19 ақп, 2019 сағат 11:10

Тұрмысы төмен жастардың жобаларына 1 млн теңгеден грант беріледі

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған алматылық жастарға Бүкіләлемдік банк 1 млн теңгеден грант бөлетін болды, деп хабарлайды Алматы кәсіподақтар аймақтық бірлестігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі (Бүкіләлемдік банк) «Zhas Project» жобасын жүзеге асыру туралы келісімге келді. Бұл жоба әлеуметтік жағынан аз қамтылған жастарды әлеуметтік және бизнес жобаларға тартуға бағытталған. Жоба биыл Қазақстанның 6 өңірін: Ақмола, Атырау, БҚО, Маңғыстау, Алматы, Астана облыстарын қамтиды. Әр грант иегеріне 1 млн теңге беріледі. Қазір жергілікті аймақтарда аталған байқау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жақында Астанада «Zhas Project» жобасының әріптестері үшін бағдарлы семинар өтті. Семинарды Жастар корпусын дамыту жобасын іске асыратын үйлестіру агенттігі ұйымдастырды. Жобаны іске асырушы - Қазақстан Республикасының Білім  және ғылым министрлігі.

Семинар аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, өмірлік дағдылар тұжырымдамасын түсіну, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз жастар тобымен және жастар бастамашыл топтарымен жұмыс істеу негіздерін, жобаның жұмысын түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен жұмыс істеу дағдыларын нығайту үшін ұйымдастырылды. Үйлестіру агенттігінің мамандары жобаны жүзеге асырудағы екі жылдық жұмыс тәжірибесімен және еліміздің алты өңіріндегі одан әрі жұмыс істеу жоспарларымен бөлісті.

2017 жылы осы бағытта 589 әлеуметтік жоба іске асырылған болатын.