18 қыр, 2017 сағат 13:11

Владимир Божко: Ауылдан қалаға ағылған жастардың санын азайту керек

Астанадағы "Абу-Даби Плаза" кешенінде болған төбелес шешілді, бірақ әлеуметтік желілерде Астанаға ауылдардан келген жастардың арандатушылық мәндегі сөздері таралып жатыр. Мұндай пікірді Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Виртуалдық әлемде өшпенділік пен ашу, экстремизм мен радикализм, өтірік басым болып тұр. "Абу-Даби Плаза" құрылысында болған төбелесті айтатын болсақ, ІІМ, ҰҚК және Астана әкімдігіндегілердің арқасында бұл мәселе дер кезінде шешілді", - деді Владимир Божко Парламенттің төменгі палатасының үкіметтік сағаты барысында.

"Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ойдан шығарылған және шындыққа жанаспайтын арандатушылық мәндегі мәліметтер таралып жатыр. Ондай пікірлердің басым бөлігі ауылдардан келген жастардан, өздеріне лайықты ақша беретін жұмыс табуға қиналып жүрген жастардан келіп жатыр", - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадағы "Артем" базарында да бір әйел бастаған жанжал төбелеске дейін барған. "Бұл жағдай да осындай төбелестердің себептерін анықтап, оларды жою қажеттігін көрсетті. Ауылдардан қалаға ағылып жатқан жастардың санын азайту керек", - деді Владимир Божко. 

Еске салайық, 2 қыркүйекте құрылысы жүріп жатқан "Әбу-Даби Плаза" кешенінде 20.35-те Үндістан азаматтары мен жергілікті жұмысшылар мен күзетшілердің арасында кішігірім келіспеушілік болған. ҚР Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаевтың хабарына қарағанда, қақтығыс күзетшінің Үндістан азаматын мас күйде нысаннан шығаруға қарсы болғандығынан шыққан. Кейін ол отандастарын шақырып, күзетшіні ұрып-соққан, жергілікті жұмысшылар оған жақтасқан, салдарынан төбелес болған, оған шамамен 30 адам қатысқан.