16 сәу, 2021 сағат 12:39

Ұлттық кеңес мүшелері Әділет министрімен Президент тапсырмаларын орындау барысын талқылады

Ұлттық кеңестің хатшылығы қоғам өкілдерінің министрлермен онлайн форматта кездесуін ұйымдастыру тәжірибесін жаңғыртты. Осы орайда бүгін Ұлттық кеңес мүшелерінің ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевпен кездесуі өтті. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында М. Бекетаев Ұлттық кеңес мүшелеріне «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, норма шығару процесін жетілдіру, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің негізгі жаңашылдықтары аясында Президенттің жекелеген тапсырмаларын жүзеге асыру барысын баяндап берді. 

Өз кезегінде Ұлттық кеңес мүшелері министрге саладағы түрлі бағыттар бойынша сұрақтарын қойды. 

Е. Қарин аталған кездесу айтарлықтай мазмұнды өткенін, ZOOM-конференция екі сағаттан астам уақыт бойы жалғасқанын жеткізді. 

«Әрине, бірқатар мәселе бойынша кездесуге қатысушылар түрлі ұстанымда болды. Тараптар өзара диалогқа және қоғамның маңызды мәселелерін шешуге өздерінің даярлығын көрсетті. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың бұл форматы ары қарай жалғасады және жақын арада басқа министрлермен осындай кездесулерді өткізу жоспарланып отыр», - деп жазды Ерлан Қарин.