан 226 центнер құрады.
Бізде картоп өсіруге қажетті техника жеткілікті. Сапалы тұқыммен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылған. «Зылиха» шаруа қожалығы жыл сайын Қарағанды облысынан элиталы картоп тұқымын әкеліп, әр гектардан жоғары өнім жинауға күш салып келеді. Ауданның күнгей бөлігіндегі диқандардың жазғы суару маусымында бас ауруына айналған ағын су проблемасы шешімін тапты. Осы алқаптарды суландыратын Көксай арнасы бүгінде толық қуатымен жұмыс істеп тұр.
Елбасының өзінің қолдауымен салынған, құны 5,2 млрд теңгелік ғаламат жобаның игілігін бүгінде үш ауылдық округтегі шаруа қожалықтары мен тұрғындар көруде. Жаздың күні ауданымызда облыстық «Егінжай күні» шарасы жоғары дәрежеде өткізілді. Ауыл шаруашылығы техникасы көрмесіне облыстағы Шу қаласында құрастырылған төрт комбайн қойылып, оның үшеуін ауданымыздың шаруалары сатып алды.
Қорыта айтқанда, аудан шаруашылықтарының бүгінгі беталысы жаман емес. Бірі егіншілікке бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдап отыр. Мұның бәрі Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткен табыстар.
Ауданда аграрлық саланы әртараптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу жөнінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта тың ізденістер де жетерлік. Бізде өз ісін ашқысы келетін іскер азаматтар да аз емес. Көпшілігін қаржы тапшылығы қинайды. Екінші деңгейдегі банктер кепілсіз несие бермейді. Сондықтан да қаражатқа қол жеткізе алмай таулары шағылады. Дегенмен, аудан әкімдігі тарапынан олардың бизнес-жоспар жасауына және жер алуына қолдау көрсетілуде. Аудан орталығындағы ірі кәсіпорынның бірі – «Арна Астық» ЖШС біраз уақыттан бері жұмыс істемей тұр еді. Оны «Агро азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС басқаруға алды. Серіктестік үш қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, былтырдан бері жаңа астықты қабылдауда. Тағы бір қойманы күрделі жөндеуден өткізіп, мақта, мақсары және күнбағыс майларын шығаратын цехты іске қосты және жем тартатын цех пайдалануға берілді.
Құрылыс саласы да жыл санап дамып келеді. 2005 жылдан бері ауданда 13 жаңа үлгідегі мектеп салынып, пайдалануға берілді. 23 балабақша мен 1 шағын орталық ыңғайластырылған ғимараттарда ашылып, бүлдіршіндер балабақшаларға баруда. Ертай ауылындағы 120 оқушыға арналған орта мектеп ғимараты өткен жылы пайдалануға берілсе, Қошқарата ауылындағы 180 орындық орта мектептің құрылысы биыл аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында ашылды. Жалпы, ауданда білім беру сапасы да жылдан-жылға көтеріліп келеді. Мектеп бітірушілердің ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда өткен жылы облыста 4 орын алса, биыл Тараз қаласынан кейінгі екінші орыннан көрінді.
Ауыл-аймақтарда денсаулық сақтау объектілері көптеп тұрғызылып, іске қосылуда. Тек соңғы бірер жылдың ішінде үш ауылда медпункт салынып, пайдалануға берілді. Ал аудандық орталық аурухана қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Ол республикадағы ең үздік 50 аурухана қатарына еніп отыр. Ауданның мәдениет саласында бүгінде бір аудандық орталық, бір ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапхана және бір аудандық, 8 ауылдық мәдениет үйі, 12 ауылдық клуб, бір жылжымалы «Зерде» автоклубы, сондай-ақ «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары және «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Нұрлыкент, Қызыларық, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына ауыз су құбыры тартылып, тұрғындар сапалы ауыз суға қолдары жетіп отыр. Ауданға табиғи газ құбырларын тарту жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында қолға алынған. Соның арқасында аудан орталығы мен іргелес бірнеше ауыл газдандырылды. Нарықтық қатынастарға көшкен тұста тоқтап қалған бұл жұмыс соңғы жеті-сегіз жылда қайта жанданып, ауданның оннан астам елді мекеніне газ кіргізілді. Әлі тағы да 19 ауылға газ кіргізу межеленіп отыр. Бүгінде аталған елді мекендерге газ тарту жұмыстарының жобалау-сметалық жоспары әзірлену үстінде.
Әрине, бұл мақсатты жұмыстар түптеп келгенде, ауыл халқының тұрмысы мен әл-ауқатын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық деп ұққан жөн. Соңғы кездері ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары да артып келеді. Жеке сектордың есебінен үстіміздегі жыл басынан бері жалпы ауданы 6 656,0 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылыстарымен бірге қабылданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,4 пайызға артық.
Ауыл-аймақты көріктендіру де тұрақты назарымызда. Көктемде ауыл-аймақты тазалау, тал-дарақ егу, аллеялар мен гүлзарлар дайындау, жол бойындағы ағаштарды, кіші сәулет нысандарын әктеу, сырлау жұмыстарына басымдық берілсе, одан әрі жұмыс тікелей көріктендіру, көркейту бағытында жүрді. Батырбек датқа ескерткіші мен кесенесінің айналасы, Жастар аллеясы, «Жасай бер, Қазақстан» саябағы қоршалып, асфальт төселіп, тал-дарақтар мен сәндік ағаштар егіліп, көркейе түсті. Көшелерге орнатылған түрлі жарық түсіру аспаптары түнгі ауылдың ажарына ажар қосып тұр.
Аудан орталығындағы тротуар, көпірлер ретке келтіріліп, сырланып, гүлдестелермен безендірілді. Көшелерге сән бергіш жарықтар орнатылды. Аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің жанынан «Жұлдызы биік Жуалы» атты аллея жабдықталып, онда жуалылық Еңбек Ерлерінің, Халық Қаһармандарының портреттері қойылды. Аллеяның бір бетіне ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына, екінші жақ бетіне ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш-монумент орнатылды. Сол жолдың бойында биіктеген өзіміздің «Бәйтерек» монументіміз төңірекке әр беріп тұр. Осылайша бұл аумақ әрі тағылымды, әрі көрікті саябаққа айналды. Орталық алаңдағы сахна және рәміздер стелласын қайта жаңғыртуды көздеп отырмыз, орталық аурухана маңайына автотұрақ жасалды. Осындай жұмыстар ауылдық округтерде де жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сай оннан астам ауылдың орталық көшелері жарықтандырылды, бірнеше ойын алаңы салынып, аллеялар қайта жөндеуден өткізілді.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында Нұрлыкент ауылында «Бурное солар» компаниясымен Орталық Азияда теңдесі жоқ қуаттылығы 50 мегаватты құрайтын құны 23,5 млрд теңге күн электр стансасы салынып, іске қосылды. Ендігі кезекте қуаты дәл осындай тағы бір стансаны сол арадан салып, іске қосу қарастырылып отыр.
Аудан басшылығының алдағы уақытта аудан экономикасын дамыту бағытында қолға алатын батыл жобалары бар. Атап айтқанда, Иран инвесторларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде аудан аумағынан 400 гектар жерге қызыл балық (форель) өсіру және дәрілік өсімдіктерден дәрі-дәрмек өндіру жобалары пысықталуда. Өзіміздің кәсіпкерлеріміз Көксайдың аңғарынан шағын су электр стансасын салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, ауданның аграрлық бағытын негізге ала отырып, келешекте өңірде сүт кластерін құру жоспарда бар. Осы мақсатта 15 шаруа қожалығы біріктіріліп «Жуалы Алатау» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Сондай-ақ, Билікөлден 20 гектар аумаққа балық питомнигін ашу, 200 мың АҚШ долларына 50 гектар алма бағын интенсивті жолмен өсіру секілді жобалар қарастырылуда.
Аудан аумағынан көктеп өтіп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндігін пайдалануды көздеп, аудандағы мекеме, сала басшыларымен ойласа келе, күрежолдың аудан орталығына кіреберіс тұсынан демалыс орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Жуалы ауданының құрметті азаматтарының есімі жазылған аллея бітуге таяу. Сондай-ақ, аудан аумағында орналасқан әскери бөлім қызметкерлеріне арнап салынып жатқан 120 пәтерлік бес үйдің құрылысы да аяқталып келеді. Ауданда барлық салада өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Жуалының аты сондай азаматтармен айбынды әрі асқақ.
Биыл біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеміз. Ел өміріндегі осынау мерейлі оқиға қарсаңында ежелден ынтымағы мен бірлігі жарасқан Жуалы жұрты жұмыла еңбек етіп, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосатыны анық.
Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,
Жуалы ауданының әкімі
Жамбыл облысы
Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН