12 ақп, 2019 сағат 20:14

Үкімет үйінде 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне даярлығы мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мысалы, ҚР Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендету бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде.


«Су басудың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 3 млн текше метрден астам қар шығарды, жанар-жағармай, инертті материалдар, қап және жарғыштар қоры әзірленуде. Төтенше жағдайлар резервінде және кезек күттірмейтін шығыстар резервінде 17,7 млрд теңге қарастырылған. Су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне жедел ден қою мақсатында жалпы саны 15 мың адамнан және 2 мыңнан астам техникадан тұратын ішкі істер органдарының күштері мен құралдарының арнайы тобы құрылды», — деді ішкі істер министрі Қ. Қасымов.

Сонымен қатар, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері техникамен, құрал-жабдықтармен жете жарақталды және арнайы операцияларға қатысуға дайын. Өткен жылы құтқару және өзге де кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен арнайы су жинау құрылғылары, жарақтар қосымша сатып алынды. Жекелеген өңірлерде су тасқынының ықимал күрделену жағдайына азаматтық қорғаудың құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарын қосымша ауыстыру мәселелері пысықталуда.

Азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарын, басқару органдарының іс-қимылдарын практикалық машықтау 26–27 ақпанда «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында жүзеге асырылатын болады.

2017 жылдан бастап Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Картада елді мекендерді су басудан қорғауды көздейтін 637 іс-шара қамтылған.Іс-шаралардың көпшілігі — 611 жергілікті атқарушы органдардың құзырына жатады. 2 жылда 22,5 млрд теңге сомасына 357 іс-шара іске асырылды. 174 қорғау бөгетін салу және нығайту, 119 гидротехникалық құрылысты, су өткізу қабілеті жоғары 64 көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қ. Қасымов су қоймаларында бос көлем қалыптастыру мәселелеріне көңіл бөлу қажет екенін атап өтті. Бұл өзендердің қауіпсіз деңгейін реттеу мүмкіндік береді. Бұдан өзге, жоспарларға түзетулер енгізіп, автомобиль және теміржол учаскелерінің су басудан алдын алу бойынша қосымша шараларын қабылдау қажет.

Өз кезегінде, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында Іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті. Орталық және өңірлік деңгейлерде Автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақавтожол» ЖШС өкілдерінен, сондай-ақ олардың облыстық филиалдарының өкілдерінен су тасқынының алдын алу жөнінде комиссиялар құрылды.

Биылғы 1 ақпаннан бастап тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды және күн сайын жолдар мен жол құрылыстарын патрульдеу жүргізіліп, су тасқыны қаупі бар учаскелер мен көпірлер бақылауға алынатын болады. Мұндай учаскелерге қажетті жол техникасы бекітіледі. Су тасқыны кезеңіне уақытылы дайындықты ұйымдастыру үшін бекітілген Іс-шаралар жоспарына сәйкес қажетті жанар-жағар май, жол материалдары және темірбетонды конструкциялар қоры құрылып жатыр.

«Темір жолдарды және жасанды құрылымдарды су тасқыны кезеңіне уақытылы дайындау мақсатында "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ бұйрығы бекітілуде. Пойыздар үздіксіз және қауіпсіз жүруі үшін 1 наурызға дейін оңтүстік өңірде, 15 наурызға дейін батыс және шығыс өңірлерде, ал 1 сәуірге дейін солтүстік аймақта қажетті материалдар мен конструкциялар тиелген 42 арнайы пойыз дайындалатын болады», — деді Ж. Қасымбек.

Энергетика министрі Қ. Бозымбаев еліміздің энергетикалық кәсіпорындары су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2 мыңнан астам арнайы техникамен жабдықталған жедел бригадалар құрғанын атап өтті. Қаптағы инертті материалдар 56 мың дана, жана-жағармай қоры 360 мың тоннаны құрайды.

2018 жылы Қазгидрометтің гидрологиялық болжамдарды әзірлеу жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды. Қазгидромет 2019 жылғы 1 наурыздан бастап синоптикалық болжамдар негізінде апта сайын негізгі гидрологиялық болжамдар ұсынатын болады. Осы болжамдар гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерген кезде, әрбір 3 күн сайын нақтыланады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы И. Әбішев жоспарға сәйкес 2017–2025 жылдар кезеңінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен 288 жобаны іске асыру жоспарланғанын, оның ішінде 30 жоба – республикалық бюджет есебінен, 258 жоба – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

Тасқын судың ықтимал қауіпін болдырмау үшін құрылыс және басқада инерттік материалдардың қоры дайындалған, сондай-ақ тиісті техника мен тетіктер дайындалған.

«2019 жылғы көктемгі тасқын су кезеңіне дайындалу мақсатында Бассейндік инспекцияларымен төтенше жағдайлар, экология, жергілікті атқарушы органдардың және «Қазсушар» РМК филиалдары өкілдерінің құрамында ГТҚ зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобы 1136 гидротехникалық құрылыстарға визуалды зерттеуді жүргізді. Зерттеу барысында 453 ГТҚ жөндеуді талап ететіндігі анықталды», — деді И. Әбішев.

Өңірлерде тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы және алдағы су тасқыны кезеңіне даярлық туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Сапаров баяндады.