30 жел, 2016 сағат 11:07

ҰҚК экстремистік ұйымның 33 мүшесін ұстаудың мән-жайын түсіндірді

ҰҚК "Ат-Такфир уәл-Хиджра" діни-экстремистік ұйымының 33 мүшесін қалай ұстағандарын айтып берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдары жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде "Ат-Такфир уәл-Хиджра" діни-экстремистік ұйымының қазақстандық 33 мүшесі ұсталды. Олардың 14-і - Алматыда, тағы 14-і - Алматы облысында, Ақтөбеде - 2 және Атырауда - 3. Ұсталғандардың барлығы - Қазақстан Республикасының азаматтары. Олардың арасында әйелдер жоқ", - делінген ҰҚК өкілдерінің редакция жолдаған сауалға берген жауабында.

Сондай-ақ, ұсталғандардың тұратын және жиналатын мекен-жайлары бойынша жүргізілген тінту барысында діни материалдар, компакт-дисктер, компьютерлік техника және үлкен сомада ақша табылып, тәркіленгені айтылады. 

ҰҚК мәліметінше, олар экстермистік идеологияны заңсыз түрде насихаттап, адамдарды республика аумағында теократиялық мемлекет құруға шақырған. Діни-экстремистік ұйымның Қазақстандағы ұяшықтарын шетелден басқарып отырған.

"Ұсталғандарға қатысты дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының 2-бөлігі бойынша және 174-баптың 2-бөлігі бойынша Бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Экстремистік ұйымдағы мүшелердің басым бөлігі - Алматы, Атырау және Маңғыстау облысының тумалары", - деді ҰҚК өкілдері.

Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілерде ұсталғандардың Сирияға немесе Иракка кетуге жоспары болғаны жайлы мәлімет жоқ. Бірақ ведомство мәліметінше, олар Сирия мен Ирак елдеріндегі террористердің әрекетін қолдайтыны жайлы айтып жүрген.

"Ат-Такфир уәл-Хиджра" ұйымы зайырлы мемлекеттік билік формасы мен конституциялық құрылымды мойындамайды. Олардың Қазақстандағы мақсаты - теократиялық мемлекет (халифатты) құру", - деді ҰҚК өкілдері.

Еске салайық, 21 желтоқсанда ҰҚК Алматы мен Қазақстанның үш облысында еліміздің аумағындағы "Ат-Такфир уәл-Хиджра" діни-экстремистік ұйымын залалсыздандыру мақсатында арнайы операцияны бастаған болатын. Діни араздықтықты тудырды деген күдікпен елімізде тыйым салынған ұйымның 16 адамы ұсталып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарына жеткізілген.

Ал 23 желтоқсанда ҰҚК арнайы операция кезінде 33 адамды ұстағаны хабарланған болатын. "Ішкі істер органдары бөлімшелерімен бірлесе діни алауыздықты қоздырды және аталған ұйымның іс-әрекетіне қатысты деген күдікпен барлығы 33 адам ұсталды", - делінген еді ҰҚК хабарламасында.