19 сәу, 2022 сағат 02:08

Ұстаз туралы толғаныс


(Биыл 70 жасқа толып отырған профессор Алма Қыраубаева туралы)

Ол заманда жұрттың бәрі қазіргідей жаппай жоғары оқу орнында оқи бермейтін. Әр отбасынан, әр ауылдан мектепті үздік бітіріп, болашағынан үміт күттіргендер ғана жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсыратын.

Ол заманда бүгінгідей ақылы оқу деген болмайтын. Одақ құрамындағы он бес республиканың  бірі саналатын біздің елде  санаулы  институттар мен екі ғана университет  болатын. Соның бірі – қазақ білімінің қара шаңырағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еді. Оның өзі орыстың жалынды төңкерісшісі С.М.Кировтың атында болатын.

Ол заманда кейбір жоғары оқу орындарында дайындық бөлімі деген болушы еді. Оған сол оқуға түсу үшін талай жылдарын сарып еткен, ауыр еңбектің ащы-тұщысын татып, тәжірибе жинақтаған қарапайым халықтың балалары түсетін. Олар сол дайындық бөлімінде түске дейін оқып, түстен кейін сол оқу орнының күллі қара жұмысына жегілетін. Өзімізше біз оны «Рабфак» деп атайтынбыз, сол кездегі өкімет бізді тегін жұмыс күші ретінде пайдаланатын.

1983 жылдың күзінде кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жиырма бес жігіт пен қыз осы бөлімнің филология және журналистика факультетінің тыңдаушысы болып бір топқа қабылдандық. Қунышымызда шек жоқ еді. Келе сала-ақ бір-бірімізбен танысып, бір үйдің баласындай болып араласып кеттік.

Алдымыз он-он бес жыл, соңымыз екі-үш жыл қара жұмыстың дәмін татып, еңбекпен шыныққан біздерді бұл бөлімде тек қана оқытып қоймай, университеттің бітпей жатқан жұмыстарына аямай салды. Ол кезде қазіргі университет ғимараттарының сырты біткенімен, көбінің ішкі жұмыстары әлі толық аяқталмаған болатын. Шаш ал десе бас алатын комсомолдың қырағы жауынгері С.Тоқтыбеков деген деканның орынбасары әр сөзін мынадай ереже-талаптардан бастайтын: «Кім жұмысқа шықпайды, сол оқудан шығады. Кім еңбекте жалқаулық танытады, ол да оқудан шығады. Кім университет, деканат тарапынан екі рет ескерту алады ондай тыңдаушы оқудан шығады т.б.болып шұбырып кете беретін». Оның тісінің арасынан сыздықтай шығатын зілді сөздері талай жанның жүйкесін жұқартып, кейбіреулердің болашағына балта шапқанын өзі де біле қоймас. Сондықтан да алғашында университетте істейтіндердің бәрі біз үшін адамға жаны ашымайтын өңшең қатал, тек тәртіп пен талап қоюды ғана білетін жансыз роботтай елестегені рас. Сабақ беріп жүрген ұстаздарымыздың  кейбіреулері бетіне тура қараған бір-екі ересек тыңдаушыларға қатаң ескерту жасап, егер осы мінездерін қоймаса оқудан шығаратындықтарын ашық айтып қорқыта бастады. Мұндай оқиғалар енді оқуға қолымыз жетіп, қуанып жүрген біздердің көңілімізді су сепкендей басып, үнжырғамызды түсіріп тастады.

Сондай күндердің бірінде қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін болып Алма апай келді. Біздің ол кісіні бірінші көруіміз. Мектеп қабырғасынан кеткенімізге біраз болған біздер ересек тартқанымызға қарамай орнымыздан дүрліге тұрып амандастық та, бастауыш класта үйреткендей қолдарымызды бірінің үстіне бірін айқастыра қойып, апайға «не айтасыз?» дегендей қадала қарап тым-тырыс отыра бердік. «Бұл кісінің қай жағынан шығып жақпай қалар екенбіз?» деген іштей қорқыныш та жоқ емес. 

Алма апай бірінші өзін таныстырып өтті. Сосын бір - бірлеп бізбен танысып, неше жыл жұмыс істегенімізді, әскерде болған болмағанызды сұрап шықты. Сосын сіресіп отырған бізге күле қарап:

- Сендер еркін отырыңдар, мына қалыптарыңа қарап менің өзім қысылып тұрмын. Бір-біріңмен сөйлесіңдер, маған сұрақтар қойыңдар, жас адамның күліп отырғаны жақсы, - деп біздің үріккен көңілімізге  сенім ұялата бастады. 

- Жақсы ұстаз ешқашан да өзін зорлап тыңдатпауы керек. Егер мен сендерді тыңдата алмасам ол сендердің жамандықтарыңнан емес, менің   нашарлығымнан, - дегенде біз «осы кісі не айтып тұр» дегендей аңтарыла қарадық. 

Біртіндеп апайға да бойымыз үйреніп, жақын сырласымыздай араласып кеттік. Өзгелерден көрген теперішімізді де, көңілізге жаққан қуанышымызды да апаймен бөлісуге тырысатынбыз. 

Алма апайдың әр сабағынан арқаланып, бөлек бір әлемнің есігін ашқандай марқайып шығушы едік. Талай талас та, тартыс та сол кісінің сабағында болатын. Ол әңгіменің арқауы жалғасын жатақханада да тауып жататын. Апайдың келесі сабағын бәріміз асыға күтетінбіз. Ол кісі тек жай ғана ұстаз емес, өзі оқытып жүрген барлық студенттермен шынайы дос бола білетін. Көңілі жабырқап, жағдайы болмай жүрген студеттің жай-күйін Алма апай бір қарағаннан-ақ аңғаратын және дер кезінде көмек қолын созып, қиыншылығына жақынындай ортақтасатын.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ жастарына деген көзқарас өзгеріп кетті. Партияның нұсқауы болды ма білмеймін мемлекеттік емтихандар мен диплом қорғау кезінде де біраз студенттерге қатал талап қойып, құлатып жіберу етек алған болатын. Кейбір ұстаздарымыз бізбен ол оқиға туралы әңгімелесуден қашқақтайтын еді. Бірде Алма апаймен көшеде кездесіп қалып желтоқсан көтерілісі кезінде не істегеніміз жайлы ашық әңгімелестік. Апай «Бұл біздің халықтың басына түскен қасірет болды ғой, маңдайларыңа жазылған тағдыр талқысы шығар, еңселеріңді түсірмеңдер, азаматтық қалыптарыңды сақтауға тырысыңдар, дүние бұлай тұра бермес...», деп жігер бере сөйлегені есімде қалыпты.

Сексенінші жылдардың соңында елде елеулі өзгерістер болып жатты. Бұрын біз аттарын кейбір ағаларымыздың сыбырлап айтуларынан ғана шала естіп жүрген алашордашыл ақын-жазушылар ақтала бастады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген мәселелер баспасөзде жиі көтерілетін болды. Отыз екінші жылғы ашаршылық пен отыз жетінші жылғы репрессия туралы шындықтың беті ашылып, ол оқиғаларға әр түрлі баға беріліп жатты. Алма апайдың «дүние бұлай тұра бермес...» дегені шындыққа айналды.

Менің диплом жұмысымның тақырыбы «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әдеби мұрасы» деп бекітілген еді. Жетекшім доцент З.Бисенғали сол кездегі заман талабына сай жұмыстың жоспарын жасауға көмектесіп, қандай материалды қайдан алу керектігін мұқият айтып берді де, өзі Атырауға мемлекеттік емтиханның төрағасы болып кетіп қалды. Пікір жазатын сарапшым Алма апай екен. Апай диплом жұмысымды алып қалып, қорғайтын күні пікірін ала келетінін айтып шығарып салды. Сөйтіп жүріп диплом қорғайтын күнге де жеттік. Қорғауға келсем менен басқа студенттерден ешкім келмепті. Мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшелері келіп жайғасып болған соң, сол күні қорғайтындардың тізімін оқыды. Диплом қорғайтын бес студенттің екеуінің жұмысы дайын болмай шықты. Комиссия мүшелерінің алдында бір ересектеу жігіттің түптелмеген жұмысы шашылып кетіп, оқытушыларымыздың шамына тимесі бар ма? Комиссия төрағасы белгілі ғалым Ә.Болғанбаев:

- Бұлардың бәрі тәртіп дегеннің не екенін ұмытқан екен, үлкен басымызбен біз уақытында келіп отырғанда, бұлардікі не өзі? - деп ашу шақырды.

- Ешқайсысын да қорғатпайық, бір жыл жұмыс істеп, ақылдарын толықтырып келсін, - деп екінші бір ағайымыз ақыл қосты. 

Жұмысы дайын қалған екеуміз үшін жағдайдың бұлайша ушығып кетуі шынында да өкінішті-ақ еді. Комиссия мүшелері орындарынан тұруға ыңғайлана бастағанда Алма апай:

- Мына екі баланың еш жазығы жоқ қой, меніңше бұларды бүгін қорғатып жібергендеріңіз дұрыс шығар, - деді. 

Академик З.Қабдолов ағамыз апайға сәл аңтарыла қарап тұрды да:

Қорғатсақ қорғатайық, біздің Алма анау-мынауға бостан-босқа араласа бермейді, - деп бізге түсін жылыта жымиды.

Екеуміз де жақсы қорғап шықтық. Алма апай менің жұмысым туралы пікірін айта келіп, Мәшһүр Жүсіп шығармашылығы туралы маған таныс емес көптеген мәселелерді өзінше толғап кеткенде мен апайдың ізденімпаздығы мен есте сақтау қабілетінің  мықтылығына таңданумен отырдым. Мәшһүрдің өлеңдерін, кейбір архив құжаттарының нөміріне дейін жатқа айтып жатты. Кейін бірде әңгіме арасында:

- Сіз М.Жүсіп туралы бұрын бірдеңе жазып па едіңіз? - деп сұрағанымда;

- Ғалым ретінде мен қазақ әдебиетінің тарихына қатысты кез-келген нәрсеге селқос қарай алмаймын, шәкірттерімнен де соны талап етер едім, - деп күлгені бар.  

Тоқсаныншы жылдардан бастап апаймен бір кафедрада қызмет етіп жақын араласа бастадым. Апай әрдайым өзінің ақыл-кеңесін айтып, жоғары мектепте сабақ берудің қыр-сырымен таныстырып жүретін. Сұраса келе жақын ағайын адамдар екенімізді де осы кезде білдік. Алма апай інім деп әрдайым жақын тартып, үйіне шақырып, балаларына «мына Жолдас ағаларың сендердің нағашыларың болады» деп айтып отыратын. Алматыдан жырақтау жердегі Жандосов ауылына тұрғанында да артынан екі-үш рет іздеп барғанымызда қуанып, барын аузымызға тосып бәйек болып қалатын.

Апайға еліміздің тәуелсіздік алғаны ерекше серпін берді. Университетіміздің ғұлама бабамыз Әл-Фарабидің атымен аталғанына да шын көңілімен қуанып, осылай аталуы біздің университетке өте лайық болды деп ризашылығын білдіріп жүретін.  Өз басындағы қиыншылықтың бәрін уақытша деп түсініп, жаңа заманның ыңғайына тез бейімделе бастаған болатын. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып таза ұлттық сипаттағы мектеп ашуының өзі ол кісінің жаңалыққа жаны құмарлығынан ғана емес, батылдығының, ұлттық рухты қайтсем тірілтем деген жанкештілігінің көрінісі болатын. 

Апай еш намыстанбастан жасы елуге жақындағанда жатақханада да тұрды, балалары жас болғандықтан мәшиненің рөліне де өзі отырды. Бірақ соның бәрін күле жүріп істеді, ешқашан қиындыққа мойып, жасығанын көрген емеспіз. Алма апай өте қайратты да қажырлы еді. 

Апай өнерді сүйетін. Бір шәкіртінің бойынан жылт еткен ұшқынды байқаса соны үрлеп, жағуға тырысатын. Өзі де кез-келген ортада өлең оқып, ән салудан тартынбайтын. Ол кісінің ән-жырын талай рет теледидардан да тамашалаған кезіміз болған. Балаларын да жастай ән мен жырға баулып, әрқашан олардың кемелдене дамып, өсулеріне жағдай жасап жүруші еді.

Жаны жаңалыққа құмар қайран апай Астанаға да сол өңірдің жастарын өнерге баулысам, ел астанасындағы оқу орнында ұлтжанды шәкірттер тәрбиелесем деген үміттің жетегінде барса керек. Бірақ адам өз тағдырының қожасы емес қой. Сұм ажал біздің Алма апайды арамыздан тым ерте алып кетті.

Әл-Фараби атындағы 

Қазақ ұлттық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты 

Жолдасбек Мәмбетов,

Әл-Фараби атындағы 

Қазақ ұлттық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Советхан Тілеубаев