21 шіл, 2020 сағат 10:44

ТЫРНАҚ әңгіме бол бір қап

Автобуста, жалпы автокөлікте телефон шұқи қоймаймыз. Біріншіден, гаджеттегі ақпарат ешқайда қашпайды, ал жолға, айналаңдағы адамдарға қарап, бақылаған әлдеқайда әсер беріп, түрлі ойларға жетелейді. Екіншіден, жол жүргенде смартфонға үңілсек басымыз айналып, жүрегіміз лоқсиды. Ол құрғыр безілдей бастаса, кім іздеп жатқанын қарап, ақырын баса қоямыз. Жапонияда солай істейді. Әлбетте, біз қоғамдық көлікте смартфонды ермек етпегенмен, басқалар өздерінің үйреншікті тірлігін істей берер. Жексенбіде автобуста қасымызда тұрған бір қыз да солай телефон шұқылады. Біздің көзіміз телефонға емес, тырнаққа түсті. Қап-қара болып боялыпты.

Е-е, тырнақтың да небір түрін көріп жүрміз ғой. Баяғыда «тырнағы сояудай екен» деген жамандаудың түріне жататын. Бала кезде естіген ертегілердегі ең қорқынышты кейіпкердің бірі – жезтырнақ. 

Жалпы, тырнақ - атавизм емес. Атавизм – кезінде керегі болып, қазір артық қалған нәрсе. Адам бойында олар бірнешеу. Айталық суық суға түскенде немесе жалаңаш дене салқындағанда бұжырлар пайда бола қалады. Қазақ оны «құсеттенді» дейді. Бағзыдан аңның терісін жамылған кезге кейін адамның бойын түк басқан. Суықта түк тікірейіп, қорғаныш қасиеті артқан. Мынау соның жұрнағы. 

Сосын суға көп салғанда алақаныңыз бен табаныңыз бүрленіп, кедір-бұдыр пайда болары анық. Оны көбінесе «су сорып қалды» дейтінбіз. Бағзы заманда адам еңбектеп жартас пен батпақ арасында жүргенде алақан мен табан осындай бұжырланып кетіп, судағы малта тастарға таймайтын. Яғни, өте пайдалы құбылыстың бірі болған. Аяқ киім мен қолғап шыққалы ол да қажетсіз. Тек қазақтың «табанының бүрі бар» деген бейнелі сөзінде сақталған. 

Үшінші атавизмді білесіз бе? Алақаныңызды өзіңізге қарата сәл бүгіп бас бармақты шылдыр шүмек пен кішкене бөбекке жақындатыңыз. Енді алақан мен білектің арасына қараңыз. Бұрын байқалмайтын ұзын жіңішке сіңір көрінді ме? Кезінде бұл сіңір бүріп ұстауға қызмет еткен. Тас пен темірден пышақ жасап алған соң адамға ештеңені қатты бүріп ұстаудың қажеті болмады. Сөйтіп, бұл сіңір қызметсіз қалды. 

Ал тырнақтың әлі ағзадағы қызметі жетеді. Бармақтың басында өте нәзік жүйке талшықтары бар. Ол ыстық пен суықты сезуге, қатты мен жұмсақты анықтауға керек. Тіпті, ғашық кезіңізде лып етіп қызып, жүректегі сезімнің белгісін де жеткізеді. Тырнақ осы нәзік талшықтарды қорғайды. Өзіне қатты зат тигенде жаныңызды көзге көрсете ауыратыны содан. 

Сосын біреудің бетін тырнай қоймасыңыз да анда-санды тырнақты құрал ретінде пайдаланасыз. Жуынбай жүргенде демейік, ойлана қалғанда басыңызды қасысаңыз да кәдеге жарайды. 

Тоқсаныншы жылдар басында Англияда тырнағы шашынан ұзын адамды көргенбіз. Лондон көшесінен. Тегі индус болуы тиіс. Тырнақ ұзарған сайын мүйізденіп кетеді екен. Тым ұсқынсыз. Жалпы туғаннан өсіре берсе ер адамның тырнағы төрт метрге дейін жетеді. Әйелдікі одан және жарты метрге артық. 

Туғаннан өсіру де дәл мөлшер емес. Ана құрсағындағы, яғни шаранадағы болашақ сәбиге тырнақ үш айлығында пайда болмақ. Оны жарық дүниеде өскенімен бірге нәресте қырқынан шыққан күні алып тастайды. Қарыншашына қоса. Өте гигиеналық және эстетикалық дұрыс шешім. Бабаларымыз білген.

Тырнақтың бармақ басына бері шығып тұрған бөлігі жансыз. Өзінің астына микроб үйір. Сәби саусағын сорса болды, сол микроб ішке кетпек. Әжеміз тырнағымызды алған соң міндетті түрде не отқа жаққызатын, не жерге көмгізетін. Оны әлдебір ырымға санайтын. Ырымды қайдам, микробты мүлде аластау үшін сонысы дұрыс.

Швеция мен Данияда өлген адамның тырнағын алып тастайтын дәстүр туралы естігенбіз. Ол әлдебір діни аңызға қатысты көрінеді. Ана дүниеде өлгендердің тырнағын жинап кеме жасайды. Барлық тырнақ кемеге жеткен күні ақырзаман болады деген аңыз. Қазақта қойдың жауырынының ортасындағы қыры бір жағына жеткенде ақырзаман болады дейтін. Соны естіген бала кезден бері ет асқанда жауырынның қырына қарайтын дағдымыз бар. Бір шетке қарай ойысып келе жатқаны шындық. 

Хош, ақырзаман мен жауырында неміз бар. Тақырыбымыз тырнақ-тұғын. Оның қажетсіз бөлігінің астына кір жиналатындықтан қарайып көрінеді. Сондықтан «қара тырнақ» деп қазақ оны ең қажетсіз затқа санаған. Біреуді мақтап, ал онымен біреуді салыстыра төмендету керек болса «қара тырнағына татымайсың» деген. Мәселен, «біз Мағауиннің қара тырнағына татымаймыз», тағы біреулер «Әлихан Бөкейхановтың қара тырнағына татымайды» дегендей. 
Бабаларымыз сол сияқты «шашы өскеннің ауылы кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген. Өйткені, адам өз шашын ала алмайды, ауылдағы біреу алып беруі керек. Ал әркімнің өз тырнағын қырқып тұруға әлі келеді. Бұл тек ер адамға арналған мақал. Әйелдерге қатысы жоқ.  

Тіпті беріде әйелдер үшін тырнақ сәндікке де керек болды. Сояудай ұзыны соғұрлым әдеміліктің белгісіне айналды. Біздің бала кезімізден бері дүниенің төңкеріліп түскені даусыз. Қазекем өзі айтқан, «елу жылда – ел жаңа». Иә, тырнағы ұзын өскен ел пайда болды көз алдымызда. Өскен ғана емес, боялған.

Қытайға барған сапарларымыздың бірінде ләңгі ойыны мен бояу тарихы туралы деректер жинастырғанбыз. Шеньян мен Сиань қалаларында қарт профессорлармен сұхбаттастық. Соның бірі ләңгінің үш мың жыл бұрын осы өңірде пайда болғанын айтты. Тағы бірі «қытай әйелдері императордың көңіліне жағу үшін тырнағын әдейі бояған» деді. Мысырда да тырнақ бояу көне перғауындар заманынан әдетке енген. Мұнда еркектер де тырнақ бояған. Неғұрлым қара түсті болса, шені соғұрлым үлкен көрінеді. 

Еріккен отырықшы елдерге қарағанда көшпелі халық бояу, опа-далапқа онша үйір болмаған. Тек сол отырықшы өмір толық үстемдік еткен ХХ ғасырда, оның да екінші жартысында қазақ әйелі бояна бастаса керек.

Қазақ әйелдерінің жаппай бояну дәуірі тура тырнақты әрлеуде төңкерісті жаңалық тұсына дәл келіпті. Суға езілмейтін әрі жалтырап тұратын, оның үстіне ұзақ сақталатын тырнақ бояуын 1933 жылы Чарльз Ревсон деген жасап, сатуға шығарған. Ол өзі әйелдер үшін әйгілі Revlon компаниясын құрған. Алты жылдан кейін тырнақ пен еріннің бірдей болуына қажет лак пен далап жасаған. Әлбетте бірінші болып қызыл түсті лак шыққан. Өзі он тырнағын түнге қарай он түрге бояп жатады екен. Сәндік емес, сапасын тексеру үшін. Түрлі сынақ үшін. Ол кезде он тырнақ пен екі еріннің бірдей боялуы сән талабы еді. Енді ғана әйелдер әр тырнағын әртүрлі бояй бастады. Ревсоннан жетпіс жылдан соң. 

Ревсон сияқты біз де лакты талай қолдандық. Жоқ, тырнақ бояған жоқпыз. Кенже ұл үшін жинаған асықтарды бояп беретінбіз. Қалада тастан қырнап қына қайнатып отыратын емес. Басында ұлдың шешесінен қалған лактарды жақтық. Сосын алдымыз біз сатып алып асыққа жаққан лакты ұлдың шешесі қолданатын болған. Тренд.

Беріде жапсырма тырнақ шықты. Оны алғаш тіс дәрігер ойлап тапты десек нанбассыздар. Ақиқаты солай. Фрэд Слек деген кісі. Бірде жұмыс кезінде тырнағын жарақаттайды. Емделушілерге тырнағының жарасын білдірмеу үшін жылтырақ қағаз жапсырады. Оны жапсыруға тістің пломбасын қолданады. Әлем әйелдері үшін тағы бір жаңалық осылай пайда болыпты. 

Біз тырнақ боялмаса, не жапсырылмаса оған қарап бірқатар жәйтті білетін едік. Жастау кезімізде редакциядағы қыз-келіншектің алақаны мен тырнағына қарап бал аша беретінбіз. «Бірдеңеге сенбейсің-ау» дейтінбіз тырнағы ұзынша біткен қыздарға қарап. «Тым ашушаңсың, осы мінезді қойсаң, күйеуге шығып кетесің» дейтінбіз тырнағы қысқа болып біткендеріне. Төрт бұрышты болып келген тырнақ иелеріне «ақынсың, әлі талантыңа талайлар тамсанады» дер едік. «Бірақ есеп-қисапқа жоқсың» деп қосар едік. Баян Бекетоваға осылай айтқанымыз есте. Басқасы қапелемде еске түсе қояр ма. Сандырағымыздың талайы дәл келген соң футболдың есебін жорамалдауды қойған Шархан дос сияқты біз де оны қойғанбыз.

Қазір тек алдымыздағы адамның тырнағы боялмаса оған қарап ішке талай ой түйеміз. Өкпе дертіне шалдыққан адамның тырнағының түбі тым ағарып, өзі томпайып кетеді. Тырнақта ақ теңбілдер пайда болса, сусамырға қаралу керек. Көгерген тырнақ әлбетте, қан дұрыс бармағанның белгісі, тамыр мен жүректі тексерткен ләзім.  

Адам ағзасында бес саусақтың тырнақтарының да байланысты жері бар. Бас бармақты қазақ тегін солай атамаған, оның тырнағы мимен қатысты. Сұқ саусақтағысы өкпе мен қолқаға байланысты. Ортақ терек іш құрылысыңызда не болғанын байқатады. Шылдыр шүмектегі тырнаққа қарап бүйректің жағдайын біле аласыз. Жүрек пен қан тамырларының барысы шынашақтың тырнағынан аңғарылады. 

Шынында, сонау 1992 жылы АҚШ-та іссапармен жүргенде аяқ астынан жүрегіміз ауырсын. Қазіргі медициналық сақтандыру онда жоқ. Бір топ тілші Назарбаевтың БҰҰ-ға сапарын жазу мен көрсетуге барғанбыз. Жүрек ауырып тұрса, қайдағы жазу жазған? Сонда жағдайымызды байқаған фотограф Иосиф Львович Будневич «ең соңғы саусағыңның басын уқалай бер, жүрегің жазылады» деген. Басқасын қойып, тек екі алақандағы кішкене бөбектерді кезек уқалап жүріп, жүректің ауырғанын ұмытып кетіппіз. Бұл адамдар бірдеңе біледі. 

Сонымен автобуста қасымызда тұрған қыз қап-қара тырнақтармен косметика әлеміндегі түрлі жаңалықтарды қарау үшін смартфон шұқылап тұр. Оның іздегеннің бәрі біздің миымызда бар екенін қайдан білсін?..

Қайнар Олжай.

2018 жылғы көкектің 9-ы.

Астана.