23 қыр, 2022 сағат 15:56

Украинаның Ресей бақылауындағы аймақтарында референдум басталды


Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдар "ДХР" мен "ЛХР", сонымен бірге Украинаның Ресей бақылауындағы Херсон облысы мен Запорожье облысының бір бөлігінде Ресейге қосылу туралы референдум басталды. Украина, АҚШ және Батыс елдері "жалған" референдум нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.

Науқан бес күнге созылады. Алғашқы төрт күнде дауыс беру сайлау учаскелерінде емес, орталықтан шеткері орналасқан үйлерді аралау арқылы жүзеге асады. Донбасс тұрғындары, сонымен бірге Украинаның Ресей әскері басып алған Херсон облысы мен Запорожье облысының бір бөлігінде тұратындар сайлау учаскелерінде 27 қыркүйекте дауыс береді.

Басқыншы билік мұндай шешімді "тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында қабылданды" деп түсіндірген. Тұрғындардың дені майдан шебіндегі елдімекендерде дауыс беруге мәжбүр болады. Дауыс беру учаскелері жұма күні Ресейде де ашылды.

Ресей дәл осындай әдісті 2014 жылы Қырымды аннексиялау кезінде қолданған.

Жікшіл "ДХР" мен "ЛХР" тұрғындарына бір ғана сауал қойылады: "Ресейге қосылуды қалайсыз ба?".

Ресей президенті Владимир Путин биылғы ақпанда бұл екі аймақтың "тәуелсіздігін мойындау" туралы жарлыққа қол қойған. Херсон облысы мен Запорожье облысының бір бөлігіндегі тұрғындарға қойылатын үш сауал бір сұраққа біріктіріледі: "Сіз облыстың Украина құрамынан шыққанын, облыстың дербес мемлекет болғанын, оның Ресей Федерациясы субъекті құқығымен Ресей Федерациясына қосылуын қалайсыз ба?".

Басып алынған аумақтардағы референдум, 2014 жылы Қырымда өткен референдум секілді, Ресейдің де, Украинаның да заңдарына қайшы. Ресей заңдарында референдумды ұйымдастыру мен өткізу кем дегенде төрт айда жүзеге асырылуы керектігі жазылған. Украинаның Ресей бақылауындағы аймақтарында референдум күні 20 қыркүйекте жарияланды. Осылайша саяси науқанға дайындық бар болғаны үш күнге созылды.

Украина Конституциясында ел аумағын өзгерту жөніндегі мәселе жалпыукраин референдумында ғана шешілетіні жазылған.

Киев Ресейдің референдум өткізу ниетін украин армиясының қарымта шабуылға көшуімен байланыстырды.

Референдум өтеді деп жарияланған аумақтардың барлығын әлем елдерінің басым бөлігі Украина жері деп есептейді. Украина билігі, сонымен бірге АҚШ пен Батыс елдерінің өкілдері бұл аумақтарда өтетін референдумды заңды деп мойындамайтынын бірнеше мәрте мәлімдеді. 2014 жылы Қырымның аннексиялануын мойындамаған Еуропа кеңесі жақында ғана жариялаған мәлімдемесінде басып алынған аумақтардағы референдум нәтижесін заңды деп мойындамайтынын жариялады. БҰҰ жарғысы өзге елдің аумағын аннексиялап алуға тыйым салады.

Азаттық