13 сәу, 2021 сағат 12:25

Үндістан "Спутник V" вакцинасын жедел мақұлдауға дайындалып жатыр

Үндістанның бас дәрі-дәрмек бақылаушысы (DCGI) сейсенбі, 13 сәуірде коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын жедел пайдалануды мақұлдайды. Бір күн бұрын дәрі-дәрмек реттеуші органның сарапшылар тобы аталған вакцинаны пайдалануға кеңес берген. Бұл туралы Times of India басылымы жазды. 

Аталған вакцинаның шетелде сатылуына жауапты Ресей тіке инвестиция қоры дүйсенбі күні Үндістанның бас дәрі-дәрмек бақылаушысының "Спутник V"-ті мақұлдап қойғанын хабарлады. Дегенмен дәрі-дәрмек реттеуші органның өзі ешқандай мәлімдеме таратпады. 

Вирус күшейген тұста 1,3 млрд тұрғыны бар Үндістан вакцина тапшылығы мәселесіне ұшырап отыр.

"Спутник V" вакцинасын тіркеген 60 мемлекеттің ішіндегі ең ірісі – Үндістан. Мемлекет тұрғындарының жалпы саны 3 миллиардқа жетеді, бұл әлем халқының 40 пайызына пара-пар" делінген Ресей тіке инвестиция қорының мәлімдемесінде. 

"Спутник V" – AstraZeneca мен үндістандық Bharat Biotech компаниясы өндірген Covaxin препаратынан кейін Үндістанда ресми тіркелген үшінші вакцина болмақ. 

Ресей тіке инвестиция қорының мәлімдеуінше, тұрғындарды вакцинамен қамтамасыз ету үшін Үндістанның бес дәрі-дәрмек өндірушісімен 850 млн доза өндіру жөнінде келісімге қол қойылған.

Үндістан – вакцина өндіру бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ресейдің Үндістанмен дәрі-дәрмек бойынша әріптестік орнатуы "Спутник V" вакцинасының одан да ірі нарыққа шығуына жол ашады.