22 қыр, 2020 сағат 11:30

Түймебаев Достық үйлерінің халықаралық форумына қатысты

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Достық үйлерінің халықаралық форумына қатысты. Мәскеу қаласында өткен халықаралық форум «Еуразияның достық көпірлері» деп аталды. Осы жиында сөз алған Жансейіт Қансейітұлы достық пен ынтымақтастық туралы баяндады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев еуразияшылдық достық пен антымақтастықтың аясындағы жаңа мәдени-тарихи құбылыс екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттердің Еуразиялық одағын қалыптастыру туралы» жобасын ұсынғанын еске салып өтті.

«Толыққанды халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ Еуразия халықтарын барынша жақындастыру үшін негіз болды. Бұл түбегейлі ойластырылған, нақты тұжырымдалған және негізделген жобаның идеясы мен рухы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің негізін қалады. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін еске салғым келеді: «Біз бір-бірімізге көмектеспей, тарихи тұрғыдан дами алмаймыз. Экономикалардың, тарихи-мәдени дәстүрлердің ортақтығы және менталитет – біздің қарым-қатынастарымызды нығайтатын негізгі факторлар»деген болатын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Түймебаевтың айтуынша, бұл идея планетаның ең ірі интеграциялық моделінің маңызды контурына ие болып отыр. Сондай-ақ, ҚХА Төрағасының орынбасары Қазақстан үшін бүгінгі іс-шара – Елбасының татулық пен келісім саясатының шығармашылық дамуы және сыртқы саясатта көрініс тапқан жалғасы екендігін атап өтті.

«Біле білсеңіздер, бұл 30 жылға жуық Қазақстанның ішкі саясатының мызғымас іргетасы болып табылатын интеграция саясатының жалғасы және «Әралуандықтағы бірлік» қағидатының іске асырылуы. Оның негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің үлгісі жасалды. Ол биыл өзінің 25 жылдығын атап өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қызметі арқылы іске асырылды. Саяси және қоғамдық институт ретінде Ассамблея инклюзивті қоғамдық-саяси құрылымға ие», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, Жансейіт Түймебаев айтып отырған құрылым 9 депутаттың атынан парламенттік өкілдігі бар және елдегі президенттік және билік вертикалі институтының ажырамас бөлігіне айналған. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының өзіндік құрылымы мен басқару жүйесі бар. Атап айтқанда, ғылыми-сарапшылық кеңесі, еліміздің ірі жоғары оқу орындарындағы ҚХА кафедралары, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, Журналистер клубы, Медиация желісі және т.б.

Қазақстан халқы Ассамблеясының моделін дамыту үшін маңызды шарттардың бірі Достық үйлері институты болды, бүгінгі таңда еліміздің барлық облыстарында ғана емес, көпэтносты аудандар мен қалаларда да 40-тан астап Достық үйі жұмыс істейді.

«Достық үйлерінің ғимараттарында 902 этномәдени бірлестік, оның ішінде 28 республикалық; 195 жексенбілік тілдерді оқыту мектебі, 248 тілдік топ; 303 шығармашылық ұжым; Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының 160 жастар ұйымы; Ассамблеяның 1411 медиаторлары, сондай-ақ медиация кабинеттері орналасқан. Достық үйлерінің жұмысына тұрақты түрде 438 мың адам тартылған», - деді Жансейіт Түймебаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Достық үйлерінің халықаралық форумына қатысты. Мәскеу қаласында өткен халықаралық форум «Еуразияның достық көпірлері» деп аталды.