10 қар, 2016 сағат 11:54

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы ескі ақшаларды вагондап тасып, өртегенін айтты

ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы (1998-1999 жылдары болған - ред.)  Қадыржан Дамитов бұрынғы төрағалардың кездесуінде ескі банкноттардың көзін қалай жойғанын айтып берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Кеңес үкіметі кезінде Жамбыл (Тараз) мен Петропавл қалаларында ескі ақшаларды сақтайтын екі аймақтық қойма болды. Содан кейін түсініксіз кезең басталып, Одақ құлады. Кеңес рублін қолдану заңсыз болды. 1998 жылы аталған екі қойма ескі ақшаға толды. Ақша шіри бастады, ескі ақшаның иісі жаман болады», - деп есіне алды Қадыржан Дамитов.

Сөзінде Қ.Дамитов тағы бір мәселені еске түсірді.

«Ол кезде Ресейдің Центробанкімен байланыс болды. Ендігі жерде ескі ақшаны соларға тапсыру керек пе, әлде оларға санату қажет пе деген мәселе болды», - деді Қ.Дамитов. Ресейдің Орталық банкіне жазылған хатқа олардың тарапынан нақты жауап келмеген соң Қ.Дамитов ескі ақшалардың көзін жоюға бұйрық берген.

«Бұл тонналаған қағаз еді, иістеніп, шіріген. Жартысын біз Шымкент кәсіпорнында өртедік. Жартысын вагондармен Қарағандыға «Карметкомбинатқа» апарып, металлургиялық пештерде өртедік»,- деді ол.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://inform.kz/kz/ulttyk-banktin-buryngy-toragasy-eski-akshalardy-vagondap-tasyp-ortegenin-aytty_a2968227