Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті ауыр атлетика спортшыларының төленбеген жалақыларына байланысты видеохабарламасына қатысты түсінік берді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстан ҰОК өз тарапынан бүгінде барлық ұлттық құрама мүшелеріне, соның ішінде, ауыр атлетшілерге де еңбекақыларын толық және уақытылы төлеп отыр. Спортшылар үшін ҰОК еңбекақысы бірден бір табыс көзі болып саналады. Басқа қаржыландыру көздері пандемияға байланысты өздерінің бюджеттерін қысқартты. Атап айтқанда, демеушілер тарапынан еңбекақы алатын ұлттық құраманың кейбір мүшелеріне төленбеу туралы мәселе бар. Бұл іс жүзінде бәрімізге ортақ мәселе. Бүгінгі таңда барлық мүдделі тараптар жағдайды шешу үшін жұмыс істеуде», - дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.
Сондай-ақ, бас хатшы ҰОК спорт федерациялары мен спортшылар алдындағы барлық міндеттемелерін орындайтынын және қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиынын кезең-кезеңімен қайта жандандыруға көңіл бөліп отырғандығын атап өтті. Оқшаулау режимінде оқу-жаттығу жиынын қауіпсіз өткізу және бақылау мақсатында Қазақстан ҰОК тарапынан арнайы жедел штаб құрылғанын да тілге тиек етті. Төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін «Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты іс-шараларды әрі қарай қаталдату» туралы Қаулысына сай санитарлық-дезинфекциялы режимді қатаң сақтай отыра ҰОК аккредитациядан өткен 29 спорттық базаны жаңа талаптарға сәйкес дайындады. 25 спорттық нысан оқу-жаттығу жиындарын өткізуге рұқсат алды. Тағы төрт спорттық база ҰОК ережелері мен санитарлық дәрігердің жарлығымен өз нысандарын қалыпқа келтіреді. Айта кетерлігі, бүгінде бокс және дзюдодан әйелдер мен ерлер ұлттық құрама командалары оқу-жаттығу жиындарына кірісті.
Сонымен қатар, су добы мен қазіргі бессайыс бойынша ұлттық құрама команда жаттығуын жалғастыруда. Осы аптада қысқы спорт түрлері бойынша команда өкілдерінің жаттығу жиындары басталады деп күтілуде. Басқа да олимпиадалық спорт түрлерінен командалар бекітілген кесте бойынша жаттығу кезеңдерін бастайды.
Сондай-ақ, Андрей Крюков ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарының шығындары мен басқа да қаржылық міндеттемелері мемлекеттік тапсырма бойынша ҰОК тарапынан уақытылы және толық көлемде орындалатындығын атап өтті.