29 шіл, 2024 сағат 19:56

ТЖМ жартыжылдық қорытындысы: құтқарушылар сын-қатерлерді қалай еңсереді


2024 жылдың І жартыжылдығында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 70 мыңға жуық азаматты құтқарды және эвакуациялады, 42 мыңнан астам жедел сапар жасады. Сонымен бірге 5,5 мыңнан астам төтенше жағдай мен оқиға тіркелді. Ведомство қызметкерлері қандай қиындықтарға тап болды, оларды қалай еңсерді және болашаққа қандай жоспарлар құрып жатқаны туралы "Ұлт ақпарат" PrimeMinister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қыста 4,5 мыңға жуық дауыл туралы ескерту жарияланды. Құтқарушылардың жедел әрекет етуінің арқасында автожолдардағы қайғылы салдардың алдын алуға және 13 мыңнан астам адамды қауіпті аймақтан эвакуациялауға мүмкіндік туды.

Жылу беру маусымындағы алдын алу шаралары айтарлықтай нәтиже берді. Өрт саны 14%-ға, қаза тапқандар саны 9%-ға, ал балалар өлімі 48%-ға азайды.

Бұл жетістіктер дер кезінде алдын алу шаралары мен төтенше жағдайларға тиімді әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді. Қазір келесі жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Дайындық шеңберінде азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерге тексеру жүргізіліп, жаңа өрт дабылдары орнатылады.


Биылғы су тасқыны еліміздің 12 өңірін әбігерге салған ең күрделі кезең болды. 11 мыңнан астам тұрғын үй су астында қалды, автожолдардың 150 учаскесін су шайып, 11 көпір қирады. Табиғи апат салдарынан құтқарушылар 120 мыңнан астам адамды, оның ішінде 45 мың баланы эвакуациялады.

Тұрғындарды эвакуациялау үшін понтон көпірлері, әуе авиациясы және арнайы инженерлік техника пайдаланылды. Аса күрделі су тасқыны жағдайы қалыптасқан өңірлерге күштер мен техниканы ауқымды тасымалдау жүзеге асырылды. Су тасқынына қарсы күреске 63 мыңнан астам адам қатысты, 7 мыңнан астам техника, 1 мыңнан астам су айдау құрылғысы, 418 жүзу құралы және азаматтық қорғау қызметінің 38 әуе кемесі тартылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметкерлері белсенді қатысты. Қазір олар төрт әскери бөлімге жетекшілік етіп, алдағы сын-қатерлерге әзірлікті қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық базаны белсенді түрде нығайтуда.