08 ақп, 2021 сағат 15:50

ТЖМ жолдардың жабылуына байланысты жедел байланыс желісін ашты

Ауа-райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, қарлы боран, көру мүмкіндігі шектеулі) ТЖМ және Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының ТЖ департаментінде «Жедел байланыс желісі» ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ: 8 717 2 53 32 84

Ақмола облысы ТЖД: 8 716 2 55 14 84

Қарағанды облысы ТЖД: 8 721 2 51 72 23

Павлодар облысы ТЖД: 8 718 2 20 11 12.

Еске сала кетейік, 7 ақпанда түннен бастап республикалық «Нұр-Сұлтан-Петропавл» жолының жабылуына байланысты Нұр-Сұлтан және Щучинск қалаларынан шыққан көптеген көлік жиналды.

«ТЖМ және ТЖД дағдарыс орталығында жедел әрекет ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін жедел штаб құрылды. Ақмола облысы ТЖД және Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «112» пультіне тұрғындардан ақпараттық сипаттағы 5 500-ге жуық қоңырау келіп түсті, олар белгіленген тәртіппен пысықталды.

Азаматтарды ауа-райының өзгеруін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаны тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар», дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, қыста көлікпен алыс жолға шықпас бұрын, ауа райы болжамына міндетті түрде мән берген жөн. 

«Егер қатты боран болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал. Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз.

Төменде келтірілген қарапайым ұсынымдарды орындасаңыз, боран болған кезде және бораннан кейін аман қалуға көп септігін тигізеді», деді ол. 

Қыста жолға шығар алдында:

Мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз;

Қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз.

Ақпаратты «Қазавтожол» сайтында толығымен жабық учаскелердің картасынан көруге болады. Не болмаса, бірыңғай телефон нөмірі 1403 немесе құтқару қызметінің «112» телефон нөмірі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады.