14 мау, 2025 сағат 13:33

Ұлттық рух жаршысы — Дидахмет Әшімхан

Фото: Qazdauiri.kz

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай өңірінде көрнекті қаламгер, публицист, қоғам қайраткері Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығына арналған «Ұлттық рух жыршысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тағылымды шараға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, конференцияның ашылуында сөз сөйлеп, қаламгер Дидахмет Әшімханұлының қазақ әдебиетіндегі орны, азаматтық һәм қаламгерлік болмысы, ұлттық мүдде жолындағы қайраткерлік қызметі туралы мазмұнды ой толғады.

– Дидахмет – ұлт сөзін ұлықтаған, ұлттық рухты ту еткен қаламгер еді. Оның әрбір шығармасы – қазақтың ар-намысын, болмыс-бітімін, қайсар рухын бейнелейтін көркем шежіре. Біз бүгін осы конференция арқылы Дидахмет Әшімханұлының қаламгерлік биігін, азаматтық парасатын тағы бір мәрте ел жадына жаңғыртып отырмыз, – деді Мереке Құлкенов өз сөзінде.


Фото: Жазушылар одағы

Конференция барысында жазушының әдеби мұрасы мен қоғамдық қызметі кеңінен талданып, еліміздің әр өңірінен келген танымал әдебиеттанушылар, ғалымдар мен жас зерттеушілер тарапынан мазмұнды баяндамалар жасалды.

Конференция салтанатты түрде театрландырылған қойылыммен ашылды. Шығыс Қазақстан облыстық драма және опера театрының шығармашылық ұжымы «Д. Әшімханұлына арнау» атты сахналық композиция ұсынып, жазушының өмірі мен рухани әлемін көркем образдар арқылы таныта білді.