- ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын қабылданған ережеге сәйкес, намазxаналар мемлекеттік органдардан үш жүз метр шалғай жерде орналасуы тиіс. Алайда болашақта аталған ережеге өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл ереже 2013 жылы қабылданған болатын. Ол кезде Дін істері агенттігі болған. Сол ережеге сәйкес, құқық қорғау, әскери және тағы басқа мемлекеттік органдардың 300 метрлік радиусында сондай діни орындар (намазxаналар -авт.) орналаспауы керек. Енді, уақыт өзгеріп жатыр ғой. Мысалы, кейбір жерлерде ол орналасқаннан кейін онда басқа бір мекемелер ашылып жатыр. Мысалы, осыған байланысты Астана қалалық дін істері басқармасы тексеріс жүргізіп, сол нормалардың орындалуын қадағалап отырады», - деді Б.Арын ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, бүгінде министрлік өкілдері әлеуметтік желілерде xалықтың намазxаналардың жабылуына қатысты алаңдаушылығын көріп, біліп отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта ережеге өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін.
«Біз осы мәселеге қатысты барлық ұсыныстарды қарап жатырмыз. Болашақта ережелерге өзгерістер енгізілген кезде сол ұсыныстардың барлығын қараймыз. Дәл қазір тек сол ережеге сәйкес келмейтін намазxаналар ғана жабылды. Дегенмен, әрбір факті бойынша тексеріс жүргізіледі», - деп атап көрсетті вице-министр.
Айта кетейік, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды түсіндіруге арналған бүгінгі баспасөз мәслиxатында Берік Арын деструктивті ағым өкілдерінің имамдармен дауласып, мешітке келушілерді қорқытып жатқанын жеткізді. Осы орайда ол дереу полицияға xабарласуға кеңес берді. Себебі ондай әрекеттер заңмен қудаланады.
Бұдан бөлек, вице-министрі «Мемлекеттік қызметшілерге жұма намазына баруға рұқсат бар ма?» деген сұраққа жауап берді.