07 мам, 2018 сағат 13:02

Тұрсынбек Башар. Киаростамидің күмәні

«Ажал— шындық, өлім – ақиқат болғанда, өмір – күмән!»

Менің күнделікті өмірім – бірсыдырғы! Жұмысқа барам – келем, келем-барам. Осылай бумеранг секілді қайталана береді. Біздің аудан — кедейлеу аудан. Жұмысқа бара жатқанда адамдардың аяқкиімдеріне қараймын. Олардың түсі әртүрл іболғанымен, формасы бірдей, яғни, ұзақ жаяу жүруге арналған бәтеңкелер. Сосын жалт-жұлт еткен жарығы, EXCHANGE деген жазуы бар ақша айырбастау орнындағы бүгінгі теңгенің құнын білдіретін курсқа қараймын.

$1- 336 тг
€1- 396 тг
R 1- 5,6 тг...

Ішімнен шүкіршілік етемін. Демек, біздің экономикалық ахуалымыз әзірге тұрақты. Кешегіден өзгермепті деймін. Ары қарай... жұмыс-үй, үй-жұмыс, қайталана береді.

Бүгін, осы темірдей тәртібімді бұзып жеміс дүкенінен шие сатып алдым. Бұрын мүлдем сатып алып көрмеппін.

Бірінші көрініс. БАДИ.

Бөлме. Жарық түсіп тұр. Ақырын Бади деп жазып көрдім. Жазуым сенімсіз болды ма, айқыш-ұйқыш шықты. Сонсоң қаламымды қаттырақ батырып БАДИ деп жаздым. Алдыңғысынан әдемілеу шықты.  Бади кім дерсіз? Бади – «Шие дәмі» фильмінің кейіпкері. Ал, ол фильмнің авторы көптеген кинематографтардың арманы, Кан фестивалінің гран приін («Золотая пальмовая ветвь») иеленген ирандық режиссер – Аббас Киаростами. Киаростамидің кейіпкері – суицид жасаған соң өзін көмуге адам іздеген кейіпкер. Бүкіл киноның желісі осы ғана. Алайда бұл бер жағы. Бади алдымен ол адамды базардан іздейді. Таба алмайды. Құрылыс нысандарынан іздеп жүріп тапқан екі адамы ақша туралы сөз бола бастағаннан-ақ, келіспей қояды. Жолда кетіп бара жатып көлігіне мінгізген жолаушы күрт жауынгері оның ұзақ монологынан кейін, өлгісі келетінін біліп, көмуге арналған орынды көрсеткеннен-ақ қашып кетеді. Ажалынан қашқан күрт-сарбазымен мен ажалымен бетпе-бет келе алмай жүрген Бадиді осы жерден тоқтата тұрайық та, режиссердің өзіне оралайық.

(Бади. «Шие дәмі» филмінен)

Киаростами бұл фильмін 90-жылдардың соңында түсірді. Ол уақытта ұзақ революциядан Иран мемлекетіндегі қоғам жаңарып, ескінің орнын жаңа басып жатқан кез еді. Бұл оның фильмінде де көрініс береді. Байқасаңыз, кинодағы оқиғалар ірі құрылыс нысандарының айналасында жүріп отырады. Киаростамидің шеберлігі сол – бүкіл бір Иран халқының проблемасын, бір ғана халық емес, бүткіл мұсылмандық шығыс халқының басындағы хәлді осы бір кішкентай ғана кейіпкерге сыйдыра білді. Яғни, ескінің орнын жаңа басып модернизацияға ұшырап жатқан заманда, мұсылмандық шығыс қоғамының дайын болмай шығуы. Діні, дәстүрі жоғалатын келешекке күмәнмен қарауы. Міне, сондықтан Киаростамидің кейіпкері өз-өзіне қол жұмсағысы келеді.

Екінші көрініс. Попкорндік фильмдер мен авторлық фильмдер

Тақырыпқа тұздық болу үшін кино өнерінің – попкорндік фильмдер, идеалогиялық фильмдер, авторлық фимльмдер болып бөлінуінен бастайық. Идеалогия ол... идеалогия. Оның зардабын да, пайдасын да бізден артық ешкім тартпаған болар. Ойдан ада, ойын-сауыққа құрылған фильмдерді – попкорндік филмьдер дейміз. Өнертанушылар мен кинотанушылар бұл фильмдерді әлдебір қызды қолтықтап барып, көңіл көтеріп көруге болмаса, нағыз өнерге жатқызбайды.  «Нағыз өнер деп – авторлық фильмдерді айтамыз. Қалғандары өнердің елесі», - дейді Қазақтың белгілі режиссері Дәрежан Өмірбаев. Талғампаз көрермен көріп, интелектуалды топтың бағалайтыны да осы соңғы сала. Сәйкестікті қараңыз ХІХ ғ. 60 жылдарында түрлі «измдердің» дамуына жол ашқан еуропа ақын-жазушылары еді (Ш.Бодлер, А.Рембо, О. Уайлд, т.б). Кейіннен  бұл «измдер» әлемді шарлады. Бірнеше өнер саласында түрлі формалардың тууына себеп болды. Кино өнерінде де солай, алғашқы авторлық фильмдер Франция мен Италия сияқты еуропа елдерінде пайда болып, бірте-бірте әлемге таралды. Бұл сәйкестік пе, әлде бір өнер өзенінің заман дамуына байланысты аунап түсіп, басқа арнада жаңғыра ағуы ма?

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Еуропа халқы жарқын өмірге ұмтылды. Оның, себебі кәрі құрлық соғыстан, қасіреттен шаршаған еді. Бұл жайт олардың өнерінде де көрініс бере бастады. Музыкада Битлз сияқты топтар пайда бола бастаса, киномотаграфияда авторлық кинолардың бастауында тұрған режиссерлер: Федерико Феллини, Жан-Люк Годар, Франсуа Трюффо, Микеланджело Антониони, т.б кино өнеріне жаңа толқын алып келді. Сыншылар аталған авторлардың туындыларында күйбең тіршіліктен де терең «бірдеңе» бар деп есептейді. Феллинидің «Тәтті өміріндегі» (Сладкая жизнь) жазушы Марчело соғыстан соң қайта құрылған қоғамнан шығармашылығына арқау ететін мән іздейді. Себебі, қоғам соғыс тақырыбындағы шығармалардан, жаңалықтардан, туындылардан шаршаған еді. Сексуалды ревалюцияны бастан кешіп жатқан бұхараға сол типті дүниелер қызық болатын. Феллинидің жазушысы өз кейіпкерлерін сондай, қайнаған ортадан іздейді.  Марчелло отбасысына, өміріне, байлығына, атақ-абыройына қызығатын бір сөзбен айтқанда өзі идеал санайтын досы – Штейнердің өз-өзіне қол жұмсауынан кейін кеудесінде бостық, хаос орнайды. Марчелода тек Бади секілді күмән қалады. Себебі, Штейнер өзімен бірге Марчелоның сенімін де арғы дүниеге ала кетеді. Феллини кейіпкерінің айналасындағы ойын-сауыққа берілген топқа мәнсіз көзбен қарауы есіңізге Кирастамидің Бадиін түсірмей ме? Бүлдіруге аңсары ауып тұратын, кез-келген іске жауапсыздықпен қарайтын, өз-өзіне өлім тілеген Годардің Мишелі ше? Достарымен қыдыруға барып, аралда жоғалып кететін Антонионидің Аннасы ше? Ол да қоғамнан бөлектенгісі, айналасындағы заман ағымынан тыс оңаша жерге кеткісі келді. Иә, кеткісі келді, дәл Бади секілді.

Федерико Феллини

Сондай, авторлық фильмдердің режиссері Андрей Звягинцев өзінің осы жылы түсірген «Нелюбовь» туындысында вертуалды өмірдің адам санасына қаншалықты қауіпті екенін ашып көрсетті. Бүгінгі қоғам шынайы өмірден гөрі вертуалды өмірді жақсы көреді. Себебі, олар шынайы өмірдегі күнделікті қайталанатын әрекеттерден қажыған. Вертуалды өмір — өзінің жарқ-жұрқ еткен түсімен, мега жұлдыздарымен және сол жұлдыздардың бір біріне ұқсамайтын саяхаттары, киімдері, ұстанатын заттары, тіпті, жейтін тамақтарына дейін өзіне еліктіріп әкетеді. Попкорн фильмдердің барынша жарқын түстерге толы болатыны сондықтан. 

«Бэтмен», «Супермэн», «Өрмекші адам» («Человек паук»), «Аватар», «Тарансформер»... тағысын тағылар. Бұл тізім осылай жалғаса береді. Аталмыш кинолардың сценариінің ұзын ырғағы мынау: өзге ғаламшардан келген немесе аяқ астынан пайда болған апатты, жауды басты кейіпкердің жеңіп шығуы. Бүкіл әлемді жалғыз өзі құтқаруы. Көрермен екі сағат ішінде сол «дұшпандарды» өзі жеңгендей трансқа түседі. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытады. Попкорндық фильмдер – жеңіл наркотикті препараттар деп ойлаймын. Яғни, Эгоның қаһармандыққа ұмтылуы.

Андрей Звягинцев

Үшінші көрініс. ДІН

...Адамзат қан төгіспей тұра алмаған. Әсілі, бұл Қабылдың Абылды өлтіруінен басталса керек. Өркениеттің дамуы мен адам қолындағы қару, соғысу тәсілі өзгергенімен, түпкі мән – қан төгу өзгермеген. Қаһармандық – адам туғалы пайда болған дерт немесе жазылмас жараның тәнді меңдегені сияқты жанды кеміру дерті. Киаростами кейіпкері ерлікке ұмтылмайды. Ол – кішкентай адам. Ол – даму сатысындағы қоғамның айнасы. Ол – сыртқы жау емес, ішкі жаумен айқасады. Эгосымен арпалысқа түседі. Дініне берік, дәстүріне адал ата-бабасы салып кеткен соқпақ жолдан шығып, тас жолмен жүргісі келмейді. Құдды Поллоктың шым-шытырық картиналарындай күрмеулі жіптің ұшын таба алмайды. Одан гөрі тұйық жолды абзал көреді.

Тақырыпқа қайта оралайық. Сонымен, кейіпкер Бади өзін көметін адамды таба алмай шарқ ұрады. Тағы бір кездескен студент күнә туралы пәлсапа оқыса, киноның шарықтау шегіне жеткенде кездескен қария оның өзіне де, сөзіне де, көрсеткен моласына да таңқалмайды. Бір кездері жаңадан үйленіп, отбасылы өмірге аяқ басқанда өлгісі келгенін айтады. Суидцид жасау мақсатында таңертең тұрып  шие ағашына барады. Ағашқа лақтырған арқан биіктегі бұтаққа жетпей, оның үстіне шығады. Арқанды байлап отырғанда қолы әлдебір жұмсақ нәрсеге тиеді. Қараса уылжып пісіп тұрған шие екен. Біреуін аузына салады. Таңдайында еріп кетеді. Тағы біреуін жейді. Тағы  жейді... Осылай ағаш үстінде отырып ақшулан таңға қарайды. Бозарып  шығып келе жатқан күнге қарайды, мектепке бара жатқан балалардың бейқам сықылықтаған күлкісіне қарайды. Жан дүниесі түлеп сала береді. Ол үшін өмірдің бояулары өзгергендей еді. Ағаштан ақырын түсіп әйеліне шие апарып береді... Қарияның әңгімесінің ұзын-ырғасы осындай. Қысқасы, Бади өзін көмуге қарттан келісім алады. Іздеген адамын табады. 

Микеланджело Антониони

Сол, түні ол шарбы бұлттар артындағы айға қарайды. Моласының басында отырып күреңітіп, атқан таңға қарайды, желге қарайды...

Қараңғылық қамауында отырып қалтасынан әлденені алып жейді. Міне, әлі күнге дейін дау туғызып келе жатқан кадр. Журналистер, көрермендермен біздің келіспейтін тұсымыз осы. Олар мұны снатворние, яғни, мәңгі ұйқыға кетіретін дәрі деп есептейді. Біздіңше, ол – шие еді.

Киаростами парсы ұлтынан. Діні ислам. Оның кейіпкері де мұсылман. Демек, Құдайдың адамның өз өзіне қол салуға тыйым салғанын жақсы біледі. Бұл фильм барысында айтылады. Енді, бір сәт шиеге мән берейікші. Немесе киноның неге « Шие дәмі» аталуына. Құранның Бахара сүресінің 35-36 аяттарында: «біз Адамға « Ей, Адам, сен, жұбайыңмен жаннатта болыңдар. Ондағы нарселерден қалағанша ішіп жеңдер. Бірақ мына дарахқа (оның жемісіне) жоласаңдар жазықты боласыңдар»  дедік.

Сонда шайтан бұл екеуін азғырып жаза басқызды (жемеңдер деген жемісті жегізіп жазықты етті). Сөйтіп, оларды сол мекеннен (жаннаттан) қудырды. Оларға: (Адамға, Хауаға, Ібіліске) енді бір-біріңмен бақас күйінде жержүзіне түсіңдер. Мерзімді шаққа дейін жержүзін тұрақ етіп, жерден пайдаланыңдар» дедік.

Қасиетті Құран Кәрімде жемістің аты аталмайды. Мұны біздің білуіміз де міндетті емес. Тағы, бір Тәңірден түскен кітап Інжілде де жемістің аты аталмайды екен. («Адаму же сказал: за то, что ты послушал голоса жены твоей и ел от дерева, о котором  Я заповедал тебя, сказав: «не ешь от него», проклята земля за тебя; и будешь; со скорбию будешь питаться от нее во всей жизни твоей»)  Демек, бұл шие болуы әбден мүмкін ғой.

Киаростами оны шие деп алды. Бади шие жеп отырып өзінің арғы атасын, Адам атасын еске алған болуы керек. Жәннаттан бекерге қуылмағандығын, Тәңірдің үкімі жеткенше осында – жерде өмір сүруі міндетті екенін түсінген болуы қажет.

Жан-Люк Годар

Автор осы фильмнен кейінгі бір сұхбатында «кино неге түсініксіз аяқталды, оның соңында деректі сюжеттер не істеп жүр» деп қойылған журналистердің сұрағына: «Мен туындымды бұлай көңілсіз аяқтағым келмеді. Сосын 19 жастағы ұлым түсірген деректі сюжеттерді қостым. Байқасаңыз онда әскерилер жүгіріп жүреді. Қыстан кейін көктем келген, көлеңкелер жайқалып тұрады, өмір жалғасуда. Бұл фильм өмір жайлы еді. Басқа ештеңе», - дейді.

Біз де осыған келісеміз. Бұл өмір жайлы фильм еді. Күмән жайлы фильм еді.

Тағы бір сұхбатында: «Елестетіңізші, өмір бір қараңғы бөлме және онда менің қалғым келмеді. Сондықтан, барып терезені аштым» дейді. Автор бұл туындысымен бүкіл мұсылмандық шығыстың терезесін Еуропаға ашты деп ойлаймын. Шығыс философиясында шие – жаңа өмірдің бастауы саналады. Демек, Киаростамидің шие тақырыбына баруы кездейсоқ емес. Кейіпкердің өз моласын күзетіп отырып осынау мәуені жеуі де (біздің пайымдауымызша) тегін емес. Бәлкім, режиссер «Шие дәмі»  арқылы өз халқына, модернизмге дайын болмаған барлық қоғамға жаңа өркениетке бейімделуге шақырғаны болар. Ұлт боп жойылып кеткеннен  гөрі гибридтелуге үндегені болар. Өмір һәм өнер ағысымен келген  бұл иірімнің тұңғиығына шөгіп кеткенен осыны жөн санағаны болар. Десе де Киаростами –  парсы халқына, бүткіл мұсылмандық шығыс қоғамына жаңа ғасыр табалдырығынан «шие дәмін» сездіріп аттатты.

Аббас Киаростами

Төртінші көрініс. Соңы.

Таңертең жұмысқа кешігіп қалыппын. Тұра салып сыртқа жүгірдім. Ақша айырбастау орнындағы таблоға бір қарадым да, көптеген жайтабандардың арасына күмп беріп сіңіп кеттім. Саусақтарымды тістелеген қабаған аяздан қорғану мақсатында қолымды қалтама салдым. Қалтамда кеше сатып алған шиеден екі-үш талы қалыпты. Біреуін алып аузыма салдым. Таңдайымда күмәннің дәмі еріп бара жатты. Бұл – әлдебір жазушының атылып өлуге, қайсібір ақынның асылып өлуге ұмтылатыны сияқты тәтті сезім еді.

Тұрсынбек БАШАР