23 қаң, 2017 сағат 10:23

Тұрсынбек Башар: "Қарашықта қараша тұр қалтырап"

Біз өз қатарымыздың, әсіресе, оның ішіндегі өз ортамыздың шығармашылығы туралы жылы лебізді де, қарсы пікірді де автордың алдына жайып салған емеспіз. Әгәрәки, өлең оқылғаннан соң көрсетілетін бас бармағымыз-ақ оның бағасын көрсетуі мүмкін. Бірақ, бұл бұдан артық ештеңе айта алмаймын деген сөз емес және әлгі автор «сендер осыған баға беріңдер» демейді де. Бір-біріміз үшін – «классикпіз!»

ҚазҰУ-дың 17 жатақханасында ақын көп, дұрысы «классик» көп! Төрт-бес жылдың көлемі болды, үзіліп барып, жалғасын тапқан «классиктер легі» толастар емес. Ақындар кетеді, өлеңдер қалады. («Ақын» деп баға бергеніме айып етпеңіз. Егер ол деген мұнша талаптарға сай болуы керек десеңіз, ақын – ең үлкен өлшем емес). Онымен қоса әдемі естеліктер қалады. Бұл естеліктер қаншама жаураған көңілді жылытатынын да біліңіз!

Аталған «классиктердің» ішінде де Тұрсынбек бар. Адамды қызғандыратын және жиі қызғандыратын да Тұрсынбек. Мұнысына жиі жазатыны сеп болатын шығар дейміз. Жиі жазудың да бірнеше себептері бар – өткенді жиі еске алу, жиі ғашық болу, жиі кітап оқу, т.б. Тұрсекеңнің жиі жазуына осылар қатты араласатын да болу керек. Ақынды осылардың ішінен басқа қайдан іздейміз?!..

Асылан Тілегенов

КИІКҚЫРЫЛҒАН 

Бұрынғы біздің бабамыз, 
Қайырып мың қой айдаған. 
Кешегі біздің даламыз, 
Қырында киік жайлаған. 

Атамыз біздің бай еді, 
Мамағашқа ат байлаған. 
Даламыз біздің бай еді, 
Қырында киік жайлаған. 

...Мәйханадан шығам да, 
Қайырып мың қой айдаймын. 
Далама қарап тұрам да, 
Мен де соны ойлаймын. 

Киік жоқ та күйік бар, 
Жетім дей бер түзді енді. 
Сайтан судан жиі ұрттар, 
Кешіріңдер бізді енді. 



*** 

Көшеде ару жылап барады, 
Бұлап барады неліктен? 
Көкжиекке ұза-ақ қарады, 
Өмір ме оны жеріткен?! 

Көз жасы жерге тамып барады, 
Жанып барады денесі. 
Көз ұшында ғайып болады, 
Ғайып болғаны... 
О, несі?! 

Өткен өмірін ойлап барады, 
Бойлап барады ұйыққа. 
Бір іске өзін сайлап барады, 
Сайтаны түртіп иықтан. 

Көз жасы жерге тамып барады, 
Налып барады ісіне. 
Денесін от қарып барады, 
Ұяты кіріп түсіне. 

Көшеде ару жылап барады, 
Құлап барады биіктен. 
Батқан күнге ұза-ақ қарады, 
Өмірді сонша сүйіп пе ең?! 



ПАРАДОКС 

Бақыттың көзі соқыр екен, 
Уақытта уақыт жоқ екен. 
Шындық ұйықтап жатыр екен, 
Жалғанның бүйірі тоқ екен. 

Айды көрдім сәуле шашқан, 
Күнді көрдім нұры жоқ. 
Батыраштар бәйге тосқан, 
Сөзді көрдім бүрі жоқ. 

Көпті көрдім адасқан, 
Топты көрдім қаңғырған. 
Епті көрдім таласқан, 
Айқай көрдім жаңғырған. 

Жолды көрдім жүрілмеген, 
Солды көрдім оң болар. 
Жылқы көрдім мінілмеген, 
Нөлді көрдім мың болар. 

Өлең көрдім жазылмаған, 
Қаған көрдім қаһарлы. 
Қәбір көрдім қазылмаған, 
Кезіп кеттім жаһанды. 


РЕТРО 

Бұл қала... 
Баяғыдай... 
Өзгермеген... 
Мен ғана... 
Саяқ жүрген... 
Сөзге ермеген. 
"Алтын" дейді кетпен сап кеңірдектер, 
Өмірінде бір ретте жез көрмеген! 

Әділдіктің ауылы көшкен төрем, 
Кіл пысық басқа шауып, төске өрлеген. 
Месқарындар мұнда да ішіп жатыр, 
Өмірінде бір ретте ас көрмеген! 

Үшбу хатты жолдадым... 
Төрем дедім! 
Көне ғасыр қайта айналып келер ме еді! 
Қыпшақ қылыш асынып төлеңгітің, 
Азбан мініп жаныңда жүрер ме еді. 

"Бір өзгеріс болады қара да тұр ", 
Өзімді алдап... 
Күз ауып бара жатыр. 
Сарыарқаның желіндей бұзып-жарып, 
Бір жарылыс болады санада ақыр. 

Бұл қала, баяғыдай... 
Ескірмеген... 
Сәл ғана бояу оңған көкшіл күннен. 
Үшбу хатты жолдадым жолдарменен, 
Өмірімде дәл сендей дос көрмегем. 



*** 
Боқырауда бота-жүрек боздадың, 
Өшіп қалған отты неге қозғадың?! 
Ғашық болған, өлең жазған басқа адам, 
Мен ештеңе жазбадым. 

Мына өмір баратқанда сұйылып, 
Қиялымнан сығалайсың қиылып. 
Сен де өтесің, Мен де өтемін өмірден, 
Өлең қалар жымиып... 

Қарашықта қараша тұр қалтырап, 
Мына әлем неменеге жылтырақ?!!! 
Ол да өтеді... 
Бәрі өтеді өмірден, 
Шындық қалар шырқырап! 

Неменеге есіме алам өткенді, 
Неменеге айта берем өкпемді. 
Танымаймыз бірімізді біріміз, 
Сен де Мені сөкпе енді. 

Боқырауда бота жүрек боздадың, 
Сөніп қалған қоламтаны қозғадың. 
Ғашық болған, өлең жазған... 
Ол еді... 
Мен ештеңе жазбадым. 

МЕТАМОРФОЗА 

Дүние өзгерместей көрінеді, 
Өзгертеді ертең-ақ Сені... 
Мені... 
Өз есімің өзгеге беріледі, 
Өз меншігің өзгеге телінеді. 

Бір сапарға тағы да аттанасың, 
Туғаныңа кезі кеп жат боласың. 
Біреулердің есінен өшіп кетіп, 
Өзгелердің жүрегінде жатталасың. 

Басқа таңды тағы да атырасың, 
Басқа күнді тағы да батырасың. 
Ана бақта серуендеп жүресің де, 
Мына бақта қамығып отырасың. 

Күн ескірер, 
Ай ескірер, 
Жыл ескірер, 
Жер ескірер, жермен бірге ел ескірер. 
Өзің, сөзің өзгеге айналады, 
Өмір өзі сәтінде көмескілер. 

Уақыт деген желдіріп желмаясын, 
Ол да шіркін, опасыз кімді аясын. 
Бәрі өзгерер... 
Мәңгілік не бар дейсің?! 
Несін, қарғам, ендеше мұңаясың! 

Ұлт порталы