05 мам, 2021 сағат 18:51

Вакцина дозалары арасындағы аралықтың ұлғаюы Гамалея институтының ұсыныстарына негізделген - Цой



Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны жасаушылардан, РҒА академигі, Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтен дозалар арасындағы аралықтың ұзаруы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді, ал кейбір жағдайларда иммунитеттің жоғары белсенділігіне әкеледі деген ресми хат алды, деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.


«Біріншіден, әрине, біз вакцинаны жасаушылардың ұсыныстарына сүйенеміз. Профессор, РҒА академигі, Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтің 22 сәуірдегі ресми мәлімдемесінде айтылғандай, аралықтың ұзаруы адамның иммундық реакциясының күші мен ұзақтығының артуына әкеледі. Екінші компонентпен 45-ші күні вакцинация жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге шығу) 90 күн ішінде екпе жүргізуге рұқсат етіледі», - деп атап өтті Цой. 


Министрдің айтуынша, екінші компоненттің вакцинасы жеткілікті мөлшерде, вакцина тапшылығы жоқ, жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде.


«Бұл халықты иммундауды айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді, себебі қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің барлық күштері вакцинаның бірінші компонентімен қамтуға бағытталған. Вакцинаның бірінші компонентін енгізу 12-14 күннен кейін антиденелер шығаруды қамтамасыз етуге және 3 аптадан кейін иммунитетті алуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.


Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Ұлыбритания, Франция, Украина, Чехия, Канада, Италия сияқты елдерде вакциналардың дозалары арасындағы аралықты ұлғайту туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, бұл бірқатар белгілі вакциналарға қатысты - Pfizer/BioNTech, Moderna, Vaxzeria, оларға қатысты дозалар арасындағы аралықтардың ұлғаюына жол беріледі.