03 шіл, 2017 сағат 14:49

Ұлттың ырысы

Қазақ баспасөзiнiң патриархы, ұлттық журналистикамыздың сәруары, Қазақстанның халық жазушысы, көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Шерхан Мұртазаның шығармашылығы мен азаматтық биiктiгi жөнiнде журналист, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке көптен берi қалам тербеп жүрген болатын. Соның бiр парасы жазушының 80 жылдық мерейтойына орай "Жас Алаш" газетінде жарияланды. Аталған мақаланы оқырмандар назарына қайта ұсынуды жөн көрдік.

“АЛТЫН ТIКЕН”

Шерхан Мұртазаның “Алтын тiкен” дейтiн әңгiмесi бар.

Әңгiменi ә деп бастап, үш-төрт сөйлем оқуыңыз-ақ мұң екен, әлдебiр дүниелiк музыка сызылып, сыңсып қоя бередi. Сол мұңды һәм бойлауық музыка әңгiменi оқып бiткенше бiр үзiлмейдi.

Бұл қайдан шыққан музыка? Ненiң музыкасы? Сазсырнайдың үнi ме? Жоқ, шаңқобыздың уiлi ме?

Бұл – адам жанының музыкасы. Бұл – адамды адам еткен, адамды адамдық кейiпке ендiретiн киелi сезiмдер­дiң, яки Аңсау мен Сағыныштың уiл-үнi. Соның көркем сөзбен таңбаланған нотасы.

Әңгiменiң басты кейiпкерi – бақташы Қалтырауық шал. “Қалтырауық шал қылшылдаған жiгiт кезiнде де қалтырауық едi, өмiр бойы осы кемiстiктен азап шегiп келедi”. Қалтырауықтың өмiрi де, жағдайы да, күйi де – аттылы кiсiнiң жанындағы жаяудай тым қораш, тым жұпыны, тым күйкi. Бiрақ, осы шалдың жүрегi қалай нұрлы, әдемi десеңiзшi?!

Қасиеттi Хадисте мынадай тәмсiл бар:

“– Я, Расулалла, айтыңызшы, адамдардың абзалы қайсы?

– Әрбiр таза жүректi адам – адамның абзалы.

– Таза жүректiлiк деген не?

– Көркемдiктi жақсы көру. Әде­мiлiктi аңсай бiлу.” (Әл-Бұхари риуаят еткен Хадистен). Демек, адамның абзалдығы атақпен, мансаппен, ақшамен емес, оның көркемдiктi көре бiлу, әдемiлiктi сезiне алуымен өлшенедi екен. Қалтырауық шал да өз көңiлiнiң емiн әдемiлiктен iздейдi. Өз жанын өзi әдемiлiкпен шуақтандырып, әдемiлiкпен жұбатады.

Ендi осы жерде аздап шегiнiс жасауға тура келедi. Өзi туасы кемiс (яки, қалтырауық) болса, өзiнiң не қайрат-күшi, не асып-тасып бара жатқан өнерi болмаса, оның үстiне өмiр бойы ауыл-үйдiң сиырын бағудан қолы бiр босамаса, мұндай қалтырауықтың өмiрiнде өзiн-өзi жұбата алатындай нендей мән, қандай әдемiлiк, қайбiр мағына болуы мүмкiн? Жарайды, өмiрдiң мәнi әдемiлiкте-ақ болсын делiк. Бiрақ, Қалтырауықтың өмiрi әдемi емес қой: төменшiк, сұрқай, қадiрсiз, қорлықты. Оны басынатындар да, қалтасында ақшасы бола тұра сиырының ақысын бермей кететiндер де аз емес...

Рас, Қалтырауықтың өмiрi әдемi емес. Әдемi деуге ешкiмнiң аузы батып бара қоймасы да анық. Алайда, Қалтырауықтың өмiрi әдемi болмаса да, оның өмiрiнде әдемi сәттер бар! Әдемi сәттердiң жүректе қалдырған әдемi iздерi бар! Қай жылы едi? Баяғыда (“...қарап отырса, содан берi де қырық жыл өтiп кетiптi”), бозбала шағында Қалтырауық “тамағы ақ қағаздан да аппақ” сұлу құдашаның, қылықты бойжеткеннiң тұсына барып:

Бiздiң ауыл Бурылдың төрiнде отыр,

Өзiң көрген баяғы жерiнде отыр.

Шыныменен көңiлiң бiзде болса,

Сағат сайын көзiме көрiн де отыр, – 

деп шалқыта бiр ауыз өлең айтқан. Мiне, осы сәулелi, сирек сәттi Қалтырауық ұмыта алмайды. Ұдайы есiне алып, әлгi тым қысқа, тым шолақ, баян­сыз, бiрақ тәттi, шұғылалы, әдемi сәттi көкiрек көзiмен, көңiл дүниесiмен жиi iздейдi. Аңсайды. Iздеген, аңсаған сайын көңiлдiң кiрiн, тiрлiктiң ғазабы мен қорлығын сағыныштың нұрымен жуып кетiрiп, әлдебiр мейiрлi, шұғылалы, кешiрiмдi кейiпке енедi...

Көркемдiктi жақсы көру, әдемiлiктi аңсай бiлу арқылы өз жанын өзi жылытып, өз көңiлiн өзi жуындырып жүрген Қалтырауық шалдың жүрегiндегi шұғыла мен нұрға, қанағат пен ынсапқа қарап отырып, Дәуiт пайғамбардың шам­далының жарығы түскендей өз жаныңыз да нұрланып, кеңейiп сала бередi.

Шерхан Мұртазаның “Алтын тiкенi” – шап-шағын болғанымен, жүз жасаған бәйтеректiң тамырындай аса терең, сырлы, қазинелi әңгiме. Мұнда бәрi бар: поэзия да, пәлсапа да, психология да, музыка да!

 

“ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЗАҚША ЕШУАҚЫТТА КӨПТIК ЕТПЕЙДI!”

1994 жыл. Шерағаң – республикалық “Қазақстан” телерадио корпорациясының президентi. Сол кезде мынадай бiр үрдiс бар едi. Әр тоқсанда (әрбiр үш айда) бүкiл облыс әкiмдерi мен күллi республикалық мекемелер­дiң басшылары арнайы жиынға шақырылатын және бұл жиынды Қазақстан президентi Н.Назарбаевтың өзi өткiзетiн.

Осы дәстүрлi жиында Шерағаңның атына Елбасы қатты сын айтты. Сөзiнiң ұзын-ырғасы мынаған сайды: Өскемендегi орыс ағайындар дәл қазiр “Қазақстан” телерадио корпорациясының жұмысына қатты наразы. Өйткенi, қазақша хабарлар күрт көбейiп кеткен де, орысша хабарлар мүлде азайған. Бұ қалай? “Ресейге кетемiз, Ресейге көшемiз!” деген сөздер де осындайдан кейiн өрбитiнiн неге ескермеймiз? Бiздiң мемлекеттiк саясатымызға құлықсыз қарап, таразының басын тең ұстауға мойны жар бермесе, онда бiз де Шерхан Мұртазаның орнына басқа адам, басқа кадр қарастырамыз және т.т.

Үзiлiс кезiнде Шерағаңды iздедiм. Өйткенi, сынның бiр ұшы Қазақ радиосына да тиiп жатты (ол кезде мен Қазақ радиосының бас директоры едiм). Шерағаң Президенттiк аппараттың жауапты қызметкерiн былай шығарып, жекiп тұр екен:

– Шындыққа жанаспайтын мұндай деректi президентке кiм бередi? Әри­не, сендер бересiңдер! Түйме­дейдi түйедей етiп көрсетiп! Әйтпесе, қа­зақша хабарлар орысша хабарларға қарағанда сәл ғана басым. Бұл жерде аттан салатындай ештеңе жоқ. “Қазақстанда қазақша көбейiп кеттi” деген не сұмдық?! Қазақстанға қазақша ешуақытта көптiк етпейдi! Қарағым-ау, сен ағылшындардың “Бiздiң Англияда ағылшынша көбейiп кеттi!” дегенiн естiдiң бе? Не болмаса, өзбектердiң, француздардың? Естiген емессiң және естiмейсiң де!..

Шерағаңның күйiнетiндей де жөнi бар едi. Егер жаңылыспасам, дәл сол кезде электронды ақпарат құралдары (Қазақстандiкi бар, Ресейдiкi бар) тәулiгiне республикамызда қазақ тiлiнде – 9 сағат, орыс тiлiнде 180 сағат хабар таратып жатқан болатын.

Не керек, Шерағаңның үзiлiстен кейiн жарыссөзге шығатыны белгiлi болды. Шерағаңа:

– Кiшiрейе салыңыз, тiптi кешiрiм сұрай салыңыз! Қатты айтпаса, қатаң сынамаса, оның несi президент?! “Өте орынды сынадыңыз, ендi бұл сыннан тиiстi қорытынды шығарып, кемшiлiк­терiмiздi түзеуге бар күш-жiгерiмiздi жұмылдырамыз” дей салыңыз!” дегендер де табылды, сонымен бiрге:

– Жарыссөзге шықпай-ақ қойыңыз, жағдайды ушықтырып аласыз. Бұл жерде үндемеген, үндемей құтылған абзал, – деушiлер де болды.

Сонымен, Шерағаң жарыссөзге шықты. Кiшiрейген де жоқ, кешiрiм сұраған да жоқ. Себебi...

“Өз зиялыларына қырғидай тиген өкiметтен мен ешуақытта кешiрiм сұрамаймын!” Бұл – Жүсiпбек Айма­уытовтың сөзi. Ақтық сөзi. 1932-жылы дар алдында айтқан сөзi. Егер Жүсiпбек Аймауытов өз әрiптестерi секiлдi кешiрiм сұрай салса (“кешiрiм сұраудың” нәтижесiнде Жүсiпбектiң жанындағы тоғыз адам аман қалған), тiрi қалатыны күмәнсiз едi. Ж.Аймауытов кешiрiм сұрауды қажетсiз деп тап­қан. Неге? Бiз ұлтымызды сүйге­нiмiз үшiн ешкiмнен кешiрiм сұрамауымыз керек! Алладан да, адамнан да! Егер кешiрiм сұрадық па, онда бiз еш­уақытта ұлт бола алмаймыз. Құнсызданамыз, арзандаймыз. Керi­сiн­ше, ұлтын сүйе алмағандар, ұлтын сүйе бiлмей­тiндер сұрасын кешiрiмдi! Бұл – Жүсiпбек Аймауытов ұстанған принцип. Шамамен, Шерағаң да осы принциптi ұстанды. Өйткенi, таразыға түскен мәселе – ұлттық мүдде, ұлттық тiл туралы едi. Ал Шерағаң ұлттық мүдденi, ұлттық тiлдi, ұлттық мәселенi ешуақытта саудаға салған емес!

Шерағаң сөзiн сабырлы бастады. Қазақ радиосында да, “Қазақстан” телеарнасында да қазақша хабарлардың орысша хабарларға қарағанда сәл басымдау екендiгiн айта келiп, оның себептерiн санамалап шықты. Мәселен, Қазақ радиосын тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, сонау Қытай мен Ресейдегi қазақтардың да, Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы қазақтардың да тыңдайтынына тоқталды. “Қазақстан” телеарнасындағы хабарлар орысша хабарлардан сәл басым түсiп жатса, оның балаларға арналған қазақша хабарларды көбейту зәрулiгiнен туындап отырғанын алға тартты. “Срыбных басқарып отырған “Казахстанская правда” газетi қыр соңымызға түсiп алды, – дедi сонымен бiрге Шерағаң, – “Қазақстан” телерадио корпорациясы туралы күн аралата бiр мақала басады. Мақалаларының бәрi – “жаптым жала, жақтым күйе”. “Қазақша хабарлар күрт көбейiп, орысша хабарлар мүлде азайды” деген өтiрiк деректi өрттей қаулатып жүрген де – осы газет!”

Осыдан соң, Шерағаң күндей күркiреп, найзағайдай шатырлады:

– Телерадио дегенiмiз не? Ол – уыз! Уызында жарымаған, уызға жарымай өскен бала не болады? Оны бәрiңiз де бiлесiздер! Қазiргi күннiң балалары теледидарды емiп өседi. Балаларға арналған қазақша хабарларды кө­бейт­кенiмiз де сондықтан! Қазақтың радиосы мен Қазақтың мемлекеттiк телеарнасында “қазақша көбейiп кеттi...” деген не сұмдық?! Президент­тiң айналасындағы азаматтарға айтарым, шатаспаңдар олай! Өзгенi де шатастырмаңдар!

Бұдан кейiн көзәйнегi жалтырап Елбасыға қарады:

– Аса мәртебелi президент мырза! Жаңа Сiз өте қатты айттыңыз. Сiздiң сөзiңiз маған ауыр тидi... Алпыстан асқан жасым бар, осы уақытқа дейiн ешкiмнен қызмет сұраған емеспiн! Осы қызметке жiберген де – Өздерiңiз! Мен – жазушы адаммын. Менiң қаруым – қолымдағы қаламым! Бәлкiм, қызметiмдi тартып аларсыздар, бiрақ менiң қолымдағы қаламымды ешкiм де тартып ала алмайды!

Әлi күнге дейiн есiмде, Шерағаңнан кейiн 15 адам сөйледi. Кiлең марқасқалар! Қазақтың жақсы менен жайсаңдары! Бiрақ, солардың бiрде-бiреуi (қанша дегенмен, ұлттың мүддесi таразыға түсiп жатқан жоқ па?!) “Шерхан Мұртазаның сөзiнiң жаны бар. Ескеру керек екен...” деген жадағай жәрдем, жаяу қолпашқа жарамады.

Ә, айтпақшы, Олжас Сүлейменов пiкiр бiлдiрген едi ғой. Ол не дедi? Олжекең былай дедi:

– Срыбных ауырып қалып, бүгiнгi жиынға келе алмады. Шерхан Мұртазаның ортамызда жоқ адамды сыртынан сынауы, сыртынан ғайбат сөз айтуы адамгершiлiкке жатпайды! Срыбных – менiң досым! Ол – турашыл, мемлекеттiң мүддесiн күйттеп жүрген адал азамат!

Ал ендi мемлекеттiң, яки Қазақстанның “мүддесiн күйттейтiн сол турашыл, адал азамат” қайда қазiр? “Әйт, шу, қарақұйрық” деп, баяғыда бала-шағасын алып Ресейге кетiп қалған. Бiржола! Естуiмiзше, Мәскеуде тұрады. Бiр кездерi Қазақстанда тұрғанын, Қазақстанның азаматы болғанын ұмытып та кеткен...

Ләйла ше? Ләйла Бекетова? Жоғарыдағы жиыннан соң көп ұзамай-ақ Шерағаң қызметтен шеттетiлiп, оның орнына Ләйла Бекетова келген болатын.

Қазiр Ләйла Бекетова Женевада (Швейцарияда) тұрады. Күйеуi В.В.Хра­­пу­нов – Швейцарияның ең бай адамдарының бiрi. Қазақстанның қыр­уар байлығы мен қаржысын қымқыр­ған ерлi-зайыптыларды бiздiң билiк сотқа тарта алмай әлек. Жақында ғана тергеушiлер анықтады, күйеуi Храпунов Алматының әкiмi болып тұрған кезiнде Ләйла Бекетованың тек қарақан басының(!) бiр Алматының өзiнде(!) 4 коттеджi, 9 үйi, 50-ге жуық жер телiмi болыпты!..

АЙТҚАНЫ АЙДАЙ КЕЛЕДI

Бiр азамат iрi әрi жауапты қызметке тағайындалды. Осы азамат жөнiнде Шерағаңнан сұрадым:

– Бiлушi ме едiңiз, бұ кiм? Қазаққа жаны ашитын азамат па, жоқ әлде...

– Мен бұл жiгiттi танымаймын, – дедi Шерағаң, – Бiрақ, әкесiн сырттай бiлушi едiм. Мұның әкесi, Құдай қылса қайтерсiң, өзi қазақ бола тұра бар ғұмырын қазақты жек көрумен, қазақтардан безiнумен өткiздi. Аулада қазақ балаларымен ойнап жүрген өзiнiң баласын көрсе, терiсiне сыймай ашуланып, айғай салады екен.

– Әй, Пәленбай, шапшаң берi кел!

Содан алдына келген баласына:

– Мен саған қашанғы айтам қазақ балаларымен ойнама деп! Ойнағың келе ме, еврейлердiң, орыстардың баласымен ойна! Қазақтың баласымен ешуақытта ойнаушы болма! Жолама оларға! – дейдi екен. Әрине, орысшалап айтады ғой. Осылай деп тұрғанын талай адамдар көзiмен көрiп, құлағымен естiген... Осындай ортада, осындай отбасыда өскен бала қай бiр оңушы едi...

Көп ұзамай-ақ Шерағаңның айтқаны айдай келдi. Әлгi азамат өзi бас­қарып отырған саланы түгелдей орыс тiлiне көшiрдi. “Түгелдей орыс тiлiне көшiргенi” несi? Бұрындары бұл салада iс қағаздары қазақ тiлiнде де жүргiзiледi екен. Соны тоқтатты. Iс қағаздары тек бiр-ақ тiлде, орыс тiлiнде ғана жүргiзiлетiн болды. Осы салада қызмет iстейтiн қазақтардың арасында ұлттық тiлге жаны ашитын азаматтар бар болатын, оларды да бiртiндеп жұмыстан кетiрiп тынды...

Шерағаңның бiр “қайраткер” туралы осыдан отыз жыл бұрын айтқаны да айна-қатесiз келдi де қойды.

– Сендер мұны бiлмей жүр екенсiң­дер, әлi-ақ көресiңдер, қазаққа он мың орыс жабылып жүрiп жасай алмайтын жамандықты мұның жалғыз өзi жасайды! – деген едi.

Шерағаңның бұл жерде “он мың орыс” деп отырғаны – әрине, шовинист орыстар, империяшыл, өктем, өркеуде орыстар.

Қазiр жаңағы “қайраткер” бүкiл өрен-жаранымен (әйелi, қыздары, жиендерi, достары, шәкiрттерi және т.т.) қазақ тiлiне қарсы. Өзi қазақ болғаннан кейiн ғана тартынып жүрген сияқты, бұл “қайраткер” әлi-ақ “Қазақ тiлiнде оқуды, қазақ тiлiнде бiлiм алуды, қазақ тiлiнде жазып-сызуды, қазақ тiлiнде сөйлеудi, жалпы қазақ тiлiн қолдануды мүлде доғарсақ қайтедi, осы...” дегендi де айтады. Бұған шек келтiрмей-ақ қойыңыз...

“700 МЕКТЕПТIҢ ЗАРДАБЫН БIЗ ӘЛI 700 ЖЫЛ ТАРТАМЫЗ”

1950-70 жылдары аралығында 700 қазақ мектебiнiң жабылып қалғаны жөнiндегi деректi тапқан да (қалай тап­қанын, қайтiп iндеткенiн сұрамаппын) және соны алғаш рет жарияға шығарған да – Шерағаң. Бұл дерек тұңғыш рет Сағат Әшiмбаев жүргiзетiн “Қарыз бен парыз” телехабарында айтылды. Айтқан – Шерхан Мұртаза.

 – Бұл 700 мектептiң зардабын бiз әлi 700 жыл тартамыз, – деген едi Шерағаң. Сол расқа айналып келедi...

“БОЙЫҢДАҒЫ БАЛЫҚТЫҢ ҚАНЫ МА, БАҚАНЫҢ ҚАНЫ МА?”

Қарап отырсаңыз, Шерағаңның өмiрi – қиян-кескi күрес.

“Лениншiл жастың” (қазiргi “Жас Алаш”) бас редакторы болып жүрген кезiн Шерағаң былай еске түсiредi: “Брежнев кезiнде Чернышев деген­дер­дi алып келдi Қазақстанға. Әйелi (Брежнева) “Қазақконцерттiң” бастығы едi. Күйеуi де сонда iстейтiн. Солар “Қазақконцерттi” әбден жеп бiтiрiп, тамтығын қалдырмай жатқан кезде “Лениншiл жаста” “Қазақконцерт, хал қалай?” деген мақала басылды. Бұл мақала бомба болды. “Лениншiл жастың” қоғамға, бюрократизмге тастаған бомбасы едi. Ақыры әдiлдiк жеңiп, Чернышевтар Қазақстаннан кетiп тынды...”

Өзiмiз де шет-жағасын көрдiк, Шерхан Мұртаза басқарған “Социа­листiк Қазақстан” газетi (қазiргi “Егемен Қазақстан”) бар-жоғы бiр жылдың iшiнде екi облыс әкiмiнiң (о кезде “облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы” деп аталатын), бiр министрдiң, бiрнеше аудан басшыларының орнынан кетуiне себепшi болды. Не үшiн? Қа­зақтың мүддесiне жүрдiм-бардым қарағаны үшiн.

Мұның сыртында газет қаншама дүмбiлез кадрлар мен тоңмойын ше­неунiктердi, “ұлы халықтың өкiлiмiн...” деп кеудесiн соғатын едiреңбайлар­ды, карта ойыны мен ойнасқа тоймайтын директорларды, ұлттың несiбесiн жеген озбырларды, ертеңiн ойламайтын шолақ белсендiлердi тәубесiне келтiрдi десеңiзшi. Шымкенттегi кiрпiш зауытының “тарихын” зерттеп, тарих ғылымдарының кандидаты атағын алған ғалымсымақты айдай әлемге әшкере қылды. Қасиеттi қара шаңырақтың қасиетiн кетiргенi үшiн әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетiнiң деканы Кузьменконы орнынан алғызды...

Шерағаң сонда да қанағаттанбайды:

– Әй, сендердiң денелерiңде ағып жатқан қазақтың қаны емес. Балықтың ба, бақаның ба, бiрдеңенiң қаны... Әйтпесе, ана Арал теңiзiнде тұқымы тұздай құрып бара жатқан көксеркенi (балықтың түрi) жазар едiңдер ғой. Қане, көксеркенi кiм жазады? – деп, қарауындағы журналистердi тағы бiр қиырға бағыттайтын.

ШЕРАҒАҢ МЕН ОРАҒАҢ

– Мұхтар Әуезов те, Шерхан Мұртаза да, мен де 28 қыркүйек күнi дүниеге келiппiз. Жалпы, 28 қыркүйек – тек ұлыларды дүниеге алып келетiн қасиеттi күн, – деп Орағаң, Оралхан Бөкей екi көзi бiрдей жұмылып, иығы селкiлдеп, иығымен бiрге иығына түсетiн ұзын шашы да селкiлдеп, рахаттана бiр күлер едi.

Аздан кейiн байсалды қалыпқа енiп:

– Әне бiр данышпан Шерағаң екеумiздi менсiнбей “Е, е, бұлар жазушылыққа журналистикадан келгендер ғой...” дейдi мұрнын шүйiрiп. Не сонда, жазушылыққа дәрiгерлiктен, не болмаса ЦК-дан келу керек пе?! Эрнест Хэмингуей кәсiби журналист болған. “Жүз жылғы жалғыздықтың” авторы кiм едi, иә, сол Габриэль Маркес, ол да журналист болған. Керек болса, қазақ қаламгерлерiнiң 70 пайызы – жазушылыққа журналистикадан келгендер. Мәселе – жазушылыққа кiмнiң қайдан келгенiнде емес, талантында. Талант тас жарады! Шерағаң журналистикада “Журналистиканың Жуковы” атанды. Ал жазушылығы ше? Талай-талай мықтыларды шаң қаптырып, жарты жолда қалдырып кеттi емес пе?! Талант қай жерде де талант! – дер едi.

“БIР КЕМ ДҮНИЕ”

Шерағаңның “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Бiр кем дүние” атты кiтабына қысқа да нұсқа ой толғаулары топтастырылыпты. Мысал үшiн осы кiтаптан “Жекеше көне ме?” деген шағын ой-толғауды тұтас келтiре кете­лiкшi:

“Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла! Өз пайдаң соның iшiнде.

Бiрақ, бәрi солай ойламайды ғой.

Бiр кем дүние!”

Ендi “Сорлы” деп аталатын қып-қысқа ой-толғауға үңiлелiкшi:

“Өзгенiң көлеңкесiнде тұрғанның өз көлеңкесi болмайды.

Өз көлеңкесi болмаса – өлгенi”.

“Намыс қайда?” деген шағын ой- толғауын да қысқартпай сол күйiнде оқып көрелiк:

“Әлем бiздi құрметтесiн десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемiздi алдымен бiздiң өзiмiз бар сезiмiмiзбен, ақыл-ойымызбен, iс-әрекетiмiзбен құрметтеуiмiз керек. Өзiнiң ұлттық бейнесiн таба алмаған ұлттардың бас­қа ұлттарға жем болатынын бiлiп қой­ғанымыз жөн” (Ататүрiк).

Ал, бiзде, қазақтарда қалай? Бас­қа-басқа, тiптi Парламенттiң өзiнде, сенаты бар, мәжiлiсi бар, дауысқа сал­ғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тiлiне қарсы дауыс бердi. Ал дәл осы Парламент қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл деп шешiм қабылдаған болатын. Бұл не сонда? Депутаттардың басым көпшiлiгiнiң кешегi өз шешiмiне қарсы шыққаны қалай?

Жоғарыда Ататүрiк айтқан ұлттық қасиеттердiң мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиеттiң, ұлттық намыстың өлгенi ғой.

Мiне, бұл – нағыз қасiрет!

Бiр кем дүние”.

Шерхан Мұртазаның мысқалдай ғана ой-толғаулары өте жеңiл оқылады. Әрине, бұл – жазушының шебер­лiгi. Бiрақ осы мысқалдай ой-толғаулардағы астарлы емеурiннiң өткiрлiгi сондай, етiңнен өтiп сүйегiңе жетедi.

Шерхан Мұртазаның халықтық қалпымыз бен болмысымыз, ұлттық келбетiмiз бен намысымыз жөнiндегi ой-толғаулары неге өтiмдi? Неге бойлауық? Сорғышқа төгiлген сиядай неге санамызға бiрден сiңiп қалады?

Әрине, бұл жерде жазушының шеберлiгi (форманың ұтқырлығы, ой мен мазмұнның бiрлiгi, көп айтудан гөрi дөп айтуға ұмтылу, тереңдiк, тұтастық және тағы тағылар) жөнiнде бiраз әңгiме де қозғауға болар едi. Бiрақ, бiз мұны қоя тұрып, Шерхан Мұртазаның жоғарыдағы ой-толғауларының неге өтiмдi һәм бойлауықтығының көп себебiнiң бiр ғана себеп-сырына тоқталамыз.

Егер парақұмар бастық өзiнiң қол астындағыларға: “Адал болыңдар, әдiл болыңдар, таза болыңдар! Пара алмаңдар!” десе, не болар едi? Бастықтың бұл сөзiне құлақ асу былай тұрсын, оның қарамағындағылар мен қол астындағылар iштерiнен мырс-мырс күлер едi. Неге? Өйткенi, “сөз бен iстiң бiрлiгi” деген қасиеттi ұғым бар. Халық ақымақ емес, сөзi мен iсi, пiкiрi мен пиғылы екi бөлек адамды ешуақытта тыңдамайды және сыйлай да қоймайды. Тұлғалық қасиетi, яғни тұлғаға тән қасиетi жоқ адамның (сөзi мен iсi екi бөлек адамның) аузында дуа да болмайды. Аузында дуасы жоқ адамның сөзi де адыра қалады. Айдалаға кетедi. Ал ендi Шерхан Мұртаза қай жерде жүрмесiн, қандай қызмет атқармасын, ұлттың мұң-мүддесi үшiн арыстанша арпалысты. Өзiнiң қажыр-қайратын, жiгерiн, намысын, бiлiм-бiлiгiн осы қасиеттi де киелi жолға бағыштады. Қасым Аманжоловтың “Жау жолына атам сенi, Бомба бол да, жарыл жүрек!” дегенi сияқты...

Сөзi мен iсi бiр жерден шығатын тұлғаның да уәжi өтiмдi келедi. Аузының дуасы бар мұндай азаматты оқырмандар да iлтипатпен сүйiне, тұщына оқиды. Шерағаңның “Бiр кем дүние­сiнiң” өтiмдiлiгiнiң бiр себебi де осында жатқандай.

Шаршамаңыз, Шераға, шалдықпаңыз! Қолыңыздан қаламыңыз бен қағазыңыз түспесiн. Жүзге жетiңiз!

Айтпақшы, “жүзге жетiңiз” дегенi­мiз­ден шығады, “Бiр кем дүниеде” Шерағаңның “Жүздi азырқанған жазушы” дейтiн дүниесi бар. Бiрiгiп оқиықшы:

“Ертеректе Жазушылар одағының үйiнде бiр жазушының мерейтойы өтiп жатты. 90 жасқа толған той иесi көпшiлiкке алғыс айтып, мiнберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан бiреу:

– Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! – деп айқайлады. Той иесi қаһарланып:

– Ей, найсап! Жүзден артық сан бiлмейсiң бе? – деп ренжiдi.

 Сөйткен Әлекең жүздi азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келiп, дүниеден өттi.

Бұл да бiр кем дүние!”

ШЕРАҒАҢ – БӘРIБIР ШЕРАҒАҢ

Тегiнде бар, топырағында бар, санасында бар азамат азбайды һәм айнымайды (дүниенi бүлдiретiндер де – тегiнде жоқ тексiздер мен топырақсыздар ғой). Бүкiл күш-жiгерiн, бiлiмi мен бiлiгiн, керек десеңiз, ақшасын да, бас­қасын да ұлтын өрге сүйреу үшiн жұмсайды. Мұндай азаматтар – ұлтының ырысы, елiнiң құты. Шерағаң да осындай ұлтқа – ырыс, елге – құт бола бiлген сиректер мен iрiлердiң сойынан.

Шерағаңның ұлтқа сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Өз басым Шерағаңның қайраткерлiгi мен азаматтық биiктiгiн тек Алаш қайраткерлерiмен (А.Бай­тұрсынов, Ж.Аймауытов, Т.Жүргенов және т.б.) ғана салыстырар едiм. Одан төмендесек, Шерағаңа обал болар едi. Өзiне емес, әрине. Еткен еңбе­гiне. Төккен терiне. Мемлекетшiл­дiгiне. Мектебiне. Ұстаздығына. Көш­басшылығына. Iрiлiгiне. Азат мiнезi мен бостан рухына. Тағлымына. Өнегесiне. Отаншылдығына. Ең бастысы, күрес­керлiгiне!

Әмiрхан Меңдеке