Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Алмаз Шәйкенұлы Нұразхан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры болып тағайындалды. Бұл туралы музейдің Фейсбуктегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алмаз Нұразхан - танымал мәдениеттанушы, суретші. 1964 жылы Зайсан қаласында дүниеге келген.
1979-1983 жылдары Васнецов атындағы Аврамцево көркемөнер-өндіріс училищесінде (Ресей), 1987-1992 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр және көркемөнер институтында, 2004-06 жылдары Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтында білім алды.
1992-1996 жылдары Алматы қаласындағы «Алас» кооперативінің, 1997-1998 жылдары «Балалар мен жасөспірімдердің өнер орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры болды. 1998-2000 жылдары ҚР Суретшілер одағы төрағасының орынбасары, 2000-2004 жылдары Абай атыңдағы ҚҰУ көркемөнер-графика факультеті сәндік-қолданбалы өнер кафедрасының меңгерушісі болса, 2004-2007 жылдары «Дарын-Аrt» ЖШС көркемөнер-өндірістік компаниясының, 2007-2009 жылдары Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Мәдениет пен өнерді шыңдау мемлекеттік қорының директоры қызметтерін атқарды, 2009 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан халқын рухани дамыту қоры» АҚ президенті лауазымында жұмыс істеді.
Педагогика ғылымдарының кандидаты. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі.