02 нау, 2017 сағат 22:46

Ұлттық орталық Баян Есентаева жайлы сұрақтың неліктен тестілеуге енгізілгенін түсіндірді

Жылда реформа жасамаса көңілі көншімейтін Білім министрілігінің биылдан бастап Ұлттық тестілеуден қазақ тілі мен әдебиетін алып тастағаны. Қаңтардан енгізілген сол ереже, емтихан басталмай жатып қып-қызыл дауға себепкер боп отыр. Өйткені, оқушы түгілі шоу-бизнесте жүргендердің өзін шатастыратын сауал көп. 

Сұрақ:

– Сұхбат қандай мақсатпен алынды?

А) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін

В) Ермек Тұрсыновтың фильмдерін жарнамалау үшін

С) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін

Д) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін

Е) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін.

Осылайша, жоғары оқу орнына түсу үшін Баян туралы білу қажет боп шықты. Аты-шулы продюсер мен комедиялық әртіс жайлы тест сұрақтары қазақ тілі мен әдебиетінің орын басқан «Оқу сауаттылығы» атты пәннің ішінде жүр.

Ал, КТК арнасына ресми жауап берген Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов былай дейді:

- Оқушылардың Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге деген, жалпы оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін біз мұндай қадамға саналы түрде бардық. Ал, нағыз тестілеудің өзінде сұрақтар мемлекеттік білім беру стандарттарына сай болады. 

Әдебиеттегі өнегені өсекке толы "гламурмен" алмастырғандар осылайша талапкер білімін шоу-бизнес арқылы арттырғанына мәз.

Небәрі 8 күннен кейін түлектерден ұлттық тесті тапсыруға өтініштер қабылдау басталады. Бұл сынақ бұрынғы сынақтан өзгерек болмақ. Мектеп бітірушілер міндетті үш пән - «Математика сауаттылығы», «Қазақстан тарихы» және осы шоу-бизнестен сауатын ашатын «Оқу сауаттылығы» пәндерінен, сондай-ақ өздері таңдаған екі пәннен сынақ тапсырады.

Дереккөз: КТК