04 қыр, 2016 сағат 17:10

Ядролық қарудан азат әлемге бетбұрыс. Қазақстандық үлгі

Бірер күн бұрын халықаралық мәнісі аса маңызды және ғаламдық өркениеттің дамуына тигізер әсері айтарлықтай ерекше бір оқиға болды. Қазақтың бас қаласы Астанада Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтіп, дүйім жұртшылықты дүр сілкіндірді.

Әлемнің 52 елінен 200-ге жуық адам қатысқан осынау ауқымды жиын бүкіл адамзат атаулыны алаңдатып отырған ядролық қару-жарақтарды таратпау мәселесін, оларды түбегейлі жоюдың қазақстандық үлгісін жан-жақты талқылады, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру мақсатында Елбасының бастамасымен алдағы қараша айында Астанада бейбітшілік саммитін өткізу жөнінде шешім қабылдады, сөйтіп, ядролық қарусыз әлем құруға нақты қадам жасады. Осыдан 70 жылдан сәл астам бұрын өткен Ялта конференциясынан кейінгі көпшіліктің ортақ мүддесі тұрғысынан қабылданған осынау шешім сайып келгенде бүгінгі және келер ұрпақтың жарқын болашаққа деген сенімін нығайта түсері анық.

Ал мәртебелі жиынның Қазақстанда өтуі кездейсоқ емес. Конференцияда терең мазмұнды баяндама жасаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырдан бері тұтас жер бетін бейбітшілікке бөлеу үшін барынша күш-жігер салғанымызды мәлімдеді. Осы ретте, мемлекетіміздің басшысы тәулік бойы тынбастан еңбек етіп, елінің тағдыры үшін мойнына тарихи жауапкершілікті жүктегенін, тіптен кез келген ықтимал қауіп-қатерді халқынан бұрын алдымен өзіне қабылдауға әбден белін бекем буып, басын бәске тіккенін екінің бірі біле бермейді.

Мәселен, Мәскеудің ызғары қайта қоймаған сонау жылдары Н.Назарбаев Кремльдегі саяси бюроның шешіміне мойын ұсынбай, Семей ядролық сынақ полигонын біржола жауып, орасан зор ерлікке пара-пар қадам жасады. Сәл кейін ядролық қарудан мүлдем бас тартты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Сол кезде қазақтың даласында дүниежүзіндегі ядролық қару-жарақтың бестен бірі орналасып, оның қуаты жер бетінің кез келген нүктесіне еркін жететіндей халде еді әрі тауын үгітіп, әрбір тасын құмға айналдыратындай жойқын күшке ие болатын. Сондықтан «Ядролық қаруды уыстан шығармау керек», «Бүгіндері тек мықтылармен ғана есептеседі», «Келісім-шарт жасасып, ядролық қаруды өзімізде қалдырайық», «Ядролық қаруды алпауыт мемлекеттің біріне берейік» деген тәрізді іштегі мен сырттағы небір ақылшылармен қатар, Батыстың, әсіресе, АҚШ басшылығы тарапынан Қазақстанға ядролық қаруды жою­ды талап еткен ұсыныстар жеткілікті еді. Алайда, Назарбаев өзіне ғана тән ерекше саяси көрегендікпен еліне, жеріне шапағаты молынан тиетін сындарлы да салмақты шешім қабылдады және оны өзгелерге мойындатты.

Семей ядролық полигонында болып, сынақ аймағындағы күйіп кеткен даланы, болған қасіреттің құжаттарын өз көзімен көріп қайтқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның «Қазақстан ядролық қарусыздануда ерекше артықшылығын аңғартуда. 1991 жылы Президент Н.Ә. Назарбаевтың Семейдегі ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуы үлкен ерлік. Бұл қадам көрегенділік, нағыз тәуелсіздікті жариялау. Мен барлық мемлекеттердің басшыларын, оның ішінде ядролық державалардың басшыларын, Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын! Рухтану үшін де олар Қазақстанның үлгісін байқау керек», – деп ағынан жарылуы тегін емес. Пан Ги Мун, тіпті Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіл­әлемдік ядролық атом қаруына қарсы күрестегі қозғалыстың басшысы болуға шақырды.

Өз кезегінде Елбасы әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында тұрақты түрде небір тың бастамаларды көтеріп келеді. Атап айт­қанда, біздің Президенттің ұсыны­сымен бүгінде жер жүзі 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қи­мылдың халықаралық күні ретінде атап өтеді. 2015 жылдың 7 жел­тоқсанында БҰҰ Бас Ассамблея­сы Қазақстанның бастамасы бойынша Яд­ролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдаса, БҰҰ Бас Ассам­блеясының 70-сессиясында Елбасы «Жа­һан­дық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспа­рын» жасау бастамасын ілгеріле­туді ұсынды. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді.

Елбасы конференцияда сөйлеген сө­зінде де әлемді жаһандық ядролық соғыс қате­рінен арылтудың парасатты баламасы жоқтығын ескерте отырып, бұл тұрғыда бүкіләлемдік қоғамдық іс-қимылының үйлесімді алгоритмдері аса қажет екендігін атап көрсетті. Нақтырақ айтқанда, ХХІ ғасырда ядролық қарудың бар болу фактісі белгілі бір жағдайларда лаңкестердің қолына түсу ықтималдығын сан есе арттыратындығын, ал бұл әлемнің барлық елдерінің таратпау үдерісіне жаппай қатысуға салмақты аргумент болып табылатынына назар аударылды. Сондықтан бұл мәселенің оң шешімі ретінде Н.Назарбаев барлық ядролық державалар Ядролық қару-жарақты қысқарту туралы шарт қалыптастыру бойынша келіссөздерге тез кірісу керек деп есептейді. Сонымен қатар, «Ядролық қарусыз әлем – олардың ядролық технологияларға ие немесе ие емес екендігіне қарамастан, барлық елдер мен халықтардың күш-жігерін біріктірген жағдайда ғана шындыққа айнала алады», – деген Нұрсұлтан Әбішұлының ұтымды ойымен де келіспеске болмайды. Яғни, үлкен және кіші мемлекеттердің тең жағдайдағы өзара іс-қимылы арқасында ғана көптеген аймақтардағы маңызды мәселелердің оң шешімін табары анық.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт ядролық бағдарламаларды дамытуға қатысты айтқан ұсыныстарының да конференцияға қатысушылар тарапынан түсіністікпен қабылданғанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Жаһандық бейбітшілік және қауіпсіздік сыйлығын тағайындау туралы және оны алдағы қараша айына жоспарланып отырған Астана бейбітшілік саммиті кезінде алғашқы лауреатқа тапсыру жөніндегі ұсынысы да толық мақұлданды. Сонымен бірге, конференцияда жаһандық саясатта өзіндік орны бар тұлғалар Қазақстанның бейбітшілікке қатысты ұстанымдарын, Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы ерен еңбегін өте жоғары бағалайтынын әрі үлгі тұтатынын жеткізді. Президентіміздің ядролық қаруды жою, таратпау ісіндегі өміршең бастамалары әлемдік қоғамдастықтан осылай қолдау тауып келе жатқаны әрбір қазақстандықтың мақтаныш сезімін оятады деп ойлаймын.

Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі адамзат тарихында өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан және сонысымен Ұлы Даланы бұл қауіптен құтқарған ең алғашқы мемлекет басшысы ретінде алтын әріппен жазылып, мәңгілікке сақталып қалары хақ.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы

"Егемен Қазақстан"