Фото: gastronom.ru
Вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жұмыртқа бағасы неге өсіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, қазір он дана жұмыртқаның бағасы 600 теңгеден асады.
"Қазір бізді алаңдатып отырған жалғыз мәселе – жұмыртқа бағасының өсуі. Біз қазір мұнымен жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыртқа қатты қымбаттап барады. Біз талдау жүргіздік, жергілікті жерлерде құрамына бірқатар мемлекеттік орган кірген комиссиялар құрылды", - деді Жұманғарин үкіметте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, құс фабрикаларының бәрі делдал арқылы жұмыс істейді. Олардың көбі – жеке тұлғалар.
"Бұл түсінікті де, өйткені олар жұмыртқа үшін кэшті бірден төлейді. Ал содан кейін схема басталады. Қазір мұнымен монополияға қарсы комитет айналысып жатыр. Бірақ бұл ұзақ уақытты алады", - деді вице-премьер.
Жұманғариннің айтуынша, жұмыртқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары құс фабрикаларынан тікелей сатып алуға тиіс тауарлар тізіміне енгізілді. Яғни әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары құс фабрикаларынан жұмыртқаны ақша төлеп, тікелей сатып алады.