23 там, 2016 сағат 10:37

Универсиаданың басты нысандары ресми атауларына ие болды

Алматы қаласында ҚР Премьер-министрі орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, Универсиада медалі мен бойтұмарының дизайны бектілді. Сондай-ақ, қысқы ойындардың басты нысандарына ресми атаулар берілді", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz-ке cілтеме жасап.

Жиын барысында Д.Назарбаева Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың өнеріне жоғарғы бағасын беріп, спорттық инфрақұрылымдардың салынуы, елдегі балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.

«Универсиада жобасының арқасында, Алматыда озық үлгідегі жаңа үш нысан бой көтерді. Жаңа инфрақұрылым, жаңа тұрғын үй кешендері, театрлар, көрме залдары, кинотеатрлар, Бұл аудандар адамдардың өмірі үшін жайлы бола бермек», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Өз кезегінде, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, FISU талабы мен Мемлекет басшысының бекітуімен Универсиаданың жаңа нысандарына атаулар берілгенін алға тартты. Бұдан былай, 12 мыңдық Мұз сарайы - «Алматы Арена» деп аталады. Ал, 3000 мыңдық Мұз аренасы- «Халық Арена» деп аталады.

«Елбасының тапсырмасымен Универсиададан кейін, кезекте тұрған 1 748 азаматқа Атлеттер қалашығынан пәтерлер беріледі. Атлеттер тұратын бөлмелерге жиһаз бен тұрмыстық техника (3 700 мұздатқыш пен телевизорлар, 1 750 кір жуғыш машиналар) сатып алынып, жарыстан соң, қаладағы емханалар мен ауруханаларға, балабақшаларға бөлініп, беріледі. Универсиададан соң, Атлеттер қалашығында Алматы қаласының Олимпиадаға даярлау орталығы, 1200 адамға арналған Алатау ауданының ХҚКО, 700 адамға арналған емхана, Қазпошта бөлімшесі, супермаркет, тұрмыстық ателье мен аяқ-киім жөндеу пункті мен полиция бекеті болады», -деді Б.Байбек.

Шаһар басшысы, жергілікті билік пен Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратурамен бірігіп, Универсиада кезінде халықтың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, келеңсіз жағдайларды алдын-алуда жұмыс жасайтынын мәлімдеді.

«ІІД-нің есебі бойынша, Универсиада қауіпсіздігін 6,5 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері қамтамасыз етеді. Жергілікті бюджеттен, Ішкі істер департаментіне жарылғыш заттардың 15 қол детекторын алу үшін, 222 млн. теңге бөлінеді», - деп хабарлады Б.Байбек.