12 шіл, 2023 сағат 11:39

ҰҚК мен ІІМ арнайы операциясы: үш қалада 20 адам ұсталды

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

4 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Батыс Қазақстан облысы Прокуратурасының үйлестіруімен Алматы, Орал және Ақсай қалаларында екі қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолын кесу бойынша бір мезгілде арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бопсалау, бұзақылық және тонау күдігімен қылмыстық топтың 20 қатысушысы ұсталған.

"Бірқатар тінту шаралары жүргізіліп, нәтижесінде атыс және суық қарулар, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің бас пайдалары үшін бейбіт азаматтарды қорқытқандары белгілі болды. Өз кезегінде, жапа шеккендер физикалық зорлық-зомбылықтан қауіптеніп, ішкі істер органдарына жүгінбеген.

Аталған топтар бұрын сотталғандар және деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған. Сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері бір-бірімен текетіресте болғандары және белгілі бір аймақтарда өз әмірлерін жүргізу үшін қару қолдана отырып қақтығыстарға барғандары белгілі" - делінген хабарламада.

Іске асырылған шаралар өңірдегі қылмыстық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді деп күтіледі.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

видео: ҰҚК баспасөз қызметі