01 ақп, 2021 сағат 12:36

#вакцинаал: ШҚО дәрігерлері жаңа челлендж бастады

Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияның бірінші кезеңі басталды. Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері алғашқылардың бірі болып екпе алуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО-ның медицина мамандары Instagram әлеуметтік желісінде жаңа челлендж бастап, қазақстандықтарды өз денсаулығына қамқорлықпен қарауға және егу науқанына қатысуға шақыруда. 

«Мен «Sputnik V» вакцинасын ерікті түрде қабылдадым, бұл мүлдем ауырмайды, ең бастысы қауіпсіз!!!», - деп жазады желіде Семей қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бас медбикесі Галина Чукурова.

Сондай-ақ акцияға қатысушылардың тағы бірі, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесінің аға медициналық маманы Оралбек Оралғазиев вакцинациядан кейін өзін жақсы сезінетінін айтады.

«Бірінші болып вакцина қабылдауды өз еркіммен шештім, бұл қажетті шара деп санаймын. Қазір мен жұмыста тұрмын, менде барлығы жақсы. V белгісі бар фотосурет вакцинаны білдіреді, сондай-ақ бұл пандемияға қарсы біздің ортақ жеңісіміздің белгісі», - деп жазды Оралбек Оралғазиев.

Сондай-ақ, жас дәрігер Instagram-парақшасында препаратқа жеке реакциялар пайда болған жағдайда не істеу керектігі жөніндегі жадынаманы қоса орналастырған. Жадынамада пациенттердің 10% әлсіздік, жалпы шаршау және жүрек айну болуы мүмкін, физикалық белсенділікті азайтып, демалуға кеңес беріледі.

ШҚО Ақпарат орталығынан мәлім еткендей, пациенттердің 5,7% дене мен бұлшықеттің ауырсынуы, бас ауруы, қалтырау және дене температурасының 37 градустан жоғары көтерілуі байқалуы мүмкін. 38 градустан жоғары температурада мамандар антипиретикалық және ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдауға кеңес береді. Егер дене температурасы 39 градустан жоғары болса және дәрі қабылдағаннан кейін 4 сағат ішінде төмендемесе, дәрігерді шақыру керек. Пациенттердің 4,7% вакцина салынған жерде ауырсыну, қышу, ісіну және қызару байқайды.