03 шіл, 2025 сағат 11:32

Ұлт пен руханият үндестігі: Борис Акерман мен Қайым Мұхамедханов достығы туралы не білеміз?


Фотосуретте: Қайым Мұхамедханов, Борис Акерман, үшінші адам белгісіз. Дина Қайымқызының мұрағатынан



Қазақ әдебиеті тарихында белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов пен кеңестік әдебиетші, аудармашы Борис Акерман арасындағы достық ерекше орын алады. Бұл тек екі зиялы тұлғаның қарым-қатынасы ғана емес, сонымен бірге ұлт пен ұлтты жақындастырған, руханият пен мәдениетті тоғыстырған терең мағыналы байланыс болды. Олардың достығы туралы бүгінде Қайымның ұрпағы ұмытпай жүр, – деп жазады Ult.kz тілшісі. 


Қайым Мұхамедханов – Алаш арыстарының өмір жолын зерттеп, олардың мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізуде өлшеусіз еңбек сіңірген абыз тұлға. 1940–1950 жылдары Абай шығармашылығын ғылыми тұрғыда жүйелеп, алғашқылардың бірі болып Абайтану ғылымының негізін қалады. Алайда кеңестік жүйе оның бұл еңбегін теріс бағалап, қуғын-сүргінге ұшыратты.


Сол қиын-қыстау кезеңдерде Қайымға қолдау білдірген санаулы тұлғалардың бірі – Борис Акерман еді. Ол Қайымның тек ғалым ретіндегі еңбегіне емес, оның адамгершілігіне, мәдениетке деген адалдығына үлкен құрметпен қарады. Қайым ақталғаннан кейін де, Акерман оны ғылыми ортаға қайта бейімдеуге күш салды. Бұл – азаматтық ерлікке пара-пар әрекет болатын. Бұл туралы Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Қайымқызы әңгімелеп берді.



Фото: Дина Қайымқызының жеке мұрағатынан


«Борис Акерман – репрессияға ұшырап, Семейге жер аударылған. Ол – орыс интеллигенциясының өкілі, әдебиетші, өте адал, парасатты адам болған. Қайым Мұхамедханов бұл кісіні ерекше қадірлеп, бағалаған.
1947 жылы Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың бастамасымен Абай музейі Қазақ ССР Ғылым академиясының қарамағына берілді. Бұл шешім – музейдің өзін сақтау үшін, ауыр экспедициялар барысында жиналған баға жетпес экспонаттарды сақтау үшін, музей жұмысындағы ғылыми-академиялық бағытты жоғалтпау үшін қажет болды.
Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен 1947 жылы Абай музейінің директоры болып Қайым Мұхамедханов тағайындалды. Қайым музейдің ғылыми хатшысы қызметіне Борис Акерманды таңдады.
Алайда 1951 жылы Қайымның Абай мұрасына деген адалдығы үшін оған қарсы шабуылдар басталды. Абай музейі де сын мен қуғынның нысанасына айналды. Бұл туралы сол кезеңдегі ресми құжаттар мен газет жарияланымдары куәлік етеді. Нәтижесінде музейдің директоры мен ғылыми хатшысы – Қайым мен Акерман қызметтерінен босатылды», – дейді Дина Мұхамедхан. 


Қайым мен Акерманды біріктірген  басты ортақ құндылық – Абай мұрасы. Қайым Абайды қазақтың ұлттық рухани темірқазығы деп таныса, Борис Акерман оны бүкіл адамзатқа ортақ ақыл-ой иесі ретінде көрді. Бұл рухани үндестік екеуінің ғылыми байланысын тереңдете түсті. Борис Акерман Қайым жазған еңбектерге пікір білдіріп, Абай поэзиясын орыс тілді аудиторияға жеткізу жолында белсенді жұмыс істейді. Дина Қайымқызының айтуынша, жоғарыдағы оқиғадан кейін Қайым заңсыз тұтқындалып, бүкіл мүлкі тәркіленді. Ол бірнеше жылын түрмелер мен Қарлаг лагерлерінде өткізеді. Отбасы тіршіліксіз қалды.


«Осы қиын шақта жанкешті еңбегімен Фархинур отбасыны аман алып қалды. Демек, ол Қайымды да, оның ғылым мен мәдениет жолындағы мұрасын да сақтап қалды.
«...Шаттығыңа әркім ортақ, дос та, көп, 
       Қайғыңа ортақ, шын адал дос табылмас...» (Қарлаг. 1952 ж.)
-  деп жазды Қайым Карлагтан Фархинурға арналған бір өлеңінде. 
Ол әрдайым хаттарында өзінің досы әрі әріптесі Борис Акерманға сәлем жолдап отырды. Оны еркелетіп «Бөке» деп атаған.
Отбасы үшін ең ауыр жылдарда Борис Акерман Қайымның  ең адал досы болып қалды. Ол қорықпай, үйге келіп тұрды, балаларға тәттілер әкеліп, қолдан келгенше көмектесті.
Ең бастысы – ол Қайым үшін күресті: барлық жылдары Фархинурмен бірге әртүрлі мекемелерге хат жазып, әділеттілік талап етті», – дейді Дина Қайымқызы.


Қайым мен Борис арасындағы достық – идеологиялық қыспаққа, саяси өзгерістерге қарамастан үзілмеген рухани байланыстың үлгісі. Олар әдебиет пен ғылымды саясаттың емес, адамзаттың игілігі деп ұққан зиялылар болды. Бұл достықтың арқасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті шекара асып, кеңестік кеңістікте жаңа деңгейде танылған десек артық айтқандық емес. 


Ақбота Мұсабекқызы