04 там, 2023 сағат 14:45

ҰҚК "Азаматтарға арналған үкіметтің" тағы бір қызметкерін ұстады

Фото: ҚР ҰҚК

"Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕҰ қызметкері ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып жүргізген жедел-тергеулік іс-шаралар нәтижесінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ұйымының жергілікті бөлімшесі бастықтарының бірін ұстады", - делінген хабарламада.

Ол Қазақстанның аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымына жататын деректер базасындағы жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді өзімшілдік ниетпен заңсыз өзгертті деген күдікке ілінген.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 206-бабының 3-бөлігімен ("Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру") қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Көкшетау қаласының соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.