Елбасы Сағынтаев басқарған Үкіметті отставкаға жіберді. Мемлекет басшысы жүйелі жұмыстардың жүргізілмегенін, әлеуметтік проблемалардың қордалана түскенін ашық айтты. «Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді» деді. Кейбір қоғам белсенділері Елбасы шешімін соңғы жағдайлардағы шиеленісті оқиғалармен байланыстырып, «Көпбалалы аналар таратқан Үкімет» деген айдар тағып үлгерді. Не десек те, Үкіметтің жаңа құрамына артылар жүк ауыр болмақ.
Кешегі жаңалықтан кейін «Келесі Премьер кім болады?» деген сұрақтың бас көтергені анық. Қазірдің өзінде саясаттанушылар мен қоғам белсенділері түрлі жорамал жасап, ауыс-түйіс туралы әңгімені жандандыра түсті.
Ұлт порталы бұған дейін Үкіметтегі өзгерістерге болжам жасап, өз жорамалын ұсынған болатын. Алайда біз ойлаған «үлкен өзгеріс» өткен күзден биылғы жылға «шегерілген» екен.
Күзден кейін Президент Әкімшілігінің басшысы ауысып, министрлер кабинетінде де бірең-сараң өзгерістер болғанмен, айтарлықтай ауыс-түйістер бола қойған жоқ.
Біз бүгін алдағы болатын тағайындаулардың алдын алып, аз-кем божам жасауды ұйғардық.
Әрине, алғашқы ой Сағынтаевтың орнын кім басады деген сауалдың төңірігінде туындайды. Жорамалшылар негізгі басымдықты дәл қазір Үкімет басшысы міндетін атқарып отырған Асқар Маминге береді. Саясаттанушы Айдос Сарым да Елбасы жаңа премьер-министрлікке Маминді ұсынады деп топшылайды. «Президентке тәулік бойы әкімдер мен министрлерді түртпектеп, қаузап отыратын қатал басшы керек. Бұл мақсатқа Мамин өте лайық адам. Ол еңбекқор және біршама қатал басшы» дейді ол.
Үкіметбасы болуы мүмкін тұлғалардың қатарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовтің есімі жиі айталады.
Сондай-ақ екі мәрте Премьер-Министр болған, қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовтың қайта оралуы ғажап емес.
Тағы бір жорамал Алматы әкімі Бауыржан Байбектің Астанаға ауысып, Сағынтаевтың орынын басуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бұған дейін біз болжағандай, Үкіметтің ауысуы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовті елге қайтаруы мүмкін. Премьер-Министр лауазымына Иманғали Нұрғалиұлын лайық көретіндердің қатары көп. Қазіргі жағдайда оның саяси салмағы мен көпжылдық тәжірибесі, білімі мен біліктілігі, тез шешім қабылдайтын қарым-қабілеті қажет екені сөзсіз.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевті де Үкімет басында отыруы тиіс саяси салмағы жоғары тұлғалардың қатарына қосатындар жетерлік.
Дегенмен, күтпеген шешімдер қабылданып, мүлде басқа тұлғалардың бой көрсетуі мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Үкімет басшысының ауысуы министрлер кабинетінен бастап әкімдер корпусының өзгеруіне себеп болуы тиіс.
Біздің ойымызша, тағайындалғанына көп бола қоймаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаев пен Қаржы министрі Әлихан Асханұлы, Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов және құрылғанына көп уақыт өтпеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Жеңіс Қасымбек өз орнында қалады.
Кешегі өртке оранған бес бала оқиғасынан басталып, аналар минтингіне дейін ұласқан қоғамдық толқу Еңбек және әлеуметтік қорғау министрi Мәдина Әбілқасымованы бір шайқап өтті. Өзгерістердің басы дәл осы министрліктен басталып, жиі сын садағына ілігетін ҚР Білім және ғылым министрігіне де жетуі мүмкін.
Бұл ретте, «әсіре реформашыл» министр Ерлан Сағадиевке де тықыр таянған секілді. Қазірдің өзінде бұл қызметке «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова мен кейінгі кезде белсенділігімен көзге түсіп, оң пікір қалыптастырған Эльмира Суханбердиева ұсынылып үлгерді.
Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымын қайта оралуын қалайтындардың саны аз емес. Бұл орыннан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова да үмітті.
Қазіргі билік олимпінде саяси ықпалы мен салмағы едәуір артқан Аида Балаева Мәдениет және спорт немесе Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тізгінін ұстауы мүмкін. Тіпті бір облысқа басшы болып, әйелдер арасынан шыққан тұңғыш әкім атануы бек мүмкін.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ҚР Мемлекеттiк хатшысы лауазымына көтерілуі ықтимал екенін бұрынырақ жазған болатынбыз. Ал, бұл орынды қазіргі вице-министр Ерлан Қожағапанов алмастыруы мүмкін.
Сондай-ақ Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омар мен БҚО әкімі Алтай Көлгінов те министр орынтағына жайғасуы мүмкін тұлғалардың қатарында.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Алматы облысының әкімі, зейнет жасындағы Амандық Баталовтың орнына барып, әкімдік қызметке ауысуы мүмкін.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Қарин Ақпарат және коммуникациялар министрі болады деген де сыбыс бар. Тағы бір ақпарат көзі Ерлан Тынымбайұлы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайды алмастырады деген ойды қуаттайды.
Бір жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі болған, қазіргі Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та идеологиялық бір министрліктің тізгінін ұстауы мүмкін.
Соңғы кезде зейнет жасындағы Шығыс Қазақстан облысына әкімі Даниал Ахметов пен Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың сенаторлар қатарын толықтыратыны туралы жиі айтыла бастады. Әңгіме ауанына қарағанда аталған облыстарға жаңа басшы тағайындалуы әсте мүмкін.
Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Нақты саяси өзгерістердің шешімі Ақорданың құзырында.