Үкіметтің басты мақсаты – вирустың әрі қарай таралуын тоқтату, бірқатар шектеулерге қарамастан әрбір азамат өзінің ел алдындағы жауапкершілігін таныта отырып, уақытша оқшаулану тәртібін ұстануының өзі мемлекетке үлкен көмек әрі қолдау. Бүгінде мемлекет ұлттық экономиканы қолдау және экономикалық белсенділік деңгейін жоғалтпау, жұмыс орындары мен халық табысының деңгейін сақтап қалу үшін теңдессіз шараларды қабылдауда. Осы шаралар кеше ғана Мемлекет басшысы Қ.Қ.Токаев өз мәлімдемесінде жария етті.
Президент өз мәлімдемесінде азаматтар мен бизнесті әрі қарай қолдау туралы шешімдерін айтып өтті. Ең үздік шешімдердің бірі – экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнес субъектілерін 6 айға (1 сәуірден 1 қазанға дейін) салық және басқа да төлемдерден босату. Шығынға ұшырап, табыстан айырылған бизнес секторлардың бірі – қызмет көрсету саласы, яғни қоғамдық тамақтану, сауда, транспорттық қызметтер, қонақ үй, туризм, IT-сектор және т.б. салалар.
Бұл шара уақтылы әрі өте маңызды, себебі бүгінде қызмет көрсету саласы шағын және орта бизнес саласының басым бөлігін, яғни 75% құрайды.
2019 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық субъект қызмет етеді, яғни жалпы шағын және орта бизнес субъектілерінің 73% құрайды. Шағын және орта бизнес өкілдері (1,2 млн. жуық) бүгінде 3,2 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, ал бұл өз алдына елде жұмыспен қамтылғандардың шамамен 37%-ын құрайды. Сол себепті шағын және орта бизнес өкілдері үшін салық пен басқа да төлемдер шығынның біршама бөлігін де қамтитынын ескерсек, бұл шаралар пандемия мен төтенше жағдадың кері әсерін алдын-алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет мақсатты түрде дағдарысқа қарсы шараларды кеңейтуде, себебі шағын және орта бизнес біздің экономикамызға өсім береді. Тек 2019 жылы жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің үлесі 29,5% ұлғайып, бір жылда ел экономикасының өсімін 4,5% жеткізуге мүмкіндік берді. Бизнес климатты жақсарту жөнідегі реформалар халықаралық сарапшылардың оң бағасын алуда. Бүгінде Дүниежүзілік банк «Doing Business» рейтингісінде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 190 елдің ішінен 28 орынды иеленді. Осы орайда, мемлекеттің шағын және орта бизнестің экономикалық әлеуетін сақтап қалуға қатысты кешенді әрі уақтылы қадамдары мен шешімдері біздің кәсіпкерлік саласында осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап қалуға әрі ұлғайтуға бағытталған.
Жолдыбалина А.С.
саясаттанушы,
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) бөлім басшысы