09 қаң, 2020 сағат 08:28

Үш жасар баланың желшешектен көз жұму жағдайына қатысты жоспардан тыс тексеру басталды

Алматы облысында үш жасар бала желшешектен көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қайғылы оқиға туралы «Время» газеті жазған. Өткен жылдың желтоқсан айының басында ұл бала желшешекпен ауырып қалған. Көп өтпей баланың денсаулығы нашарлай бастаған. Кейін баланың желшешек энцефалиті өршіп кеткені анықталған.

«ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасымен желшешектен көз жұмған баланың жағдайына қатысты тәуелсіз сарапшылар шақырылып, жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Желшешек диагнозы қойылған кезде балаға көрсетілген медициналық көмектің дұрыстығы тексеріледі», - деп жазды ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова Facebook-тегі парақшасында.

Комитет басшысы МӘМС жүйесін үйлестіру бойынша аймақтық штабтардың жұмысы аясында вице-министр Ләззат Ақтаева аталмыш жағдайды назарына алатынын хабарлады.