
Коронавирусқа қарсы вакциналаудың 1-кезеңінде елордада 6 300 адам екпе алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада ресейлік Sputnik-V вакциналары жеткізілді. Кеше басқарма қоймаларына алгашқы партия таратылды. Препарат - екі компонентті, үш апта мерзімінде екі рет еңгізіледі. Халықты COVID-19-қа қарсы жаппай вакцинациялауға дайындық кезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 22 мұздатқыш қондырғы сатып алынды, температура режимі минус 18 градустан кем емес. Жабдықтар 19 ақпанда жеткізіледі деп күтіледі», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Басқарма төрағасының айтуынша, қалалық емханалар вакциналарды қоймадан екпе салдыратын мекемелерге тасымалдауға арналған 20 мұздатқыш және 82 жылу контейнерімен қамтамасыз етілген. Бастапқы кезеңде вакцинация №2, №4, №6, №7, №9 қалалық емханаларда жүргізіледі.
«Бірінші кезеңде тәуекел тобына жататын медицина қызметкерлері, атап айтқанда, жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел-жәрдем, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлімдері қызметкерлері вакциналанады. Одан әрі мұғалімдер, полиция қызметкерлері, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және осылайша кезең-кезең бойынша барлық халық қамтылады. Бүгінгі күні алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында емшара бөлмелері мен күту бөлмелері әзірленген. Онда екпе алған адамдар вакцинациядан кейін 30 минут ішінде физикалық ара-қашықтық талаптарына сәйкес дәрігердің бақылауында болуы керек», - деді Тимур Мұратов.
Оның атап өтуінше, тұрғындардың иммундау және вакцинация туралы сұрақтарына жауап беру үшін сенім телефондары ұйымдастырылған. Екпе салу бойынша пациенттің бағыт-бағдары әзірленген.
«1-кезеңде вакциналауға жататын контингенттің тізімдері дайындалды. Бұл – 6 300 адам. Олардың арасында екпе салуға жатпайтын адамдар болуы мүмкін. 150 медициналық қызметкер COVID-19 қарсы вакцинацияға дайындық және жүргізу жұмыстары бойынша оқытылды», - деді басқарма басшысы.
