Фото: ҚР ҰБ
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жылдық инфляцияның баяулау қарқыны жоғары. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады. Реттелетін бағалардың көтерілуінен болған қайталама әсерлерден тәуекел күшейді. Олар бұрын теңге бағамының динамикасымен өтелген болатын.
Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады" - делінген хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, жылдық инфляция биылғы қыркүйекте осы жылға арналған болжамды диапазонның 10-12% төменгі шегіне апаратын траектория бойынша 11,8%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның төмендеуі ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен былтырғы жоғары база әсерінің біртіндеп сарқылуы аясында жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру жағдайында орын алып отыр. Қыркүйек айындағы көрсеткіш тұрғын үй коммуналды шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) тарифтерінің күтілгеннен қалыптырақ өсуіне байланысты болжамнан төмен болды. Айлық инфляция 0,6% болды. Бұл орташа тарихи мәндерден әлі де айтарлықтай жоғары. Инфляциялық процестердің орнықтылығын сипаттайтын базалық инфляция тұрақтанып келеді.
"Инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляциялық күтулер біршама жеделдеді. Бір жылдан кейін күтілетін инфляция қыркүйекте 17% (тамызда – 16,4%) болды. Алайда, сезілетін инфляция қыркүйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді. Жалпы алғанда, күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасы ТКШ нарығындағы реформалардың іске асырылуын және ЖЖМ бағасының өсуін көрсетеді.
Сыртқы инфляция баяулай отырып, жағымды қалыптасып келеді. Бірақ жекелеген проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер артты. Сүт өнімдері, өсімдік майы, ет пен дәнді дақылдар құны түскендіктен, әлемнің азық-түлік нарығында бағалар да төмендей бастады. Дегенмен инфляциялық процестердің орнықтылығы дамыған елдерде мөлшерлемелердің төмендеу мерзімін жылжыта бастады және орталық банктер тарапынан тежеу саясатының күшеюіне әкеледі. Еуропа Орталық Банкі 2023 жылғы қыркүйектегі соңғы шешімінде жоғары инфляцияны әлде де төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі де пайыздық мөлшерлемені көтеруі мүмкін. ОПЕК+ елдері мұнайды ерікті түрде шектеуді ұзартқан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясында инфляция қарқын алып кете ме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыркүйекте инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары жалғасын тапты" - делінген хабарламада.
ҰБ мәліметінше, ақша-кредит талаптарының ұстамды қатаң сипаты 2023 жылдың қорытындысы бойынша болжамды дәліздің төменгі шекарасына 10-12% жақын инфляцияны одан әрі төмендетуге, сондай-ақ оны ортамерзімді келешекте 5%-дық мақсатқа жақын тұрақтандыруға ықпал ететін болады. Ұлттық Банк ықтимал ауытқуларға уақытылы жауап беру үшін жылдық инфляцияның нысанаға келу траекториясын қадағалайды.