Бүгін Астанада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының кеңейтілген отырысында сөз сөйледі. Сондай-ақ, отырыста «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев сөйледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Палатаның 2017 жылдағы жұмысы, 2018 жылға арналған басымдықты бағыттар және бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыру бағдарламасы туралы ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҰКП басқарма мүшелері, басқарма төрағасының орынбасарлары Рустам Жүрсінов пен Төлеміс Шотанов, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов баяндады.
Талқылау барысында мемлекеттік-жекешелік серіктестік саласындағы заңнаманы жетілдіру, бизнесті мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу, импортты алмастыруды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру, сондай-ақ Үшінші жаңғыртуға мамандарды даярлау мәселелері қаралды.
Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын белгіледі, сондай-ақ, диалог барысында туындаған сұрақтарға жауап берді. Кәсіпкерлікті дамыту — Үкіметтің негізгі басымдығы. Бұл елдің экономикалық өсуінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің елдің ЖІӨ-дегі үлесі 50%-дан кем болмауын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының Үкімет пен бизнес қауымдастығы алдына қойған міндеттерін орындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Үкімет бизнесті қайта реттеу, ШОБ іскерлік белсенділігін ынталандыру және отандық бизнесті қолдауға бағытталған іс-шараларды жетілдіру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Премьер-Министр еліміздің аймақтарына жұмыс сапарлары аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелерімен кездесулер өткізілгенін айтып өтті. Жүйелік сұрақтардың тізімі жасалды, ол шамамен 500 сұрақтан тұрады. Бүгінде олардың шамамен 400-і шешілді, қалғандары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бақытжан Сағынтаев мамандарды даярлау мәселесіне қатысты елімізде технологиялық жаңару процесі бастау алғанын сөз етті. Ірі кәсіпорындар жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Мамандарды осы сын-тегеуріндердің негізінде оқыту қажет. Бүгінде Атырауда шет тілдерін меңгерген мамандар даярлайтын колледж бар. Үкімет келер жылы әр облыс орталығында осындай мамандандырылған колледждер ашуды жоспарлап отыр. Келесі жылдан бастап осындай 20 колледж жұмыс істей бастайды.
Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта да Үкіметтің кәсіпкерлер қауымдастығымен барлық салада сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Үкімет бизнес қауымдастығымен ашық диалогқа және бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Бізде тек бір ғана жол бар — 2050 жылға қарай әлемнің ең озық дамыған отыз елінің қатарына қосылу», — деп сөзін түйіндеді Премьер-Министр.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев отырыста көтерілген мәселелерді зерделеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Биыл желтоқсан айында отырыс қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы бірінші есепті тыңдау жоспарда бар.
Айта кетейік, бүгінгі таңда лицензиялар мен рұқсаттар саны шамамен үш есеге қысқарды (1200-ден 316-ға дейін). Бақылау және қадағалау функцияларына тексеріс жүргізілді. 114 бақылау саласының 25-і және қадағалаудың 18 саласының 3-і алынып тасталады. ШОБ субъектілерін тексеру бойынша 17,6 мыңнан астам талап қысқартылды.
Қаржылық қолдау көрсету аясында жалпы 800 млрд теңгеден астам сомаға 13 мыңға жуық ШОБ жобалары қаржыландырылды.
Денсаулық сақтау мен білім беру салаларын ырықтандыру мақсатында 29 ескірген және қайталанатын санитарлық ережелер жойылды, келесі кезеңде жоспарға сәйкес 30-дан астам ескірген ережелерді жою көзделген. Өткізілген жұмыс арнайы тексерулерден 34 500 нысанды босатуға, ал тексерулердің санын 1,7 есеге азайтуға мүмкіндік береді.
Жекешелендіру рәсімі жеңілдетілді. Мемлекеттің немесе квазимемлекеттік сектордың қатысуымен ЖШС үлесін сатып алуға басымдықты құқық жойылды. Мемлекеттік сатып алулар саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау тетігі әзірленді — отандық тауар өндірушілерден Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің тізімі кеңейтілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бизнеске арналған Ашық цифрлық платформа құрылады. Мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары платформаға біріктіріледі.