Ағымдағы жылдың 21 қарашасында республика судьяларының VII съезі өтеді. Төрт жылда бір рет шақырылатын судьялар құрылтайының мерзімінен бұрын өтуінің өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, сот жүйесі жаңа заңдар мен Ұлт жоспарына сәйкес жүргізілген реформалар жағдайында жұмыс істеді. Жоғарғы сот аталған бағдарламалық құжатта өзіне жүктелген барлық міндеттерді мерзімінен бұрын орындады. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес судьялардың жаңа әдеп кодексі әзірленді. Ал оны қабылдау – судьялар съезінің айрықша құзыретіне жатады. Осы алқалы жиында сот жүйесіндегі іргелі реформалардың іске асырылу нәтижесі мен болашаққа бағытталған мақсат-міндеттер айқындалатын болады.
Ұлт жоспарына сәйкес іске асырылған ең басты ауқымды реформа – сот сатыларының оңтайлануы. Нақтырақ айтар болсақ, сот төрелігі бес сатылы жүйеден үш буынды (бірінші, апелляциялық және кассациялық) жүйеге көшті. Жаңа үш деңгейлі сот жүйесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Бірінші сатыдағы сот – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар және кассациялық саты – Жоғарғы сот деп белгіленді.
Негізінде, сот сатыларын қысқарту мәселесі әу баста-ақ Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген болатын. Аталған құжатта: «Сот жүйесін жетілдіру нәтижесінде түрлі сот инстанциялары функцияларының қосарлануы жойылуға тиіс» делінген.
Сот сатыларын оңтайландырудың басты мақсаты – сот төрешілдігін қысқарту, азаматтардың әуре-сарсаңға түсуіне жол бермеу және олардың сот процестерін қасақана созбалаңға салуын болдырмау, сот шешімінің қабылдануы мен оның орындалуын жеделдету арқылы азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін барынша жеңілдету.
Бес сатылы сот жүйесі Кеңестік кезеңнен қалған жүйе болғандықтан қоғамның сұранысын толық қанағаттандыра алмады. Тұрғындар апелляциялық және кассациялық сатылардың облыстық сотта шоғырлануының тиімсіздігін жиі сынға алатын. Расында да, кассациялық саты іс жүзінде заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау бойынша қадағалау қызметін атқаратын. Сондықтан да оның Жоғарғы сот деңгейіне шығарылуы – дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп есептеймін.
Орайы келіп тұрғанда кассациялық сот алқасына қатысты өзгерістерді де нақтылай кетейін. Апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енген соң, онымен келіспеген жағдайда тараптардың кассациялық сот арқылы Жоғарғы сотқа шағымдану мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл жерде кассациялық сотқа шағымдану тәртібіне сай, төмен мөлшерде мемлекеттік баж салығын төлеуді енгіздік. Міне, осындай өндірістік процестерден өткен істерді Жоғарғы сот судьялары қарайды. Заңға сәйкес негіздер болған жағдайларда төменгі соттардан келген шешімдер өзгеріссіз қалдырылады немесе олар қабылдаған шешімдер өзгертіліп, күші жойылады. Мысалы, заңға сәйкес сот ісін қайта қарау үшін соған негіз болатын жаңадан ашылған мән-жайлар мен нақты фактілер болуы тиіс. Егер іс құжаттары толық жинақталмай келсе, оған шешім шығаруға құзыретіміз жоқ. Сондықтан да осы тұрғыдан алғанда, істі қайта қарау үшін облыстық соттың апелляциялық сот алқасына қайта жібереміз. Ал құқықтық негізі жағынан келгенде, бізге дейінгі соттардың заң нормаларын дұрыс қолданбағандығын нақты атап көрсете отырып, шешім қабылдаймыз. Осы жерде азаматтық істер алқасының судьялары істің күрделілігіне орай, тақ саннан құралып үшеу, бесеу болатындығын да ескерте кетейік. Өйткені, бұдан кейінгі сатылық сот жоқ. Демек, кассациялық алқаның шешімі соңғы әрі заңды болып табылады.
Осы қадамды іске асыру 2015 жылғы 31 қазанда қабылданған жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодексте және Қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бұл жерде тағы бір айта кететін жаңашылдық – бұрын аудандық сот шешіміне келіспеген тарап (әсіресе, азаматтық істерде) істі қайта қарату үшін жеке азаматтар 1 пайыз, ал заңды тұлғалар даулау қаржысының 3 пайызын мемлекеттік баж салығы ретінде төлеуі тиіс еді. Яғни, даулайтын жалпы соманың белгіленген пайызын алдын-ала төлемесең, сенің қайта арыздануға құқығың жоқ болатын. Міне, тап осы шектеуді біз жаңа заңнан алып тастадық.
Үш сатылы сот жүйесі – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Осы өзгерістің нәтижесінде сот төрелігінің қолжетімділігі артып, түбегейлі шешім қабылдау мерзімі айтарлықтай қысқарды. Сот ісін жүргізудің бұл моделі халықаралық стандарттарға сай келеді және сот төрелігінің тиімділігін арттырды. Институтты реформаны іске асырылғанына аз ғана уақыт өткеніне қарамастан, талдау нәтижесі соттар жұмысы сапасының жақсарғанын көрсетті.
Келесі бір маңызды тақырыптардың бірі – сот мәртебесіне қойылатын талап, тәртіптер туралы айтсақ. Ұлт Жоспарының 19-қадамында судьялардың есептілігін күшейту және судьялардың жаңа Әдеп кодексін әзірлеу белгіленді. Жаңа әдеп кодексін әзірлеу негізінде азаматтар судьялардың әрекетіне қатысты еліміздің Жоғарғы соты жанынан арнайы құрылған сот жюриіне шағымдану мүмкіндігіне ие болды.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 38-1-бабына сәйкес сот жюриі жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның отставкаға шығу құқығын және оны тоқтатуды растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін құрылды. Оның құрамында біліктілік және тәртіптік бағыттағы екі дербес комиссия құрылды.
Біліктілік комиссиясының құзыретіне қызметтегі судьялар жұмысының алғашқы жылының қорытындысы және әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ жоғары тұрған сот лауазымына арналған конкурсқа қатысқан жағдайда кәсіби деңгейіне бағалау жүргізу мәселелері кіреді. Тәртіптік комиссия судьялардың әрекетіне қатысты арыздарды, соның ішінде азаматтардан тікелей келіп түскен шағымдарды қарастыратын болады.
Жаңа заңға сәйкес сот саласында 20 жылдан астам судьялық жұмыс өтілі бар судьялар кәсіби біліктілігін дәлелдеуден босатылады. Ал ондай өтілі жоқ судьялар әрбір бес жыл сайын өзінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп отыруы тиіс. Оны кімдер анықтайды? Бұл жерде Жоғарғы сот жанындағы Сот жюриі алқасының мүшелері үміткердің ісін саралап, таразылай келе, бес жылдық біліктіліктен өткен немесе өтпегендігін растай алады. Бұл Елбасымыздың айтып жүрген соттарға қойылатын талапты күшейтудің бірден-бір тетігі болып табылады. Әрине, бұдан тыс судьялыққа үміткердің заңгерлік білімінің болуы мен оның жасына қатысты талап, моральдық-психологиялық болмысы да мұқият назарға алынады. Сонымен қатар, жеке басының жүріс-тұрысы мен тәртібінің саралануы да заңдылық.
Мемлекет басшысы біздің алдымызға судьялардың жаңа Әдеп кодексін әзірлеуді тапсырды. 1996 жылы 19 желтоқсанда судьялар I-съезінде қабылданған Судьялардың қолданыстағы әдеп кодексінің ережелері ескірді. Ол барлығы 7 баптан тұратын, әрине судьялардың әдеп мінез-құлқының көптеген аспектілерін қамтымайды. Осыған байланысты судьялардың әдеп нормаларын талаптарын бүгінгі уақытпен үндестіру мақсатында Кодекс қайта әзірленді. Оның жобасы бойынша Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясы сарапшылары тарапынан оң қорытынды алдық.
Негізінде, Жоғарғы сот пен Судьялар одағы өзінің күнделікті жұмысында судьялардың әдеп тәртібін ұстануына назар аударады. Барлық облыстарда Судьялар әдебі жөніндегі комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Судьялық лауазымға үміткерлер іріктеу барысында азаматтық қоғам өкілдерінен (ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері) құралған Қоғамдық кеңестің сынынан өтеді.
Сот төрелігін кәсіби сауатты және моральдық-адамгершілік болмысы мінсіз заңгерлер жүзеге асыруы тиіс. Осы екі қасиеттің үйлесуі азаматтардың судьяға сыйластықпен қарауының кепілі бола алады. Қоғам судьядан терең кәсіби біліммен қатар, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді талап етеді. Осы ережелер толығымен қамтылған жаңа кодекстің талаптарын қызметтегі және отставкадағы судьялар қатаң сақтауы тиіс.
Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми өзінің бір сөзінде: «Ұлт жоспарын орындау нәтижесінде соттардың жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Олар неғұрлым кәсіби, жедел, ашық, қолжетімді, әділ әрі тәуелсіз бола түсті. Соттардың ашықтығын арттыру жөніндегі практикалық құралдар күшейтілуде. Азаматтар үшін бұл тек қана мынаны білдіреді – олар әрқашан өздерінің заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіне алады, ол қорғауды қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкестікте алады», — деген болатын.
Расында да, Ұлт жоспары сот жүйесін айтарлықтай жаңғыртты. Бұған халықаралық ұйымдар тарапынан әзірленген рейтингтер («Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі», «Douing Business») мен жүргізілген әлеуметтік зерттеулер дәлел бола алады. Мәселен, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы тарапынан жүргізілген тәуелсіз сауалнамаға қатысқан қазақстандық респонденттердің 71,3 %-ы соттар жұмысының сапасына толық қанағаттанатындықтарын жет-
кізсе, Жоғарғы сот жүргіз-
ген онлайн-сауалнамаға қатысқандардың 77,3%-ы сот сатыларын оңтайландыру сот төрелігінің тиімділігін арттыруға септігін тигізді деп есептейді. Міне, халықаралық ұйымдар мен азаматтардың берген жоғары бағасын елімізде жүргізілген сот-құқықтық реформалардың нақты жемісі деуге болады!
Ақылтай ҚАСЫМОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы