24 мау, 2022 сағат 15:55

Ұлытаудан жаяу шыққан 72 жастағы саяхатшы Павлодарға жетті


72 жастағы шебер-реставратор Сәрсенбай Қотырашов Ұлытаудан Павлодарға жаяу жүріп жетті. Қарт саяхатшы осымен Қазақстанның 9-шы облысына жаяу келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Бұл сапарға шығуымның басты үш мақсаты бар. Біріншіден, туған жерім Ұлытаудың мәдени-тарихи мұрасын насихаттаймын. Екіншіден, қымыздың пайдалы қасиеттеріне жұртшылықтың назарын аударғым келеді. Оның үстіне ЮНЕСКО-мен келісімім бар. Қазақстанды аралап, мыңнан астам қолөнершілер туралы мәлімет жинасам, олар жеке сайтқа еніп, сол арқылы дүниежүзіне танымал болады», – деді Қотырашов. 

Ұлытаудан келген ақсақал наурыз айының соңынан бері жол жүріп келеді. Осы уақыт ішінде ол бес жұп аяқ киімді тоздырып үлгерген. Бірақ ол жаяу жүргіншілер жолына «бір тиын» жұмсамағанына риза.

Қай өңірге келсе де, жұрт оны құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, тегін түнетіп жатыр. 

«Қазақстандықтар өте қонақжай, жылы қарсы алғандарыңызға рахмет», - деді саяхатшы. 

Сәрсенбай Қотырашовпен бірге депутат Бақтияр Қожахметов еріп жүр. 

«Сапарын аяқтаған соң Сәрсенбай Елбасының қабылдауына барып, қымыздың емдік қасиетін жеке мысалмен көрсетуді, сонымен қатар Қымыз күнін ресми мереке ретінде белгілеуді ұсынбақ», - деді Қожахметов.