12 ақп, 2019 сағат 20:01

Үкімет басшысы Юрий Ильинге сөгіс жариялауды ұсынды

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өртке қарсы жұмысты және тасқынға қарсы қорғанысты қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Премьер-Министр тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу және 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне даярлық туралы баяндамаларды тыңдағаннан кейін, өңірлерде өрт қауіпсіздігі мен су тасқынынан қорғау жұмысында ерекше көңіл бөлуді талап ететін проблемалар бар екенін атап өтті. Өңірлердің әкімдері қаржыландыруды қамтамасыз ету, орын алған өрттердің себептері, сондай-ақ тұрғын үй секторын тексеру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар сапасы мәселелеріне баса көңіл бөлуі қажет.

ҚР Ішкі істер министрлігі мен барлық әкімдерге тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесін жылыту маусымының соңына дейін бақылауда ұстау тапсырылды. Тұрғын үй алабындағы өрттің алдын алу жұмыстарын жалғастыру қажет, әсіресе, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар, мүмкіндіктері шектеулі жандар мен қарттар тұратын үйлер жіті назарда болуы тиіс. 

Ішкі істер министріне ұйымдастыру және тәртіптік шаралар кешенін әзірлеп, іске асыру тапсырылды. Өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу жұмысын тиісінше атқармағаны, бақылау жүргізбегені үшін:

  • Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Викторович Ильинге сөгіс жариялау бойынша ҚР Президентінің Әкімшілігіне ұсыныс білдіру. Себебі ішкі істер министрінің орынбасары Қазақстан Президентінің өкімімен тағайындалған.  
  • Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Робертович Беккерге қатаң сөгіс жариялау;
  • Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Оспанұлы Дұзақбаевты қызметінен босату; 
  • Астана Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Топашұлы Аманбаевқа қатаң сөгіс жариялау тапсырылды. 

Су тасқыны жағдайына қатысты өзгерістерге дайын болу тапсырылды. Қазгидрометтің болжамы бойынша кейбір өзендерде ылғал қоры нормадан асып тұр. Қардың түсуі әлі жалғасуда. Оның үстіне ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде.

Қазгидрометтің болжауы бойынша 1.02.19ж. жағдай бойынша Ақмола, БҚО, Қарағанды және Қостанай облыстары өзендерінің бассейндерінде ылғалдық запасының көлемі нормадан артық:

  • Қостанай облысында Тобыл және Тоғызақ өзендерінің бассейндерінде (10-30 %-ға), Ақмола облысы Есіл өзенінде (15 %-ға), Қарағанды облысы Нұра өзенінде (55 %-ға), Батыс Қазақстан облысының барлық өзендерінде (40-110 %-ға);
  • таулы өзендерде: Түркістан облысында Арыс (15 %-ға), Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзенінің оң жағалауында (40 %-ға), сондай-ақ Талас-Алатау, Қаратау (солтүстік-батыс бөлігінде 15 %-ға) және Тарбағатай бөктерінде (оңтүстік-батыс бөлігінде 30 %-ға) артық.

Қар әлі жиналып жатыр. Көп жылғы деректер бойынша ақпанда, наурыз, сәуірде тәулігіне айлық норма түсуі мүмкін.

Айлық синоптикалық болжам бойынша (20-80%-ға ақталады) ақпанның үшінші онкүндігінде күндізгі және түнгі ауа температурасының көтерілуі ықтимал, бұл қардың еріп, еріген судың жинақталуына, су деңгейінің көтерілуіне алып келуі мүмкін.

Қар запасынан басқа, жазық өзендердің су деңгейін айқындайтын маңызды факторлардың бірі топырақтың күзде ылғалдануы. Бұл Қарағанды облысындағы Нұра және Шерубайнұра өзендері бассейндерінде нормадан 100%-ға жоғары, Ақмола облысындағы Есіл, Сілеті, Шағалалы, Жабай және Колутон өзендерінің бассейндерінде 68%-ға нормадан тыс, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары өзендерінің бассейндерінде нормадан 40-50%-ға аз.

Соған байланысты Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Бірінші. Тасқын қаупінің алдын алу және жою бойынша жол картасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Жұмысты үйлестіру Ішкі істер министрлігіне жүктеледі.
Екінші. Иесіз гидроқұрылыстарды коммуналдық меншікке беру жұмыстарын аяқтау қажет. 
Үшінші. Су сақтау аймақтары мен белдеулерінде тұратын адамдар мен объектілерді қауіпсіз жерлерге көшіруді қамтамасыз ету керек. 
Төртінші. Ішкі істер министрлігі әкімдермен бірлесіп, су тасқыны маусымына күштер мен құралдардың толық дайындығын, қауіп төнген жағдайда халықты уақытында хабардар етуді қамтамасыз етуі тиіс. Төтенше жағдайда жедел шара қолдану қажет. 
Бесінші. Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстары мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Жоспардағы іс-шараларды орындау үшін барлық жұмысты орындауы қажет. Жоспарды орындау кезінде оның Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасымен біріктірілгенін ескеру қажет.

Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыстардың әкімдерімен бірлесіп, жаңа су қоймаларын салу және шағын су қоймаларын реконструкциялауға техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуді қаржыландыру мәселесін қарау тапсырылды.