22 ақп, 2019 сағат 13:37

Үкіметтің жаңа құрамы қалай жасақталады?

Кеше кешкісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тоссыннан мәлімдеме жасап, ел экономикасын сапалы дамытуға серпін беретін нақты құралдарды толыққанды жасап шығара алмаған, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында нақты нәтижелерге қол жеткізбеген Бақытжан Сағынтаев басшылық жасайтын Үкімет отставкаға кетуі тиістігін айтқан болатын.

«Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді. Бұл ретте, мен ел Президенті әрі Конституцияның кепілі ретінде халықтың мүддесін ескере отырып, мынадай шешім қабылдадым. Үкімет отставкаға кетуге тиіс деп санаймын», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бақытжан Сағынтаев та ұзақ күттірген жоқ, ел Үкіметінің отставкаға кетуіне байланысты арнайы мәлімдеме жасады.

«Бүгін Үкімет отставкаға кетті. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді. Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық»,  - деп атап өтті ол.

Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Үкіметінің орнынан түсуі туралы Жарлыққа қол қойып, Премьер-Министрдің міндетін уақытша атқаруды Асқар Маминге жүктеген еді.

Енді ҚР Конституциясының 44-бабының 3 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді. Парламент Мәжілісінің келісімі алынғаннан кейін Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды.

Сонан соң Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындап, Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайтындығын ескерген жөн.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңның 3-1-бабына сәйкес  Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшесi Қазақстан халқына және Президентiне ант бередi.

Үкiмет мүшелерiнiң антын Республика Президентi өзi белгiлейтiн тәртiппен қабылдайды.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта қоғамда «Үкімет мүшелерімен бірге облыс әкімдері де отставкаға кетеді» деген ақпарат тарап жүр. Бұл мүлдем жаңсақ пікір. Үкімет мүшелері отставкасының облыс әкімдеріне еш қатысы жоқ. Ол еліміздің Конституциясының 87-бабында тайға таңба басқандай жазылған. Аталған баптың 4-тармағында «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы», - делінген.

ҚазАқпарат