Фото: ТЖМ
Қарағанды облысында қолайсыз ауа райына байланысты жолда қалып қойған азаматтарға құтқарушылар көмек көрсетті, деп хабарлайды Ult.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Осакаров ауданында Осакаровка кентінен 7 шақырым жерде орналасқан облыстық маңызы бар «Осакаровка – Нұра» автожолының жабық учаскесінде 9 жеңіл автокөлік қарға батып қалған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жол талғамайтын арнайы техникамен 22 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялап, Сельстрой ауылына жеткізді. Зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болмаған.
Сондай-ақ Нұра ауданында Нұра кентіндегі жабық блок-бекетте жиналып қалған көліктерден 21 адам, оның ішінде 3 бала эвакуацияланып, жылыту пунктіне жеткізілді.
Бұдан бөлек, Нұра кентінен 12 шақырым жерде аударылып қалған жеңіл автокөліктен бір адам құтқарылып, елді мекенге жеткізілді. Тағы бір жағдайда Нұра кентінен 15 шақырым жерде техникалық ақауға байланысты тоқтап қалған жеңіл көліктен екі адам эвакуацияланып, Нұра кентіне жеткізілген. Барлық жағдайда да медициналық көмек қажет болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға жолға шығар алдында ауа райы жағдайын және автожолдардың жай-күйін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.
