Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында Қазақстан халқы үшін бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Оның ішінде атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам жайлы, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы мәселелері көтерілді. Бұл туралы «Ұлт» порталы талдайды.
Елбасы қазақ жастары тарихты білуі керек екенін, "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы сол себепті жазылғанын айтты.
"Сақтардан, ғұндардан, ұлы түрік дүниесінен бастау керек. Сол жақтан бері қарай келе жатырмыз. Мынау Ұлы даланың үстінен кім өтіп, кім жүрмеді?! Шыңғыс ханның әскері де өтті. Сондықтан барлығы білсін деп жаздым ("Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы). Біздің үлкен тарихымыз болған, терең. Бүгін ғана аспаннан салбырап түскеніміз жоқ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мақалада атқа міну мәдениетіне қатысты бөлімде ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапқаны, бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берілгені айтылған. Ал металлургия бөлімінде металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткені айтылған.
Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады, делінген мақалада.
"Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы желісімен заманауи стильде өңделген жаңа қазақ күйі "Қошқар Ата" көпшілікке таныстырылды. Бұл күйдің ерекшілегі – домбыра мен скрипканың үйлесімді үнінен күй туып отыр. Туынды идеясының авторы – филантроп Оралбек Ботбай, продюсері – Ілияс Нарғозиев,"Қошқар Ата" күйінің авторы — ДоВИО дуэтінің солисі Темір Дулат.
Сонымен қатар мақалада қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше екені айтылады. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды, делінген Елбасы мақаласында.
Осы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқы әлемнің ғылым-біліміне, мәдениетіне өз үлесін қосқанын атап өткен болатын.
"Римде Александр Македонскийдің үзеңгісі жоқ. Бәріміз де атқа міндік қой. Аяқты үзеңгіге тіреген кезде, үстінде отырған әскердің күші үш есеге артады. Соның барлығы бізден шыққанын, металлургияның бізде болғанын білсін деп жаздым. Халыққа ұнады ғой деймін. Жастар да үйреніп, тарихымыздың ұлы екенін айтып жүрсе дұрыс болар еді", - деді Елбасы.
Сонымен қатар мақалада орта ғасырдағы Отырар қаласында екінші ұстаз Әбу Насыр Әл-Фарабидің дүниеге келгенін, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқаны айтылған.
Ал Ұлы Жібек жолына қатысты бөлімде құрлық жолдарының Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасында сауда мен мәдениеттің жанданғанын айтады.