Ұлы Даланы мекендеген көшпелілер құрған алып мемлекеттер әлемдік тарихтың доңғалағын ілгері жылжытып, адамзат өркениетін айқындаушы бетбұрыстар жасағаны белгілі. Бұл ретте, түрлі кезеңдер мен алмағайып дәуірлердегі қоғамдық болмыстың нақтылы кескін-келбетін, этномәдени құбылыстарды, ру-тайпалық құрылымдарды, саяси экономикалық жүйе мен сыртқы қарым-қатынастарды тануға ортағасырлық шығыс тілді жазба деректердің орны айрықша бағалы.
Түркі әлемі тарихында тағдыршешті пассионарлық қуатты құбылыс байқалып, XIII-XIV ғасырларда дүние жүзін дүр сілкіндірген ұлы империя іргесі бой көтерді, Ұлы Далада бұрын-соңды болмаған орасанa зор дүбірлі өзгерістер болды. Шыңғыс қаған шаңырағын көтеріп, керегесін керген көгентүп көшпелі қауымның ортақ ордасы Еуразия кеңістігін қамтыды. Сондықтан да төрткүл дүниенің ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан алып империя тарихына қатысты сан алуан тілдерде жүздеген жазба ескерткіштер мен алуан түрлі түпдеректер пайда болды.
Қазіргі кезеңде алтын әулет ұрпағы алты құрлыққа кемел билік жүргізген кемеңгер Шыңғыс қағаннан мемлекеттік бастауын тартатын елдер де көп, бұл тақырыпта қалам тартатын жандар да аз емес. Осыған байланысты кейде түпдеректерге сүйенбеуден балаң да ұшқары пікірлер, жаңсақ жорамалдар да айтылып жүргені белгілі. Сайып келгенде, мұның негізгі себебі түпнұсқа деректерді оқымаудан, қолжазбаны ғылыми деңгейде игермеуден туған олқылықтан деуге болады.
Осы орайда Шыңғыс хан құрған империя тарихына қатысты канондық нұсқадағы ортағасырлық парсы дереккөздері арасында әйгілі Рашид ад-дин Фазлуллах ибн Имад ад-Даула Абул-Хайр Али Хамаданидің (1247-1318 ж.ж) «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің бағасы орасан зор.
Есте жоқ ықылым замандардан бері көптеген тұлғалар, жылнамашылар мен шежірешілер өз таным-түсініктері мен көзқарастары тұрғысынан адамдар мен аймақтар, тұрғындар мен олардың тұрмыс-тіршіліктері туралы көптеген кітап жазғанымен, дүниенің төрт бұрышынан жиылған түрлі мәліметтерді тексеріп, деректерді салыстыра отырып, тұтас Еуразия құрлығындағы адамзат тарихын толық баяндаған алғашқы іргелі еңбек – Рашид ад-диннің осы шығармасы болды.
Рашид ад-дин 1247 жылы Иранның Хамадан қаласында дәрі-дәрмек жасайтын оқымысты дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. Атасы мен әкесі Құлағу ханның сарайында дәрігер болып қызмет еткен. Осындай білімді отбасында дүниеге келген ол жақсы білім алып, әуелі Құлағу ханның ұлы Абақа ханның дәрігері әрі хатшысы болған. Аса қабілетті, дарынды, жан-жақты оқымысты ғалымды бағалаған Ғазан хан оны 1298 жылы Елхан мемлекетінің уәзірі шеніне дейін көтерген. Рашид ад-дин көптеген кітаптар мен рисалалар жазған. Хүсни хат пен миниатюра шеберлерін, суретшілер мен ұсталарды және аудармашыларды маңайына жинаған оның кітапханасы аса бай болған. Жиырма жылдық уәзірлік қызметінде көптеген кітапханалар, ауруханалар, медреселер салдырған. Өз қаражатына Тебриз қаласында «Руб-и Рашиди» деп аталатын арнайы қалашық салдырған. Ұлына жазған хатының бірінде Рашид ад-дин бұл қалашықта 30 мыңдай үй, 24 керуен сарай, 1 500 дүкен, моншалар, баулар мен бақшалар, ұстаханалар, қонақ үйлер, 6000 шәкірт оқитын, 400 ғалым дәріс оқитын ірі медресе орналасқанын айтады. Сондықтан кейбір зерттеушілер «Руб-и Рашиди» қалашығын Иранның алғашқы университеті деп санайды.
Осындай көрнекті ғалым, қайраткер тұлға болған Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» деп аталатын тарихтар жинағын Елхан мемлекетінің әміршісі Ғазан ханның жарлығы бойынша 1300 жылы бастап, 1316 жылы Олжайытұ сұлтан дәуірінде тәмамдаған. Ол туралы ғұламаның өзі: «Бүкіл әлем халықтары мен адамзаттың түрлі топтарының өмір салты мен хикаяларын қамтитын тарих осы уақытқа дейін ешбір дәуірде жасалмаған әрі ол мемлекеттерде өзге елдер мен қалалар туралы мәліметтер жазылған ешқандай кітап болмаған, оған қоса бұрынғы патшалардың ешбірі зерттеулер мен ізденістер жүргізбеді, кітаптар шығармады», – дей отырып, Ғазан ханның жарлығы бойынша осындай іргелі жұмыстың басталғанын, ол бұйрықты орындау үшін барлық елдердің ғалымдары мен беделді адамдарынан деректер жинастырылып, анықтау жұмыстарын жүргізгенін, көне кітаптардың реттеліп таңдап алынғанын, солардан сарапталып, үзінділер алынғанын баяндайды.
Іргелі еңбектегі деректер мен мәліметтерді жинақтау ісіне сол дәуірдегі түркі, парсы, араб, қытай, тибет, үнді және тағы басқа халықтардың тарихшылары мен білгір шежірешілері, жылнамашылары мен асқан оқымыстылары жұмылдырылған. Сол жинақталған мол мәліметтер мен деректер хандардың сарай ордасындағы кеңселік құпия құжаттармен салыстырылып сараланып, дәлдікпен дәйектеліп, жүйелі жинаққа айналған.
Ғұлама ғалым Рашид ад-диннің осынау энциклопедиялық аса құнды туындысының тарихи деректанулық маңыздылығы төтенше бөлек екені белгілі. Оның «Жамиғ ат-тауарих» шығармасы сол кездегі Шыңғыс қағанның мұрагерлері мен куәгерлердің, шежіреші тарихшылардың талқысы мен көмегі арқылы бекітілген бірден-бір шынайы түпнұсқа дереккөзі болып саналады. Бұл еңбектің деректерді жүйелеу әдісі, шындыққа куәгерлік етуі, тұлғатанушылық сипаты, хан ордасында сақталған құпия құжаттарға негізделуі, арқауына адалдық пен жауапкершілікті үлгі етуі қазіргі отандық тарих ғылымы үшін де маңызды методологиялық сара үлгі деуге болады. Мұнда тек көшпелілер әлемі ғана емес, дүние жүзінің тарихы кең ауқымда, хронологиялық аса ірі мерзімде қамтылады, сол себептен мұндай іргелі де күрделі еңбек бұрын-соңды адамзат тарихында сол дәуірде жазылған емес.
Рашид ад-диннің тарих және тарихшы туралы түсініктері де өте терең. «Тарихшының міндеті – әр халықтың, әр тайпаның барлық хикаялары мен тарихи шежіресін сол елдің арасындағы кітаптардан, ел арасына танымал болған мәшһүр әрі сыйлы адамдардың әңгімелерінен ала отырып кітапқа енгізу, өзгеріссіз жеткізу әрі жазып алу болады. Ал жеткізілген риуаяттардың шындығының жауапкершілігі – риуаятты жеткізушінің мойнында» деп жазады ғұлама. Тарихи деректерді салыстыра зерттеудің негізін қалаған Рашид ад-дин «тарихшы өз қиялынан бір нәрсе қосар болса, онда ол міндетті түрде негізсіз әрі қате болады» деп тұжырымдайды. Бұлтартпас айғақ пен бұлжымас деректі ғана бағдар-басшылыққа алатын осы қағидат кейде қазіргі тарихшыларымызға да жетіспей жататынын қынжыла мойындауымыз керек.
Ұлт тарихы үшін аса маңызды осы құнды еңбекте Ұлы Далада ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен халықтардың пайда болуы, олардың түрлі тайпаларға бөлінуі, солардың қатарында кейінен қазақ деп аталған халықты құрған ру-тайпалардың шығу тегі мен даму тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері мен атақоныстары, бір бірімен қарым-қатынастары және осы тайпалардың арасынан шыққан, әлемнің басым бөлігін бағындырып, Ұлы империя құрған даңқты Шыңғыс ханның өмірбаяны мен шежіресі, ғасырлар бойы билік құрған ұрпақтарының жылнамасы, сол кездері олармен замандас, қанаттас өмір сүрген елдердегі елеулі оқиғалар жан-жақты қамтылған.
Терең тарихты қозғаған бұл толымды туынды әсіресе түркі дүниесі үшін аса құнды дерек көзі болып саналады. Тарихын тасқа қашап қалдырған түркілердің тағдыры бізге негізінен қытай, араб және парсы және басқа да халықтардың өкілдері жазған қолжазбалар мен жылнамалар арқылы жеткені белгілі. Олардың біразын біз әлі күнге дейін сараптап, сұрыптамай, Құран сөзіндей көріп, қабылдап жүрміз. Ал Рашид ад-диннің еңбегі бізге өзге елдерде жазылған қолжазбаларды салыстыра отырып, оған дейін көбіне ауызша айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жыр жолдарымен жеткен, кейде аңыз-әпсанаға айналып, түгенделмей жатқан жауынгер жұрттың мол мұрасын да бір ізге түсіріп, жүйелеп берді. Бұл туралы автор былай дейді: ««... мұғулдардың және мұғулдарға туысқан болып келетін барша түркі тайпаларының шежірелерін, бөлек-бөлек, шашылып жатқан, осы уақытқа дейін оларды жинауға ешкімнің қолы бармаған, ешкімге оларды ретке келтіріп, жинақтау бақыты бұйырмаған, соның салдарынан бүкіл тарихшылар олардың жартысын халық аузынан естіп алып, кейін өзінің қалауы мен көңіліне сай күйде баяндап келген, ал олардың шынайы мән-жайын ешкім білмеген, ешкім тексере алмаған хикаяларды әрі олардың баянын... сақталып жатқан жерлерінен тауып, оларды сараптап, сынға алып, жазбаларда жазылған деректердің дәлдігін тексеріп, терең зерттеуден өткізіп, оларды жинап, керектісін ретке келтіріп, мінсіз тіркестер күйінде баяндап, осы уақытқа дейін сыр жамылғысының астында сақталып келген хикаяларды, керемет те, көркем ақыл-ойдың сұлуларын ашық алаңға шығарып, әлемге жария етіп көрсетсін» деп патша әмір етті».
Осы жолдардан біз автордың түркі ру-тайпаларының шығу тегі мен тарихын жетік білетін сұңғыла бектер мен асқан білімпаздардың сөздеріне ден қойғанын, шежірешілерге жүгінгенін, солардан оқиғалардың анық-қанығын тексергенін байқаймыз. Өзі бұл туралы «...ол түркі халықтары жайлы деректерді әрбір қауымның атақты риуаятшылары мен нақылшыларының жеткізгеніне сәйкес және олардың кейбір кітаптарында табылғандарын алып, өзгертпей келтіруде» деген Рашид ад-диннің Қашқаридің әйгілі түрік сөздігі сияқты іргелі еңбектерді пайдаланғанын аңғарамыз. Шежірешілер арасында ұлы әмір Болат чинсанның есімін ерекше атаған ғұлама ғалым бұл тарихтар жинағын жазып шығу үшін өзінен бұрынғы Табари, Ибн Асир, Масғуди, Бируни, Балхи, Нишабури, Раванди, Туси, Жувайни сияқты тарихшылардың еңбектерінде келтірілген деректерді де ретімен қолданғаны да анық.
Нұх пайғамбардан бастап, Оғыз хан нәсілінен тарайтын Шыңғыс хан және оның ұрпақтары жайлы сөзін сабақтаған Рашид ад-дин Ұлы Дала тарихындағы көптеген іргелі қауымдар мен олардан шыққан көрнекті қайраткерлер, даңқты тұлғалар туралы баяндайды, соның ішінде оғыз, қаңлы, қыпшақ, қарлұқ, қалаш, ұйғыр, қырғыз, татар, жалайыр, меркіт, найман, керейт, қоңырат және Ергенеқоннан шыққан өзге де ру-тайпалар жайында мол мәліметтер береді. Рашид ад-диннің еңбегінде сол дәуірдің қалалары мен елді мекендері, жағрапиялық аймақтар мен жер-су атаулары туралы да құнды деректер баяндалады. Мәселен, ол Сайрам қаласы туралы «Кәрі Сайрам – өте көне әрі аса кең де үлкен қала. Қаланы көргендер оның басынан аяғына дейін бір күндік жол және онда қырық қақпаның бар екенін жеткізеді» деп жазады. Міне, осылай мұқият жиналып, мүлтіксіз жүйеленген мәліметтер мен деректер оқырманға әдемі миниатюра-суреттермен әсем безендіріліп ұсынылады. Айта кетерлік жайт, бұл миниатюралар сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігін бейнелеу тұрғысынан да аса құнды болып саналады.
Сондықтан өткенге үңілген әрбір тарихшы мен көзіқарақты оқырман тарапынан талассыз мойындалған классикалық еңбек өзінен кейінгі сол заманның жылнамасын жазушылар үшін де сәуле шашып, бағдар беріп, жолашар үлгі болып, содан шығарманың дәстүрін жалғаған қадау-қадау құнды дүниелер туды. Мысалы Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри 1602 жылы жазған «Жамиғ ат-тауарих» шығармасы, Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүрдің «Шажара-и таракима» (1661 ж.), «Шажара-и турк» (1665 ж.) атты туындылардың алтын арқауы әрі тарихи-деректанулық негіздері де Рашид ад-диннің осы «Жамиғ ат-тауарих» шығармасы болған еді. Сондықтан болса керек, әйгілі шығыстанушы ғалым, академик В.В.Бартольд «тарихи энциклопедиялық мұндай еңбектер орта ғасырларда әлемнің ешбір халықтарында, Азияда да, Еуропада да болған жоқ деп» жоғары баға берген. Сол сияқты И.П.Петрушевский де бұл шығарма туралы «Көшпенділердің этностық байланыстарын, әлеуметтік өмірін, тұрмысын, құқықтары мен аңызын Рашид ад-дин нақты, толыққанды және дәлдікпен суреттеді, біз мұндай қолжазбаларды басқа бір халықтардың ешбір дереккөздерінен таба алмаймыз» деп жазды.
«Жамиғ ат-тауарих» жинағының бірсыпыра бөлімі 1836 жылы француз тіліне аударылған болатын. Одан кейін 1858-1888 жылдары И.Н. Березин орыс тіліне, 1911 жылы Э.Блоше француз тіліне аударды. Сонымен қоса, 1936 жылдан бастап КСРО Шығыстану институты ғылыми қызметкерлері тарапынан орыс тіліне аударылып, 1946 жылы 3-ші томы, 1952 жылы 1-ші томы, 1960 жылы 2-ші томы жарық көрді. Орыс тіліндегі бұл аударманың саяси цензуралық қатаң бақылауда жарыққа шыққан, әбден ескірген және бұрмаланған аударма болғанын ерекше атап өткіміз келеді. Ешбір түпнұсқалық факсимилесі берілмеген аудармада Орталық Азия тарихына қатысты тұстарына қажетті түсініктемелер жаңсақ, тіптен кемшіліктері көп болған. Сонымен бірге «Жамиғ ат-тауарих» жинағында түрлі-түсті суреттерімен берілген аса құнды миниатюралары, шежірелері, таңбалары секілді бай мұралары да мүлдем назардан тыс қалған еді. Одан кейін 1968 және 1980 жылдары А.А.Али-заде «Жамиғ ат-тауарих» жинағының 2 том қолжазба нұсқаларының салыстырмалы мәтіндерін жариялады.
Міне, осындай іргелі еңбек алғаш рет толық аударылып, қазақ оқырмандарына жол тартып отыр. ХІХ ғасырдан бастап ағылшын, француз, неміс, орыс, қытай және өзге тілдерге аударыла бастаған теңдессіз туынды алғаш рет қазақ тіліне 2017 жылы аударылып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің демеушілігімен жарық көрген еді. Оны қазақ тіліне тікелей аударған араб, парсы тілдерінің білгір маманы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбай.
Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен алғашқы аударманың кейбір кемшін тұстары толықтырылып, көне сөздердің арнайы сөздігі реттеліп, жүйеленген, ғылыми талапқа сай екінші басылымы баспаға ұсынылып, зерделі зерттеушілер мен оқырман қауымға ұсынылып отыр.
Бұл тұста аудармашы ғылым талабына сай қолжазбада жазылған мәтінді ешқандай өзгертпей, сөзбе-сөз қаз-қалпында аударды. Сондықтан аудармашы парсы тіліндегі түпнұсқадағы түрлі халықтардың аттары мен жер-су атауларын және арнайы терминдерді мүмкіндігінше түпнұсқаға сәйкес қаз-қалпында таңбалауды көздеді. Аудармаға негіз болған шығарманың парсы тіліндегі 1528 бет нұсқасы 1994 жылы Тегеранда «Ал-Барз» баспасы тарапынан шығарылған. Бұл толық нұсқаның факсимилесі де қоса берілді.
Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген кітапты аударуға түрткі болған, оның сапалы шығуына жанашырлық танытқан танымал тұлға Бейбіт Атамқұловқа және еңбегі сіңген барша азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Құнды еңбек тарихымызды түгендеуге, жадының жаңғырып, ұлттық кодымызды түйсінуге, сол арқылы халқымыздың рухани жаңғыруына қызмет ететініне күмән жоқ. Сондықтан тарлан тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша түсетін бағалы еңбек баршамызға құтты болсын!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
"Егемен Қазақстан" газеті