Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында азаттық алғаннан кейінгі уақытқа көз тастап, ой тұжырымдарымен өрілген жарияланымдар басылым бетінде жарық көре бастады. Уақыт қысқа болғанымен, түйген сабақ көп еді. Ұлт зиялыларының зердесіне қонақтаған сарабдал ойлар мен әр жылға сараптама жасап, сипаттама беретін салиқалы пікірлер қалың оқырманның дүниетаным кеңістігіне жол тартты. Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбайұлы, Қуаныш Сұлтанов, Фариза Оңғарсынова, Иманғали Тасмағамбетов сынды тұлғалар онжылдық мерейтойдың мерейін асырып, тәуелсіздік атты баға жетпес құндылықтың қадір-қасиеті туралы тереңнен толғағаны әлі есімізде.
«Егеменнің» бұл дәстүрі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында да жалғасын тауып, Ғарифолла Есім, Сарбас Ақтаев, Алдан Смайыл, Әбдеш Қалмырзаев, Намазалы Омашұлы бастаған зиялы қауым өкілдерінің толғаулары газет оқырмандарының интеллектуалдық таразысына ұсынылып, жақсы бағасын алды да.
Биыл ел Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толуына орай «Егемен Қазақстанның» жақсы дәстүрі қайта жалғасып жатыр. Мерейтой шеңберінде елімізге танымал тұлғалар Тәуелсіздікпен келген соңғы жылдарғы жетістіктер туралы толғамды ойларын оқырман назарына ұсынатын болады. «Жиырма бес жыл: жеңістер мен жемістер» айдарының алғашқы авторы – Уәлихан Қалижан.
2010
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Бұл бір жағынан алып қарағанда өте қысқа уақыт сияқты, ал ой жіберіп, бұл жолда не істелді, қандай биіктерге қол жеткіздік, ел ретінде, халық ретінде бізді әлем таныды ма деген сұрақтарға жауап іздесек, ғасырға бергісіз жолдан өткенімізді түйсінеміз. Әр жыл бір тарихи кезең ретінде есімізде сақталып, талай айтулы белестерді артқа қалдырғанымызды байқауға болады. Соның бәрі – біздің тарихымыз, тәуелсіз Қазақстанның тарихы. Сондықтан да өткен күндердің бәрі біз үшін ыстық, ол тек қағазға түскен қасаң тарих қана емес, сіз бен біздің өміріміз, сіз бен біздің атқарған ұлы істеріміз, қуаныштарымыз бен әттегенайларымыз.
Осынау 25 жылдың әр жылының өзінің әкелген жақсылығы мен берекесі бар. Әр жыл біздің санамызда өзінің өшпес ізін қалдырып өтіп жатыр. Мейлі, кей жылдарда қиындығы мен тығырыққа тіреліп қиналған да кезіміз болған шығар. Бірақ сол қиындықтардың өзі біздің жас мемлекетімізді ширатып, әлемдік өркениетке жол ашты.
Тәуелсіздіктің 19-шы жылы, 2010 жыл кемелденген жыл болды. Мен ол кезде Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты едім. Бүгін сол жылдарға көз жіберіп, ой елегінен өткізгенде, талай ауқымды істердің атқарылғанын көреміз. Жаңа 2010 жыл Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауымен басталды. Елбасының ақ тілегі әрдайым келер жылға деген халықтың сенімін нығайтып қана қоймай, оның берекелі де бейбіт болатынына үміттендіріп, рухтандырып отырды.
«Егемен Қазақстан» газетінің сол жылғы 12 қаңтардағы нөміріне «Қазақстан туралы білгіңіз келсе, Парижге барыңыз» деген хабарлама басылған екен. Онда Парижде 100 000 данамен тарайтын журналдың бір нөмірі түгелге жуық Қазақстанға арналып, оның сыртқы мұқабасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылып, сұхбаты берілген. Журнал ағылшын тіліне аударылып, тағы да дүние жүзінің біраз еліне тарайтыны айтылған. Беделді басылымның мұндай қадамына қалай қуанбассың, елді ердің танытуы көңілге қуаныш ұялатады. Ел тұтқасы Елбасы аман болсын дейміз!
Бұл жыл расында да Қазақстанның атын әлемге әйгілеген мерейлі жыл болды. 13 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесінің Қазақстан Республикасының Ұйым төрағалығына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжілісінде Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай Үндеу жариялады. Президент өз сөзінде «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықтың мәртебелі миссиясын Қазақстан аса зор жауапкершілік сезіммен қабылдайды. Біздің еліміз төрағалықты қазіргі заман тарихының аса күрделі бір кезеңінде қолына алып отыр», дейді. Мұндай әлемнің 56 елі мүше болып отырған халықаралық ұйымға төрағалық ету өз тәуелсіздігін алғанына 19 жыл болған біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін айғақтаса керек. Бұл жерде тек елдің беделі ғана емес, сол елді басқарып отырған Елбасының әлемдік саясаттағы рөлінің, оның қажыры мен қайратының, ақыл-парасатының да әсер-ықпалының орасан зор болғанын есте ұстаған жөн. Осыған байланысты сол кездегі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың «Қазақстанның жұлдызды сағаты» деген мақаласы жарық көрді. Онда Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің мәні мен мазмұны, аталған ұйымды басқару арқылы әлемдік саясатқа жасайтын ықпалы, бұл тараптағы Президент Н.Назарбаевтың көрегендік саясаты таратылып баяндалған.
Осындай игілікті шаралармен басталған жылдың алғашқы айының соңында, 30 қаңтарда «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деген тақырыпта Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдау жасады. Бұл жолдауда еліміздің алдағы жылдардағы даму бағыттары, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды өсу жолдары нақты көрсетілді. Президент Жолдаудағы өз сөзін: «Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.
Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Өйткені, біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік. Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды. Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік. Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті», деп бастаған еді. Расында да, әлем экономикасының дамуына қиындық алып келген дағдарыс тұсында да Қазақстан өзінің даму бағытынан ауытқыған жоқ. «Дұрыс жоспарлау» мен оны «сауатты іске асыру» саясатының негізінде Елбасы Н.Назарбаевтың стратегиялық көрегендігі арқылы Қазақстан қиындықты айналып өтті.
Жолдау «2010» Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі», «Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты», «2020» Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол», «Экономиканы әртараптандыру – табыс кілті», «Инвестициялар тарту», «Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші», «Отандық тауарлар – «2020» жоспарын жүзеге асырудың табыстылық индикаторы», «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы», «2020» Стратегиялық жоспарын іске асырудың базалық шарттары», «Адам – елдің басты байлығы», «Білім беру», «Денсаулық сақтау», «Өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау, «Ардагерлерге қамқорлық», «Тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясат», «Ішкі саяси тұрақтылық – «2020» Стратегиялық жоспарын іске асырудың сенімді іргетасы», «Сыртқы саясат» деген нақты тараулардан тұрды. 2010 жылғы Президент Жолдауын парақтай отырып, сол тұстағы ең өзекті мәселелердің қарастырылғанын, экономиканың барлық саласының қамтылғанын, білім саласының, денсаулық сақтау саласының, коммуналдық сектордың Елбасы назарынан тыс қалмағанын айқын аңғарамыз. Президент Жолдауы халыққа тың серпін берді, елде жаңа жұмыс орындары ашылып, елдің экономикалық әлеуеті арта түсті. Бұрын тек қана шикізат шығарушы болып келген Қазақстан енді индустрияландыру бағытын ерекше қарқынмен дамытуды қолға алды. Бұл туралы Елбасы Жолдауында: «Біздің шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуға тиіс. Қазақстан өнеркәсібі экспорттық рыноктарға отандық брендтердің кең ауқымды тізбегімен ұсынылуы керек.
Сондықтан Үкіметтің міндеті – экспорттаушыларға негізгі құралдарды сатып алуды қаржыландыруды, экспортқа сервистік қолдау көрсетуді, экспорттаушыларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын біртұтас қолдау жүйесін жасау», деп түйіндеген еді.
Елбасының 2010 жылғы 5 ақпанда «Өнер мен әдебиет – халықтың жаны» деген елдің зиялы қауымына Үндеуі жарияланды. Онда «Төл мәдениетпен тәрбиеленген адам қашан да рухы биік, туған жерін, халқын сүйетін болады. Бәріміз де бала жасымыздан Абайды, Махамбетті, Жамбылды, Әуезовті оқып, халықтың әндері мен күйлерін тыңдап ержеттік, дүниетанымымыз, ұлттық санамыз қалыптасты», деп ағынан жарыла сыр шертеді. «Биік мәдениет – ұлттың көрсеткіші. Біз барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеу мақсатымен «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдадық. Бұл біздің мәдени өміріміздегі тарихи оқиға болды», дейді. Расында да, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін елдегі бар жәдігерлерімізді Мәскеуге, Ленинградқа тасып, мәдени құндылықтарымыздан айдың, күннің аманында айырылып қалып жататынымыз қалыпты жағдай саналатын. Түркістандағы қасиетті қазанның өзін кезінде зорға қайтарып алғанымыз есімізде. Ал қазір Қытайдан, Ираннан, Мысырдан, Түркиядан, Ресей мен ТМД елдерінен қаншама қазақ тарихына қатысты бұрын біз атын да естімеген тың материалдар келіп жатыр. Мұның бәріне қолдау көрсетіп, ел тарихы мен мәдениетіне қатысты күллі шетелдік деректер мен материалдарды елге алып келуге жағдай жасап отырған Елбасына халқымыздың ризашылығы орасан зор. Мұндай жағдай қазақ тарихында ешқашан да болған емес, сол үшін де біз Президент Назарбаевқа қарыздармыз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының ұжымы осы жылдары 100 томдық «Бабалар сөзін» шығарудың межелі кезеңіне жеткен еді.
ХХІ ғасырдың оныншы жылы, меніңше, айтулы оқиғалар жылы болды. Кеше ғана болған оқиғалардың бүгін тарихқа айналып, өткен күндердің санатына қосылғанына сенгің де келмейді. Сол кездері не істеп, қандай шаруа тындырдық екен деп өткен күндерге көз жүгіртсек, Елбасының бір жылда жасаған қыруар істерінің куәсы боламыз. 16 ақпанда Ресей Президенті Д.Медведевпен кездескен. 17 наурызда ресми сапармен Өзбекстанға барған. Екеуі де құдайы көршілеріміз. Тарихи тамырларымыз да бір жерден бастау алатынын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінгі күні де бір-бірімен байланысып жатқан, ат құйрығын үзісіп кете алмайтын, талай ортақ мәселелеріміз бар елдерміз. Сондықтан да олармен дұрыс қарым-қатынаста болу Қазақстан Президентінің сыртқы саясаттағы көрегендік ұстанымы. Екіжақты талай мәселелердің дұрыс шешімін табуы әлемдік деңгейдегі саясатта мемлекет мерейін асқақтатып қана қоймай, экономикалық тұрғыдан да халықтың ілгері дамуына жағымды ықпал етуде.
Бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы дегеннің атын естігеніміз болмаса, анау-мынау елге бара салмайтын салмақты лауазым иесі екенін тек газеттерден ғана оқушы едік. Біз тәуелсіздігімізді алғалы сондай ірі саясаткердің өзі елімізге талай рет ат басын тіреді. Оған етіміз үйреніп кеткені сонша, соңғы кездері бұрынғыдай оған таңданыспен қарамаймыз, қалыпты жағдай сияқты. Бас хатшы Пан Ги Мун мырза Нью-Йорктегі штаб-пәтерінен 7 сәуір күні Семейге келіп, халықтың жағдайымен танысып, одан Астанаға барып, Елбасының қабылдауында болды. Н.Назарбаевтың ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын Бас хатшы «Ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырамын», деп біздің ел Президентінің бастамасын күллі әлемге үлгі етті. Бұл тек Елбасының беделі ғана емес, күллі қазақстандықтың абыройы екенін іштей сезіндік, марқайып қуандық.
Сол 2010 жылдың сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Еуропаға барды. Еуроодақ басшыларымен жүздесті. Бұрын шешімін таппай келе жатқан талай шаруаның ретін тапты, қиюы келмеген кей мәселелер туралы дұрыс шешім қабылдаудың жолдарын ақылдасты. Одан әрі сапары Америка Құрама Штаттарына ұласты. Президент Барак Обама біздің Елбасын барлық Мемлекет басшысына лайық рәсімдермен күтіп алды. Қолын құшырлана қысты, кеуде қағысты. Екеуара әңгімеде сол баяғы ядролық қаруды шектеу мәселесі сөз болды. Одан өз еркімен бас тартқан Қазақ елінің тәжірибесін күллі әлемге үлгі етсем деген АҚШ басшысының бастамасына біздің Елбасы қолдау көрсететінін жеткізді. Аяқ астынан АҚШ жағы саммит өткізетін болып шешім қабылдады. Қырықтан астам мемлекет басшыларының қатысуымен әлем тарихында тұңғыш рет ауқымды түрде өтіп жатқан ядролық қаруларды және оның сынақтарын шектеу жөніндегі дүбірлі жиын басталып та кетті. Қазақстан Президенті ядролық қаруларды таратпаудың жолдары туралы салиқалы баяндама жасады. АҚШ пен Қазақстан Президенттері ядролық қауіпсіздікті сақтау және оны таратпау туралы бірлескен мәлімдеме жариялады. Осының барлығы айналдырған үш-төрт күннің ішінде болған оқиға десең, кейде адам сенбейтін сияқты. Бірақ дәл солай болғаны рас. Барак Обаманың: «Егер Қазақстан Президенті Н.Назарбаев болмағанда бұл саммиттің өтпеуі де мүмкін еді», дегені де рас сөз.
Иә, Б.Обама Н.Назарбаевты ақылына, іскерлігіне тәнті болғандықтан құрметтеді. Қазақстан Лидерін осылай әлем мойындады. Бұл ел халқының мерейі көтерілген, Елбасының ядролық қаруды қысқарту туралы ойларының әлем алдында мойындалған күні болды. Ол туралы «Егемен Қазақстан» газеті 14 сәуір күнгі нөмірінде былай деп жазды:
«Кешегі мақаламызда Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обаманың осы елде өтіп жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке арнайы шақырумен келген Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты саммит алдында қабылдап, бір сағатқа таяу уақытқа созылған кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланғандығын жазған едік. Саммитке қатысу үшін ел астанасы Вашингтонға бір сәтте елуге тарта елдің мемлекет басшылары жиналып отырған қарбаласты сәтте Барак Обаманың «Блэр хаус» құрметті қонақтарға арналған арнайы қабылдау резиденциясында Елбасымен бірге болуға осыншама уақыт бөлуі, сөз жоқ, халықаралық аренада тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігі мен оның Тұңғыш Президенті беделінің барған сайын артып келе жатқандығының жарқын көрінісі болды (мәселен, Украинаның интернет ресурстарында Барак Обама саммит кезінде Украинаның жаңа Президенті Виктор Януковичті 10 минутқа жеке қабылдай алар ма екен, жоқ әлде қабылдай алмас па екен деген пікір қызу талқыланып жатты, оның қорытындысы әзірге бізге белгісіз).
Америкада өткен саммит әлем мемлекеттері алдында Қазақстанның саяси беделін одан сайын көтере түсті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев күллі дүние жүзі мемлекет басшылары алдында өзінің көшбасшылық қырымен көзге түсті. Назарбаевтың басқан әр қадамының тілеуін тілеп халқы отырды. Мұхиттың арғы жағынан елге оралған Елбасын күллі халық мақтанышпен қарсы алды. Бәріміздің де көкірегімізді кернеген қуаныш бар еді. Қазақстан Президентінің Америкаға сапарын әлемнің күллі бұқаралық ақпарат құралдары бірімен бірі таласа жазып жатты. Сол тұстағы елдің асқақ қуанышын, халық мерейін бүгінгі Мәжіліс депутаты С.Абдрахманов былайша жазған екен: «Мақтан етеміз! Елімізді де, елді басқарған ерімізді де. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан. Әлем мойындаған мемлекетке айналу деген осындай болады. Әлем таныған тұлғаға айналу деген осындай болады».
2010 жылы Америкадағы үлкен саммитке қатысып, сөз сөйлеп келген соң да бір күн демалмастан өз жұмысын әрі қарай жалғастырып кете барды. Сәуірдің 22-сі күні Оңтүстік Корея Республикасына ресми сапармен барып, онда екі елдің барлық саладағы байланыстарының жаңа сапаға көтерілгені туралы мәлімдеді. Ал 28 сәуір күні «Батыс пен Шығысты тоғыстыратын қазақ жері – бейбітшілік белдеуі» деген тақырыппен Алматыда өз жұмысын бастаған ІХ Еуразиялық медиа-форумда сөз сөйледі.
Көріп отырғанымыздай, айналасы 10-15 күннің ішінде жұмыр Жерді шыр айналып шығып, қаншама әлемдік деңгейдегі басқосуларға қатысып, баяндамалар жасап үлгергеніне таң қалмасқа амалымыз жоқ. Ал соның арасында ел ішіндегі жұмыстарды да естен шығармай, Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысып, Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған дайындықты қадағалап, егін шаруашылығының барысымен танысып нұсқаулар беруі, расында да, біз үшін бір адамның мойны көтере қояр жүк емес сияқты көрінеді.
25 мамырда сол кездегі Түркия Президенті Абдолла Гүл көне Түркістан қаласына келіп, сол жерде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, күллі әлемге «Түркі дүниесінің көшбасшысы» деп жариялады. Бұл тек қана Абдолла Гүлдің немесе Түркияның ғана ұстанымы емес, күллі түркі жұртының пікірі екенін мойындағанымыз жөн.
Қазір баяғыдай біреудің сөзіне сене салатын заман емес, әркім көргеніне, түйгеніне сенеді. Сондықтан да біздің Елбасын күллі түркі дүниесінің көшбасшысы десе, олар да сол көргеніне, білгеніне, танығанына жүгінген шығар. Күллі әлем мойындап жатқан қандасын туыстас түркі жұрты өзінің көшбасшысы деп таныса, оған неге қуанбасқа! Мысалы, «Егеменнің» 5 мамырдағы нөмірінде Ресейдегі Кемеров облысының губернаторы Амангелді Төлеевтің «Мен Нұрсұлтан Назарбаевты нағыз қазақ деп білемін» деген тақырыптағы сұхбаты жарияланған. Онда А.Төлеев: «Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – кез келген мемлекеттің алтын қоры. Нұрекеңнің жоғары кәсіби-саяси кемеңгерлігі, ең дұрыс шешімдердің тамырын дөп басатын көрегендігі, алға қойған мақсатының айқындығына досы түгіл дұшпанының да көзін жеткізетін алғырлығы кеудеңе тек қана мақтаныш сезімін ұялатады.
Мен Нұрекеңді ХХІ ғасырдың азаматы және кез келген ел алдында мақтанышпен таныстыра алатын Нағыз Қазақ деп танимын! Оның өзінің еліндегі, сырт елдердегі саяси салмағы мен беделі атап көрсетуге, назар аударуға әбден лайық», деп ағынан жарылады. Бұл да қандас бауырдың Нұрағаңа берген әділ бағасы. Расында да, алғыр басшы, кемеңгер саясаткер басшы, халқына жанашыр басшы кез келген ел үшін баға жетпес байлық. Баға жетпес ұлттық құндылық.
Сол жылдың 29 маусымында Астанада «Назарбаев Университет» ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, сөз сөйледі. Бұрын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге мыңдаған жастарды жіберіп, олардың оқуына миллиондаған қаржы жұмсап келсек, енді сол шетелдік білікті ұстаздарды өз елімізге алдырып, жас өркендеріміздің туған елінде-ақ сапалы білім алуларына мүмкіндік жасалды. Ел ішіндегі тәжірибелі ұстаздарымыз да олардан үйреніп, өз мүмкіндіктерін көрсете алатын дәрежеге жетті. Бұл, шынтуайтына келгенде, білім саласындағы үлкен бетбұрыс болғаны рас. Мұны да 2010 жылдағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде қабылдауымыз керек.
2010 жылдың басты оқиғасы 1-2 желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті болды. Оған Қазақ елі жыл басынан бастап-ақ тыңғылықты дайындалған болатын. Халықаралық деңгейдегі үлкен саммитті өткізу бұрынғы Кеңес өкіметі құрамынан шыққан елдер арасында тек қана Қазақстанға бұйырғаны да біздің еліміз бен Елбасының дүние жүзі мемлекеттері алдындағы беделін айғақтаса керек.
Астана Саммитіне 38 елдің басшылары мен жоғары лауазымды шенеуніктері қатысты. Олардан басқа көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдері де келді. ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркель, т.б. беделді саясаткерлер Астанада бас қосты. Бұл қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған алқалы жиын еді. Саммит жұмысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі төрағалық етіп отырды. Сол кездері бәріміздің көкейімізде тек бір-ақ арман болды, ол осынау ауқымды басқосу абыроймен өтсе екен, еліміздің беделі артып, Елбасымыздың өзгелерден бағы үстем болса екен деген тілек еді. Саммит өте жоғары деңгейде өтті. Оны кейінірек жарық көрген шетелдік баспасөз материалдарынан оқып көріп, еріксіз толқығанымызды да жасыра алмаймыз. Бұл тәуелсіз Қазақ елінің асқақтаған абыройы еді.
Астана Саммитін өткізген соң елдегі өмір өзінің бұрынғы қалыпты ырғағына түскендей болды. Енді дамудың әрі қарайғы жоспарын жасау, елді әлі де болса толық арыла қоймаған дағдарыстан шығару мәселелері тұрды. Қалай десек те, 2010 жыл біздің Қазақстан Республикасы үшін асқақты, абыройлы жыл болды. Бұл жылы ІЖӨ 8 пайызға өсті. Индустрияландыру саласы да қарқынды ілгерілеп жатты. Көптеген жаңа өндіріс орындары іске қосылды.
Рухани салада да ілгерілеушілік байқалды. 2009 жылы Қазақстанның Германиядағы жылы табысты аяқталса, 2010 жыл Германияның біздің еліміздегі жылы жемісті тәмамдалды. Екі ел бір-бірімен жақындаса түсті. Әр саладағы байланыстар нығайып, бірлескен жаңа оқу орындары ашылып жатты.
Қазақстан – көп ұлтты, көп дінді мемлекет. Біздің елде 130-дан аса ұлттың өкілі тұрады. Әрбір қазақстандық азамат өзі сенген, мемлекет мүддесіне қайшы келмейтін дінді ұстануға құқылы. Елімізде ең көп тұратындар мұсылмандар. Сондықтан да біздің ислам елдерімен де байланыстарымыз тереңнен тамыр тартады. Жыл сайын мыңдаған адам қажылыққа барып, өздерінің діни парыздарын өтеп келіп жатады. Оған кей кездері өзі тарапынан мемлекет те қолдау көрсетіп отырады. Ол да еліміз тәуелсіздік алғалы жолға қойылған үлкен өзгерістердің бірі.
2010 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында Елбасы Н.Назарбаевтың 2004 жылы Сауд Арабиясына сапары кезінде умра қажылықты орындағаны туралы баян етеді. Онда мынадай жолдар бар: «Қазір Қағбаның жабық кезі, бірақ бүгін түнде ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін ғана ашылмақ.
Түн жарымы болды. Нөлден бастап жұма басталды. Нұрағаң мүбәрак Қағбаға өзімен бірге менің де барғанымды қалады. Содан түнгі 1-де қасиетті Қағбаға келдік.
…Мүбәрак үйде дұға жасап, мінәжат еттік. Бой шымырлап, ғаламат бір күй кештік. Елбасының қасиетті Қағбада жан дүниесінің толқу мен тебіреніске түсіп, ерекше күй кешкені байқалды. Ол табиғи да. Алла тағала алдында ел тағдырын өзіне аманат етіп, соның бар ауыртпалығы мен жауапкершілігін арқалап жүрген үлкен парасат иесінің халқының, Отанының амандығын тілеп, тебіреніспен мінәжат етуі өзінен өзі түсінікті», деп сол күндерді ерекше бір жылылықпен еске алады. Рас-ау, елдің амандығын, жердің амандығын, халықтың амандығын Елбасынан артық кім тілей алар дейсің. Осынау жолдарды елжіреп оқисың. Аман болғайсың, қазақтың маңдайына біткен арысы деп ақтілек айтасың.
Күллі қазақстандықтар үшін 2010 жыл осындай айтулы оқиғаларымен, жақсылықтарымен, қуаныштарымен есте қалыпты. Қазақтың атын аспандатқан мерейлі жыл болыпты. Жиырма бес жылдың бір жылының кейбір тарихта қалған тұстары туралы ғана осы мақалада сыр шерттік. Ал Тәуелсіз Қазақстанның әр күні, әр айы тарихи кезеңнің кемел жылдарын көрсетіп тұр. Қазақтың жері аман болғай, қазақтың елі аман болғай! Замана сынының сан қилы жолдарын жеңіп келе жатқан Елбасы аман болғай!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті
Сурет Ш.Шахайдың архивінен алынды